29.01.2021, 12:23
Қараулар: 645
Бес ауылға арман болған күре жол

Бес ауылға арман болған күре жол

Соңғы жылдары елімізде көлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстары кең көлемде қарқын алған. Әр өңірде республикалық маңызы бар жолдармен қатар, ауыл-аймақты жалғайтын тас жолдар жөнделу үстінде. Бұл игі үрдістен Жәнібек ауданы да шет қалмай, шалғай жатқан ауылдарға жол салынып, тұрғындардың тілегі ескеріліп келеді. Нақтырақ айтсақ, аудан басшылығының бастамасымен Жәнібек-Таловка-Кіші өзен бағытындағы, яғни Тау ауылына дейінгі 25 шақырым тас жолдың құрылысы басталды. Екі жылға созылатын автожолдың құрылысына бас-аяғы 1 млрд. 338 млн. теңге қаражат бөлінген. Дегенмен, осы 25 шақырыммен шектелмей, Тау, Қамысты, Борсы, Жақсыбай, Талов ауылдарын қамтитын 126 шақырым жолды түгелдей жөндесе, мәселенің түйіні де тарқалар еді. 

 

Қыстың қаттылығы ұмытылмайды

 

         Сандаған ғасырлар бойы шетсіз-шексіз сары даланы салт атпен кезген халқымыз жол азабын өзгеден артық білеріне күмән жоқ. Жол азабы – жан азабы. Сондықтан да қазақ халқы «Жол мұраты – жету» деп бекер айтпаған. Тіршіліктің экономиканың күретамыры саналатын жол  кез келген мемлекеттің әлеуметтік жағдайының көрсеткіші бола табылады. 2018 жылдың қысын аудан тұрғындары ұмытпайды десек, артық айтпаспыз. Себебі желтоқсанның ортасынан бастап жауған қар бәрінің берекетін алды. Ауылдық округтер арасындағы қатынас тоқтады. Далалық жолды қардан тазалайды, қар қайтадан жауып тастайды. Сөйтіп 2018 жылдың қаңтарынан бастап жауған қар 2019-дың сәуір айына дейін созылды. Жүкті әйелдер мен науқастарды аудан орталығына алдыртуға тура келді. Шалғай орналасқан ауылдарға зейнетақы, еңбекақы мен азық-түлік кешігіп барды. Тұрғындардың наразылығы күшейе түсті.

 

Жол тауқыметін оқушылар көріп келеді

 

         Мұғалімдер мен оқушылар осы уақытқа дейін жол азабын көріп келе жатыр. Жыл сайын аудан орталығында өтетін Ұлттық Бірыңғай Тест, олимпиадалар немесе түрлі шараларға оқушылар ауылдардан келіп қатысып жатады. Жыл сайын аудан орталығында өтетін аудандық, облыстық Ғұмар оқуларына да жан-жақтан оқушылар келеді. Ғұмар оқулары күз немесе қыс мезгілінде өтетіндіктен, кейбір оқушылар діттеген уақытта жете алмаған кездері болды.    

Тұрғындар не дейді?

 

Төлепқали Әзберген, Тау ауылдық округінің тұрғыны:

-Тау ауылына дейін 1980 жылы грейдер салынып, оның қазіргі жағдайы мәз емес. Бес ауылды қосатын күре жол аудан емес облыстық маңызы бар жол болуы керек. Себебі осы бес ауылдың ең қашығы Талов ауылы. Аудан орталығынан 126 шақырым жерде орналасқан. Дүниеге сәби келеді, медициналық тексеріс, оқушылардың олимпиадасы осының барлығы орталыққа келуді қажет етеді. Әкімдердің тұрғындар алдындағы есебінде жыл сайын жол, жолаушылар көлігі мәселесі көтеріліп жатады. Егер осы ауылдарға қатынайтын жол болмаса, көлік те адам тасымалдай алмайды. Қазақтанның жері кең, бірақ барыс-келіс болған дұрыс,- деді ол.

Тамара Үмітаева, Қамысты ауылының тұрғыны:

-Жол мәселесі бала кезімізден келе жатқан проблема. Орынды көтеріліп отырған мәселе. Иә, расыменде Талов ауылы ауданнан 126 шақырым жерде орналасқан. Кезінде дүркіреп тұрған ауылдардың бірі, адам саны көп деп естігенмін. Жақында сол ауылға бардым. Адамдар жан-жаққа көшіп кеткен. Көшудің себебі неде? Әрине, ауылға апарар жолдың болмауы. 25 шақырым жолды жөндеп жатыр. Құптарлық. Бірақ трассадан бөлек ауылдарға кіреберіс жолды да қоса ала кетсе, нұр үстіне нұр болар еді. Мәселен, Тауға дейін 5, өзіміздің Қамыстыға дейін 14 шақырым сияқты жолға кем дегенде қатқыл тас төсеп берсе, ризашылығымыз молынан,- деді Тамара Төлешқызы.

