26.01.2021, 12:26
Қараулар: 73
Мақсатымыз — терең білім, өнегелі тәрбие

Мақсатымыз — терең білім, өнегелі тәрбие

 

Жас ұрпаққа заманауи терең білім мен ұлттық болмысымзға негізделген өнегелі тәрбие беру – білім беру саласының ең басты міндеті. Ауданымызда осы бағытта атқарылып жатырған жұмыстар қарқынды.

Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Бағида Сарбалина биылғы жыл ұcтаздар үшін ерекшеліктерге толы екенін айтады.

—  Жыл басында «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданып, мұғалім имиджін көтеруге үлкен бастама болды. Бүкіл әлемге тараған пандемияның салдарынан қашықтықтан оқытуға көшіп, білім саласының қызметкерлеріне ауыртпашылық артты. Ауданда 15 жалпы білім беретін мектеп бар. Олардың ішінде 10  орта, 2 негізгі, 3 бастауыш мектеп бар. Былтырғы оқу жылында аудан бойынша 114 түлек, оның ішінде 21 «Алтын белгі» және 4 ерекше үлгідегі аттестат иегерлері мектепті бітірді. Ұлттық бірыңғай тестілеуге 103 түлек қатысып, бүгінгі күнге 56 түлек жоғары оқу орнының мемлекеттік грант иегері атанды.

Биылғы 2020-2021 оқу жылын 2619 оқушымен бастадық. Бірінші класқа электронды сервис арқылы 217 оқушы қабылданды,-дейді ол.

Мектептер екі форматта оқуда

Аудан орталығындағы 3 мектеп пен М.Ықсанов атындағы мектеп-балабақшасында кезекші сыныптармен қашықтықтан оқуда. Қалған 11 мектепте 1-11 сынып оқушылары штабтық форматта оқиды. Бұл шешімге келмес бұрын мектеп әкімшіліктері әрбір ата-ананың пікірін ескерді. Ө.Сахипов, Ғ.Абдуллин, Т.Жароков атындағы мектептердің жанындағы интернаттар ыссы тамақпен қамтылып, бұрынғыдай жұмысын жалғастыруда. Қашықтықтан оқыту форматында оқушы мен мұғалім арасында байланыс орнату мақсатында аудан орталығындағы 3 мектеп «Online Mektep» платформасымен келісімшартқа отырды. Сондай-ақ биылғы жылы 5 модульдік «Қашықтан оқытуды үйренемін» атты онлайн курс өтіп, одан аудан мұғалімдері түгел қатысып, сертификат алды. Ал әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушыларға барлығы 111 техникалық құрал-жабдық таратылды.

Білімге қолдау – ең ұлы, сарқылмайтын жақсылық

Хадисте амал кітабын қиметке дейін үздіксіз сауапқа толтыратын үш амалдың бірі хайырлы ілім, салиқалы ұрпақ тәрбиесі делінген. Сондықтан білім үшін  құйылған ақша – сауап болып есептеледі. «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша білім беру бөліміне бір жылда қыруар қаржы бөлінді. Мәселен, аталмыш бағдарлама негізінде 147 млн. 427 мың теңге қаржы бөлініп, мердігер «Қалдығайты» ЖШС-ның күшімен күрделі жөндеуден өткен Ғ.Абдуллин атындағы орта мектепті атап өтуге болады. Жаңарған мектеп пайдалануға берілді. Аталмыш бағдарлама негізінде Жақсыбай ауылындағы М. Ықсанов атындағы орта мектепті жаңарту жұмыстарына 270 млн. 659 мың теңге бөлініп, жөндеуді  қазан айында аяқтау жоспарланған.

Сондай-ақ А.Оразбаева атындағы негізгі мектебі жанынан жаңа асхана ашылып, қолдануға берілді. Нақтырақ айтсақ, бұрынғы спорт зал күрделі жөндеуден өтіп, асханаға бейімделіп салынды. Күрделі жөндеу жұмыстарын Орал қаласындағы «Dizain» ЖШС атқарды. Бұған жергілікті бюджеттен 24 млн 894 мың, 479 теңге қаражат бөлінген.

Жергілікті бюджеттен бөлінген  11 млн. 424 мың теңге қаражатқа «ЖәнібекТрансСервис» ЖШС құрылысшылары № 1 мектеп-лицейге спорт алаңын бір айдың ішінде салып берді. Спорт нысанының көлемі 15*35 шаршы метр.  Жоғарыда көрсеткеніміздей, биылғы оқу жылында білім саласына қыруар  қаражат бөлініп, жергілікті тұрғындар жұмысқа тартылды.

