27.01.2021, 10:04
Қараулар: 55
Кітапхана – руханият мекені

Кітапхана – руханият мекені

Жәнібек ауданы орталығындағы кітапхана облыстағы ең көне кітапханалардың бірі. Кітапхана ХХ-шы ғасырдың жиырмасыншы жылдары 500 дана кітап қорымен оқу үйі болып ашылды. «Прикаспийская Правда» газетінің 1935 жылы 24 қантардағы санында «Клубтың ауласында, жылытылмайтын суық бөлмеде Жәнібек аудандық кітапханасы орналасқан, бөлменің терезесі әйнектелмеген, кітап өте аз, олардың өзі еденде, жерде, пеште орналасқандығы жазылған». Ол туралы 1935 жылдың ақпанында Н.Крупская сол кездегі Казкракомның ВКП(б) хатшысы Л.Мирзоянның атына кітапханалардың материалдық жағдайының қиындығын, соның ішінде Жәнібек аудандық кітапханасының жұмыс ахуалының өте нашарлығын көрсетіп: «В тяжелом положении находятся районные библиотеки. Например, Джаныбекская районная библиотека находится в неотремонтированном помещении, окна не застеклены, дверь худая, в библиотеку падает снег. Библиотечного инвентаря нет, книги разбросаны на полу, на лавках, на печке» деп хат жолдаған.Н.Крупскаяның хаты аудан кітапханалары жағдайының жақсаруына зор ықпал етті.

Аудандық кітапханада Тұрсын Өтекешова (1937 ж.), Анаргүл Құсайынова (1951 ж.) қызмет атқарғаны жөнінде деректер бар. 1930 жылдары облыстық кітапхана жанынан бір жылдық курс ашылып, ауыл кітапханашылары өз білімдерін жетілдерген. Бұл кездерде ауылдарда «Қызыл отаулар ашылып, жұмыстар жүргізілген. 1958 жылы Алматы қаласында өткен республикалық кітапханашылардың I съезіне мүше болып Тау ауылдық кітапханасының негізін қалаушы Ғайнолла Мұқанбетжанов қатысып қайтты. 1959 жылы атқару комитетінің сессиясында кітапхана үйін кеңейту туралы шешім қабылданды. Ал 1960 жылы арнайы күрделі жөндеуден өткізу үшін есеп ашылып, қаржы бөлінді. 1950-1960 жылдары кітапханалар көптеп ашыла бастады. Борсы, Қамысты, Күйгенкөл, Қайрат, Ұзынкөл, Талов кітапханалары ғылым мен білімге, жаңалыққа құштар адамдар үшін киелі шанырақ болып, олар ортақ қазыналардың көзін байытуға белсене қатысты. 1978 жылы Жәнібек аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі құрылды. Орталықтандырылған кітапханалар жүйесін 1976-1986 жылдары Мақпал Ғазезова, 1986-2002 жылдар аралығында Бәтес Құмарова, 2002-2015 жылдары Мархаба Нәріновалар басқарған. 2015 жылдың желтоқсанынан Светлана Джукина басқарып келеді.

Кітапхана ардагерлері қатарында 1979 жылы «Мәдениет саласына еңбегі сіңген» Кама Нығметова, Улия Туманова, Тойған Гұбашева, Насиха Абдуғалиева, Алтынай Жолдыбаева, Нәсіп Рамазанова, Жаңыл Дүйсенова, Жұмағаным Харесова, Маржан Әбдірахманова, Гүлжамал Қуатова, Мәриям Жұмабаева болған. Жәнібек аудандық кітапханасына көптеген аты шыққан өнер иелері, ақын-жазушылар келген. Мәселен, 1966 жылы Қазақ-Совет әдебиетінің Орал облысындағы апталығы кезінде Ғ.Мүсірепов бастаған ақын-жазушылар тобы Жәнібек ауданын аралап, жұртшылықпен кездескен. Құрамында белгілі жазушы Х.Есенжанов, ақындар Қ. Шаңғытбаев, С.Жиенбаев, Ғ.Қайырбековтер болған. 1975 жылы С.Сейітов, 1976-1980 жылдары Ә.Нұрпейісов шығармашылық сапармен, 1978 жылы ақын Т.Жароковтың 70 жасқа толуына орай ақынның жанұясы мен Ж.Молдағалиев, Х.Ерғалиев келген. 1988 жылы ақын Т.Жароковтың 80 жылдығына ақын С.Сейітов пен жазушы Ә.Тарази келіп оқырмандармен кездесу кешін өткізіп, қолтаңбаларын қалдырған. 1998 жылы Алматы қаласында өткен республикалық кітапханашылардың II съезіне делегат болып сол кездегі ОКЖ-нің директоры Бәтес Құмарова қатысып, кітапхана тарихынан өз орнын алған. 2005-2008 жылдары аралығында ауданға өнер сапарымен келген күйші, профессор Айтжан Тоқтаған, ғалым журналист Мақсат Тәжмұрат, тарих ғылымдарының кандидаты Исатай Кенжәлиев, ақын Ақұштап Бақтыгереева, жазушы Сара Латиева, жерлес ақындарымыз Айтқали Нәріков, Қайрат Жұмағалиев, режиссер Досхан Жолжақсынов, ҚР еңбек сіңірген әртістері Мерует Өтекешова мен Құман Тастанбеков келген.

