27.01.2021, 10:20
Қараулар: 126
Сатушы мәдениетіне мән берсек…

Сатушы мәдениетіне мән берсек…

Дүкен аралау әркім үшін қалыпты жағдай. Бұл күнделікті қайталанып тұратын, адамның қажеттілігінен туатын процесс. Күнделікті сауда кезінде сізге қызмет көрсетіп, қажетіңізді тауып беретін сатушылар көңіліңізден шыға ма? Жалпы сатушы мәдениеті дегенді қалай түсінесіз?

Біздің түсінігіміздегі сатушы мәдениеті — дүкенге келген әр тұтынушыға ыстық ықылас, жылы жүз танытып, жақсы қарым-қатынас орнату. Кей дүкенге барсаң, қайсыбір сатушылар іші-бауырыңа кіріп, тіпті ойламаған нәрсеңді алып кетесің. Кей дүкенде керісінше. Сұраған затыңның құнын әзерге айтып, «алсаң ал, алмасаң жоғал» деген кейіп танытатын сатушылардың бары өтірік емес. «Сырт көз-сыншы» деп бекер айтылмаса керек. Ендеше, тұтынушылардың көзімен қарағанда сатушы қандай кемшіліктер жіберуі мүмкін? Мысалға, дүкенге кірген тұтынушыға мән бермеу, телефон шұқылап немесе сөйлесіп отыру, басқа тұтынушыға қызмет көрсетуін жалғастыра беру, теледидар қарау сынды әрекеттер сатып алушыға жағымсыз әсер қалдырады. Тым көп сөйлеп, алушының алдын орағытып, затын өткізу мақсатында оған дүкенді еркін аралауға мүмкіндік бермей, жанына келіп көптеген сұрақтар қойып, мазасын алу да ыңғайсыздық тудырады. Бәріміз де тұтынушымыз. Сондықтан күнделікті дүкендердегі қызметті көзбен көріп жүрміз.

Мұндай жағдай үлкен қалалардағы әртүрлі супермаркет, гипермаркет, сауда орталықтарында ғана емес, кішкентай ғана ауылдың дүкенінде де орын алып жатады. Киім-кешек, азық-түлік, темір-терсек, құрылысқа қажетті заттармен сөресі толы дүкендері жетіп-артылып жатқан біздің ауданның сатушылары туралы ауыл тұрғындары қандай көзқараста?

-Ауылымыз күннен күнге көркейіп, әртүрлі ғимараттардың бой көтеріп жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. Әсіресе аудан орталығында салынып жатқан жаңа дүкендер мен сауда орталықтарының өзі неге тұрады? Не керектің бәрін қалаға бармай-ақ осы жерден табуға болады. Меніңше әр дүкен тек тауарымен емес, сатушысымен де адамды тартып тұрады. Себебі күліп қарсы алып, сұрағаныңды қабағын шытпай тауып беретін сатушылардан тауар алсаң, дүкеннен жаның жәйланып шығады. Ол дүкенге қанша барудан да талмайсың. Өзіме алатын затыңның не тамағыңның қаншалықты балғын әрі құнарлы екенін айтып, келген әр тұтынушының бабын табуға тырысатын аудан орталығындағы «Аида» дүкенінің сатушыларының қарым-қатынасы ұнайды,- дейді аудан тұрғыны К.Жұмағалиева.

Ал Қамысты ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Шынар Құсенова ауылдағы дүкеннің де, сатушының да барлығы дерлік жақсы екенін тілге тиек ете отырып:

-Бәрі де адамның өзіне байланысты. Мен үшін ауылда көңілім толмайтын дүкен жоқ. Қайда барсаң да «апалап», сұрағанға жауабы дайын тұратын Меңсұлу Құрмашеваның, «Сағнат» шағын маркетіндегі Мейрамгүл Құсенованың, Әлібек Исқақовтың жылы шырайына, тұтынушыға деген жақсы қарым-қатынасына ризамын. Аудан орталығындағы кейбір дүкендердің бетіңе бедірейіп қарап тұратын сатушыларынан біздің ауылдың сатушыларын әлдеқайда артық көремін,- дейді.

Аудан тұрғыны Г.Ізбасардың ойынша, сатушының бойында табылу керек ең бірінші қасиеттердің бірі — төзімділік екен.