Әдістемелік кабинетте жаңалық көп

 Бөлімнің әдістемелік кабинет меңгерушісі Аққу Нұрғалиева аудан мұғалімдері мен оқушылардың түрлі байқау, олимпиадаларға қатысуы жоғары деңгейде екенін айтады.

-Республикалық, облыстық, аудандық білім додаларынан жетістіктер көп. Қандай шарадан болмасын қалмайды. Тіпті қашықтан оқу кезінде де онлайн байқауларға белсене қатысуда. Олардың шығармашылық шыңдалуына біздер, яғни әдіскерлер жауап береміз. Бас мамандар Нұрлыбек Жакин мен Маркс Нұфтығалиевтің қызметтерінде де жауапкершілік жүгі салмақты.   Бізде әдіскерлердің басым бөлігі жастар. Оның себебі де бар. Санаты мен тәжірибесі жалақыға қоса есептеліп төленбегесін аз жалақыға тәжірибелі ұстаздар келгісі келмейді. Сондықтан кадр тапшы. Алайда жас әдіскерлердің белсенділігін атап өткім келеді. Олар бізден үйренеді, біз олардан үйренеміз. Өйткені олар ақпараттық технологияны жетік меңгерген. Жаңа технологияны жақсы білетіндіктен, олармен жұмыс жасау жеңіл. Үйренеріміз көп. Облыстық «Үздік әдіскер» аталымына ие болған бастауыш сынып мұғалімдерінің әдіскері Толқын Кисекова ұзақ жыл бойы білім беру бөлімінде қалтқысыз еңбек етуде. Мектептің қазанында қайнап, әкімшілік қызметте шыңдалған тәжірибелі ұстаз, бүгінде  биология, география, химия  пәнінен әдіскер Жанар Мұхтарова, әлеуметтік-психологиялық қызметті үйлестіруші әдіскер  Замзагүл Макишева, кадр бойынша әдіскер Гүлнұр Есенбаева, кітапхана ісі, және орыс тілі, ағылшын пәнінен әдіскер Қарашаш Рамазанова, мектепке дейінгі ұйымдардың әдіскері Римма Темірова, информатика пәнінен Гүлмира Рамазанова, математика пәнінен әдіскер Нұрлан Әбесовтің өзіндік орны бар. Олардың республикалық, облыстық деңгейде түрлі марапаттары да еңбектерінің жемісі. Алдағы уақытта қосымша білім беру, кітапхана жұмысы, тарих пәнінен әдіскерлерге жаңа штатар ашылады. Қазіргі таңда бос орын қазақ тілі мен әдебиеті, физика, дене шынықтыру пәні бойынша әдіскерлерге орын бар.

«Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданғаннан кейін  қағазбастылықтан арылып келеміз. Қашықтан оқыту форматына көшкелі көптеген жаңа технологияны меңгеріп, өзіміз де курстардан өтіп, тәжірибе жүзінде біраз жетілдік,-дейді Аққу Амангелдіқызы.

Есепшілердің ерен еңбегі

Білім беру ұйымдарының есеп жұмыстарын орталықтандырылған бухгалтерия атқарады. Бөлімде өз ісін жетік меңгерген есепшілер жұмыс жасауда. Табандылық пен шыдамдылықты қажет ететін кәсіпті жетік игерген бас есепші Асхат Жамиев, бас есепші орынбасары Балжан Құсайынова, есепшілер Надия Каюпова, Эльвира Сүндетәлиева, Марина Иманғалиева, Гүлжан Мырзағалиева, Айнұр Ералиева, Мейрамгүл Қуанәлиева, Назерке Нұралиева, Өмірбек Құжақов, Айгүл Түйебаева, Динара Құсайынова, Сұлушаш Сырымовалар аудандық білім беру бөлімінің қаржы саласында еселі еңбек етуде. -Есепшілеріміздің арқасында ай сайын  800 млн. теңге игеріледі. Ең қомақты қаржы білім саласында екенін ескерсек, біздің есепшілеріміздің жұмысы көп еленбейді, бірақ жауапкершілік пен кәсіби біліктілікті қажет етеді. Осы ретте қаржы саласындағы әріптестерімнің еңбегі ұшан-теңіз,-дейді Бағида Диясқызы.

 

Ә. ҚУАНҒАЛИЕВА

Ауыл тынысы

Басқа да мақалалар