— Кітапхана оқырман үшін үлкен тәрбие мектебі, сансыз сұрақтардың жауабын табуға болатын киелі орын. Жаңа Қазақстанның әлемдегі өз орнын айқындаған шағында, қазіргі кітапхана өзінің күрделі ақпараттық технологиясы, каталогтау, сақтау, қайта қалпына келтіру, тиімді қызмет көрсету әдістемелері бар мәдени кешенге айналып отыр. Кітапхананың бүгінгі таңдағы мақсаты – білім мен ақпарат айдынында оқырмандарға бағыт-бағдар беру, оларды ұлттық рухани құндылықтармен әлемдік білім жетістіктерімен жан-жақты таныстыру. Бүгінде Жәнібек орталықтандырылған кітапхана жүйесінде 17 кітапхана қызмет көрсетуде. Оның ішінде бір аудандық орталық, бір аудандық балалар, сегіз ауылдық және жеті бөлімше кітапханалары бар. Қазіргі таңда 61 кітапхана қызметкері жұмыс істеуде. Аудандық ОКЖ-де кітап қоры 211553 дана, оның ішінде мемлекеттік тілдегі кітап қоры 140032 дана. Кітапхана қызметін жылына 14 мыңнан астам оқырман пайдаланады. Бұл аудан бойынша 86 пайызын құрайды, — дейді кітапхана директоры Светлана Джукина.

Кітап қорын қалыптастыру мен сақтау, ғылым мен білімнің сан-саласындағы жаңалықтарды оқып білу, тәлім алу, өз ізденістеріне пайдалану үшін жаңадан жарық көрген кітаптар, журналдар және де басқа басылымдар түрлерін оқырмандар қолына мезгілінде жеткізіп отыру аудан кітапханаларының негізгі міндеті.

Кітапхана жұмысын автоматтандыру және электронды каталог жасау бағытында жасақталған автоматтандырылған кітапханалық жүйе «РАБИС» 2000 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Бағдарламаның кітапхана жұмысына енгізілуі жаңа ұйымдастырушылық және технологиялық өзгерістер әкеледі. Интернет желісі, электронды пошта, құжатты электронды түрде жеткізу қызметтерін көрсету жақсы жолға қойылған. Оқырмандарға кітапханада тегін интернеттен және электронды каталогтан қажетті нәрселерін тауып беретін мүмкіндіктер бар.

2005 жылдан бері облыстық көзі көрмейтін және нашар көретініндердің кітапханасмен тығыз байланыс жасалып, осы кітапхана арқылы аудан көлеміндегі көзі көрмейтін және нашар көретін оқырмандарға электронды құжаттар, аудио кассеталар арқылы қызмет көрсету жақсы дамыған.

Бүгінгі таңда Жәнібек ауданы кітапханаларының қызметі ақпараттандыруды, ақпараттық ресурстарды қалыптастыруды үйлестіру, барлық деңгейдегі кітапханалар инфрақұрылымының интеграциясын бір кітапханалық жүйеге біріктіріп, ақпараттық орталыққа айналдыру бағытындағы басым бағыттар бойынша жүзеге асады.

Кітапхана – рухани құндылық, теңдессіз байлық. Өткен заманның өрнектеріндей тарихты да, әдебиетті де, басқа ғылым кереметтерін де кітапханадан табамыз.

Гүлзара ТІЛЕКҚАБЫЛҚЫЗЫ

Ауыл тынысы

Басқа да мақалалар