26.01.2021, 12:20
Қараулар: 667
ЖӘНІБЕК ЖАСТАРЫ ЖАРАП ТҰР

ЖӘНІБЕК ЖАСТАРЫ ЖАРАП ТҰР

Жеті жұрттың қамын жеп, туған ауыл дегенде тосылмай қызмет қылатын азаматтардың арқасында ауыл гүлденеді. Соның ішінде ауылдың болашағы – жалындаған жастардың қолында. Күш-жігерін, жастық жалынын отбасына ғана емес, өскен ортасына да арнау – үлгілі іс. Тәуелсіз еліміздің жастары жігерлі, жанжақты, жалындап тұр. Олардың өмірге, қоғамға деген көзқарасы өзгеше. Расында, қазіргі жастардың мүмкіндігінде шек жоқ. «Болмайды», «Қолымнан келмейді», «Істей алмаймын» дегенді білмейді. Олар үшін бәрі мүмкін. Өйткені олар – жастар! Жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық басшысы Мирас Иманғалиев аудан жастары белсенді екенін айтады.

– Орталық аудандық деңгейде мемлекеттік жастар саясатының іске асырылуына қолдау көрсету үшін ұйымдық-құқықтық нысанда құрылған. Заңды тұлға мәртебесіне ие коммерциялық емес ұйым болып табылады. Мекеме аудан әкімдігінің 2014 жылдың 24 сәуірдегі №105 қаулысымен құрылды. Қазіргі таңда 15 қызметкер – бір басшы, бір есепші, бір заңгер, тоғыз кеңесші, бір теолог, бір көлік жүргізуші, бір техникалық қызметкер жұмыс істейді. Жәнібек ауданының сегіз ауылдық округінде бір-бірден жастар кеңесшісі бар. Орталықтың мақсаты – 14-29 жас аралығындағы ауыл жастарын белсенді өмірге тарту, оларды жан-жақты дамыту үшін жағдай жасау. Мәселен, жастар үшін түрлі шаралар ұйымдастырып, заңгерлік, теологиялық, жеке және өзге де мәселелерге қатысты, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға» арналған бағдарламасымен тұрақты жұмысқа орналасуға, уақытша жұмыспен қамту, «Жастар практикасы», «Жасыл Ел», «Студенттік құрылыс жасағы», «Дипломмен – ауылға» бағдарламалары мен жобалар бойынша кеңес береміз.

ЖАСТАРДЫҢ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛУЫ

Қазіргі таңда «Жастар практикасына» жолданған жастар саны – 102, «Жасыл ел» бағдарламасы аясында – 32, «Дипломмен ауылға» жобасы аясында тұрғын үй сатып алуға бюджеттік несие алған 9 жас болса, көтерме жәрдемақы алғандары – 33. Тұрақты жұмысқа орналасқан жастар – 6. «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 21 жас еңбек етті. Несие алған 53 жас өз кәсібін бастап, кейбірі кеңейту бағытында жұмыстануда.

 

ЖАСТАР ЖЫЛЫНДА БОЛҒАН ЖАҢАЛЫҚТАР

Өткен Жастар жылы аясында өңірімізде «Zhas Project» жастар корпусын дамыту жобасы іске қосылды. Мақсаты – жастарды қоғам өміріне тарту, пайдалы қызмет дағдыларына оқыту. Жобаның қатысушылары үш кезеңдік оқытудан өтіп, алты ай бойы өз әлеуметтік жобасын іске асырады. Сондай-ақ ай сайын шәкіртақы алады. ЖОО-ның түлектері 60 000 теңге, қалған қатысушылар 40 000 теңге алады. Сонымен қоса барлық қатысушы өз жобасын іске асыру кезінде менторлардың қолдауын алады.

