Жәнібек ауылы жылдан жылға көркейіп келе жатқан сәтте, төрт түліктің көшелерде «көшіп» жүргені көңіл қыңжылтады. Олай дейтініміз, әлгі малымыз жасыл өскіндерге жаудай тиіп, жапырып барады. Сонымен қатар көшелердегі жылқының бей-берекет тезегі мен сиырдың жапасы былайғы жұртшылыққа жайсыздық әкелуде. Ауылдағы қаңғыбас иттер мен мысықтарды ұйықтатып, атып құтылатын еді, енді осы «қаңғыбас» мал ауылдың көркеюіне кесірін тигізбесе игі. Ал мал қожайындары бейқам. Оларға осы тірлік ұнайтын сыңайлы. Шаһарымыздың шырайына кері әсерін тигізіп жүрген осынау кереғар көріністер жиілеп кетті.
Осыған орай Жәнібек ауылдық округінің әкімдігі, аудандық ветеринариялық және жергілікті полиция бөлімдері қазіргі уақытта ауыл ішінде иесіз бос жүретін төрт түліктер көбейіп отырғанына байланысты арнайы отырыс жасады. Онда ауыл ішінде қараусыз жүрген малды тиісті орындарға қамау жұмыстарын жүргізу туралы мәселесі қаралды.
Жиында сөз алған Жәнібек ауылдық округінің әкімі Абзал Қаратаев мал иелеріне ескерту ретінде Заңға сүйеніп, қорытынды шешім қабылдады.
-«Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 2014 жылғы 5 шілдедегі №235-V ҚРЗ 505-бабында «Қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру» делінген. Осыған орай жеке тұлғаларға – 20, шағын кәсіпкерлік немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 30, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 40, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Ал, аталған баптың бірінші бөлігінде, егер әкімшілік жаза қолданғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет болса, онда жеке тұлғаларға – 30, шағын кәсіпкерлік немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 40, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 50, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 300 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады,-деді ауыл әкімі.
Ауылымыздың көркеюі мен абаттануына кесірін тигізіп, теректер мен егілген гүлдерді сындырып, аула мен көшелерді бүлдіріп жүрген мал арнайы орынға қамалып, тиісті органдармен хаттама толтырылып, иелеріне ескерту беріледі. Кейін қайталанған жағдайда айыппүл салынады.
Гүлзара ЕСЕНҒАЛИ