-Келген тұтынушыға сәлем беріп, күліп қарсы алғанның өзі тұтынушыны сол дүкенге екінші рет келуіне септігін тигізеді. Бірақ, өкінішке орай аудан орталығындағы дүкендердің көбінің сатушыларынан ондай қасиетті көп байқамаймын. Үнемі бір нәрсеге ашулы жандай, қабағын түйіп, амандасу түгілі, дұрыс қызмет те көрсетпейді. Атын атап, түсін түстемеймін. Бұл сөздеріммен барлығына топырақ шашып, күйе жағайын деген ниетім жоқ. Мысалға, орталықта орналасқан супермаркетті алсақ, бір жақсысы өзіңе керек затты ұмытпай, асықпай таңдап алуға жақсы жағдай жасалған. Бірақ сатушыларының, мүмкін жас болғанынан шығар, амандасуды көбі білмейді. Бұның бәрі айналып келіп тағы да тәрбиеге тірейді, — дейді ол.

Ал сатушы мәдениеті туралы сатушылар не дейді? Ол туралы «Сәлем» дүкенінің сатушысы Венера Үмбетқалиевадан сұрап көрдік. Ол 2000 жылдың қараша айынан бастап сатушы болып қызмет атқарады екен. Бүгінде сатушы болып 20 жыл жасап келе жатқан Венера Асылбекқызы, сатушының бойында, ең алдымен сыпайылық қасиет болу керек дейді. -Адамдардың пікірімен санасып, сұраған затын тез арада тауып беруге тырысамын. Тұтынушының айтқаны әрқашан заң екенін жадымда ұстаймын. Үйде болып жатқан әртүрлі мәселелерді дүкенге кірген кезде ұмытамын. Өйткені дүкеніме кірген тұтынушымды қашанда күліп қарсы алу – менің басты міндеттерімнің бірі. «Бес саусақ бірдей емес» демекші, барлық адам да бірдей емес. Әркімде әртүрлі мінез, әртүрлі жаратылыс. Қарызға алып, көп уақытқа дейін қарызын төлемейтін адамдарға ғана болмаса, осы жиырма жыл ішінде біреумен қатты ренжісіп көрмеппін. Сырым Датұлының «Сауда мұраты-ұту» деген сөзі бар ғой. Сол сияқты өз затыңды сатып отырғасын сауданың да жүргенін қалайсың, — дейді Венера Үмбетқалиева.

Жәнібектік зейнеткер Алма әжей жастайынан сатушы боп қызмет атқарған. -Сатушы деген көбі ойлағандай дипломды қажет етпейтін мамандық емес. Сатушы болу үшін ең бірінші психолог болу керек. Адаммен тіл табысу да үлкен өнер. Жас келіншектер жұмыс таба алмай амалсыздан сатушы боп жатады. Соның салдарынан мінез-құлықтарын көрсетіп, тиісті қызмет көрсете алмайтындар бар. Сұраған затына түсініксіз жауап беріп, сатушылар арасында өзге кісіге қызмет көрсетіп, екінші барған кісіні елемейтіндерді де көріп жүрмін. Не болмаса «қолым тимей жатқанын көріп тұрған жоқсың ба?» дегендей көзқараспен қарайтындары да жоқ емес. Сатушы әдеп, мәдениет, анық сөйлеуді, есепті білуді, жылдамдықты талап ететін қажет мамандық ,-дейді кейуана.

Аудан орталығындағы «Мирболат» дүкенінің сатушысы Мархаба Дүйсенғалиеваның да сауда жолында жүргеніне 20 жыл. Оның түсінігіндегі сатушы мәдениеті біріншіден кірген тұтынушыға амандасу, мәдениетті түрде сөйлесу. -Көңілге тиген уақ-түйек нәрсе болса да, оның бәріне мән бермеймін. Өйткені менің жұмысым келген тұтынушылармен сөз таластырып, уақыт өткізу емес, сауда-саттықты жүргізу, — дейді сатушы.

Әр мамандықтың өзіндік арқалар жүгі болады. Соның ішінде сатушыға да жүктелер міндеттер бар. Кеңес үкіметі кезінде сатушы мамандығын арнайы оқытқанын бірі білсе, бірі білмес. Қазір өкінішке орай, аталмыш мамандыққа жеңіл қарайды. Ешқандай арнайы курстар ұйымдастырылмайды. Сан түрлі адаммен тіл табысып, олармен қарым-қатынас жасау, ақша есептеу кез келгеннің қолынан келе бермейтінін ұмытпаған жөн. Әдептілік әліппесі қағидатымен өмір сүру ежелден қанымызға сіңген қасиетіміз ғой! Ол үшін жүректе аздап жылылық болса жетіп жатқан жоқ па?

Гүлім ШАМҒОНОВА