ҚАЙТАРЫМСЫЗ ГРАНТ – ЗОР МҮМКІНДІК

Аудан бойынша 31 жоба тапсырылып, 10 жоба үш кезеңнен тұратын байқаудан өтіп, 1 млн. теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантқа ие болды. Грантқа ие болған үш жоба – мал шарушалығы, бір жоба – жылыжай, бір жоба – Playstation клуб, бір жоба – тәтті тағамдар, бір жоба – қазақша style, бір жоба –«Айнұр» шаштаразы, бір жоба – «Ақтоты» сән салоны, бір жоба қыз жасауы бойынша кәсібін қолға алды. Грантқа ие болған жастардың ішінен Елдос Сағадатовты аудан жұртшылығы жақсы таниды. Өнері өрге жүзген жас өрен Инстаграм желісі арқылы қолынан шыққан бұйымдарын еліміздің түкпіртүкпіріне жіберіп, кәсібін дөңгелетіп отыр. Еңбекті жаны сүйетін Ерлан Мәмбетов те қайтарымсыз грантты тиімді пайдаланды. Жылыжай жобасы ойдағыдай іске асып, еңбегінің жемісін көрді. Тәтті тағамдарды пісіруді көздеген ақобалық келіншек Аягөз Батанова қолға алған кәсібін тастамайтынын айтады. – Жастарға қолдау жасау – құптарлық іс. Мамандығыма сәйкес жұмыс таба алмағасын, кәсіппен айналысуды жөн көрдім. Тамақтың түртүрін жасағанды жаным қалайтын. Осы құштарлығымды кәсіпке айналдырғым келді. Қайтарымсыз несие алып, өзіме қажетті үлкен пеш, коктейль, мақта аппараттарын алдым. Қосымша тағы біраз дүниелерге қол жеткіздім. Бастапқыда бағдарлама талабы бойынша алты ай бойы пісіріп-түсірген тәттілерді көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға, үлкен адамдарға тараттым. Сондай-ақ екі қызды жұмыспен қамтыдым. Қазір «Ерсұлтан» жеке кәсіпкерлігі иесімін. Күнделікті тәтті пісіру табыс көзіме айналды. Негізінен нан, торт, тәтті бәліштер пісіремін. Ауылдастарымнан сұраныс бар, – дейді Аягөз. Борсы ауылының тұрғыны, «Роман» шаруа қожалығының жетекшісі, қайтарымсыз грант иегері Дәулет Ибатов грант қаражатына бұзаулы үш сиыр алған. Аягөз секілді алты ай бойы мұқтаж отбасыларды сүт, май, қаймақпен қамтыған. Бүгінде грант арқылы қол жеткізген мал саны тоғыз басқа өскен. – Ауылдың сәні – мал. Мал кетсе, ауылдан мән кетеді. Мал шаруашылығы – ауыл шаруашылығының күрделі бір саласы. Сонысына қарай оны жанжақты игерсек, өте берекетті сала деуге болады. «Zhas Project» жобасына қатыспас бұрын, дәлірек айтсам, 2018 жылы «Сыбаға» бағдарламасы аясында 1 млн. 700 мың теңгеге 10 аналық бас сатып алған болатынмын. Бүгінде мал шаруашылығын қолға алдым. Жеке шаруа қожалығым бар. Қожалықты жүргізу – оңай шаруа емес. Жас кездегі күш-жігер, арман, мақсат кез келген қиындықты жеңіп шығады. Жоспарым көп. Әзірше мал санын көбейтіп, шаруа қожалығымды жандандыру жолында еңбек етудемін, – дейді ол.

ЖАСТАР СЫЙЛЫҒЫ ЫНТАЛАНДЫРАДЫ

Ауданның өркендеуінде айтулы қолтаңбасы бар жандардың еңбегін жастарға ұлықтау мақсатында жыл сайын жас мамандар арасында «Жыл үздігі» жастар сыйлығы ұйымдастырылып тұрады. «Үздік жас ұстаз» дипломанты Балауса Есқалиева «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы арқылы туған жеріне еңбек етуге оралған. Балауса ауылға келгеніне еш өкінбейді. – 2011 жылы Ө.Сахипов атындағы орта мектепте еңбек жолымды бастадым. Мамандығым – педагог-психолог. Қазіргі уақытта мектепте мұғалімдефектолог болып қызмет атқарамын. Ерекше білімді қажет ететін балалармен жұмыс істеймін. Оқушыларымның титтей де жетістігі – мен үшін зор қуаныш. Ізденгенді, қосымша оқығанды, шығармашылық жұмыстарды жаным сүйеді. Талабыма баға беріп, аудан жастары арасынан «Үздік жас ұстаз» атағына лайық деп танылуымның өзі – мен үшін мәртебе. Мұндай марапаттар адамға шабыт береді. Жалпы жастардың қолынан бәрі келеді. Ең бастысы, мақсаттары айқын болуы керек, – дейді мұғалім.

Әсемгүл ӘБДІЛДА

Ауыл тынысы

Басқа да мақалалар