Ғайнолла Есенғалиев, Борсы ауылының тұрғыны:

-Борсы ауылында мыңға жуық адам бар. 48 жылдың үстінде осы ауылда тұрып келе жатырмын. Ауыл трассаның бойында жатыр. Оның жамандығын әлі күнге дейін көріп келе жатырмыз. 1986 жылдың қысы қатты болды. Қар қалың. Талов, Свердлов, Борсы үш ауыл бірігіп сол қарды тазалай алмай он күннің үстінде жатып қалдық. Содан кейін 2018 жылдың қысы есімде. Басты жолымыз жөнделсе, жағдай дұрысталар еді, — деді зейнеткер.

Шамиль Досжанов, Жақсыбай ауылының тұрғыны:

-Жақсыбайлықтарға аудан орталығынан гөрі облыс орталығына қатынас жасаған әлдеқайда тиімді. Біріншіден тұрғындар Казталовтың Еңбегімен баратын болса, 200 шақырым жол қысқарады. Екіншіден шақырым азайған сайын жолдың қиындығы көп білінбейді. Өздеріне керек-жарақты қаладан әкеледі. Дегенмен, ауданға да жиі барамыз. Орталық болғаннан кейін денсаулыққа, білімге қатысты жұмыстар бар. Жол мәселесі басты назарда болуы қажет. Көктем, қыс, күзде жолға шығу қиын. Ауылымыз дамып келе жатыр. Жас мамандар келіп жұмыс істеп жатыр. Қазіргі бейбіт өмірді сақтап қалу үшін барлық жағдай жасалу керек,- деді ол.

Евгения Менших, Талов ауылдық округінің тұрғыны:

-Жасым 80-де. Осы ауылда 1964 жылдан бері тұрып келемін. Ұлы Отан Соғысы кезінде тұтқынға түстім. Басқа жаққа қоныс аударамын деген ой жоқ. Талов ауылына дейін осы уақытқа дейін асфальт жол төселмеген. Қар, жаңбыр кезінде өте қиын. Жол мәселесін көтергенмен еш нәтиже жоқ. Жол салып берсе, қатты риза болар едік,- деді Евгения Павловна.

 

Жолды жөндеу жалғасады

 

Жақсылық Абдолов, Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары:

-Аудан бойынша 260 шақырым аудандық маңызы бар жол. Соның екі шақырымы ғана асфальтталған. Былтыр Жәнібек-Таловка-Кіші өзен бағытының 2 шақырымына күрделі жөндеу жүргізілді. Биыл аталған бағыттың 2-27 шақырымына жөндеу жұмыстары басталды. Жоба екі жылға арналған. Бас мердігер алматылық «РСУ-1» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Қосалқы мердігері «Ақтөбе Жарық» ЖШС-і. Бүгінгі таңда 13,8 шақырымға жолдың негіздемесі дайындалды. Қазіргі кезде асфальттау жұмыстары жүргізілуде. Жалпы қабаты 6 сантиметрлік қалыңдықтағы асфальт жамылғысы төселетін болады. Мердігер осы жылдың аяғына дейін, яғни ауа райының қолайлы уақытында төсеу жұмыстарын жүргізеді. Қалғанын келесі жылы жалғастыратын болады. Осы жобаны әрі қарай жалғастыру үшін жобалық құжаттар дайындау бағытында жұмыстар басталып кетті. Бұйырса, 2022-2023 жылдарға қарай осы жолды орташа жөндеу бойынша асфальттау жұмыстарын жалғастыру үшін құжаттар дайындауды бастадық. Биыл аудандық маңызы бар Ұзынкөл ауылына кіреберіс жолының 2 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазан айында асфальт жамылғысы жабылады. Сондай-ақ аудандық бюджеттің есебінен Тау ауылының кірме жолының 5 шақырымына қиыршық тас төсеуге арналған жобалық құжат жасақталып, ол мемлекеттік сатып алудан өтіп, мердігері анықталды. Жылдың аяғына дейін қиыршық тас төселу жоспарланды. Сонымен қатар Қамысты ауылының кіреберіс 14 шақырымына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге сметалық құжат жасалынды. Қаржыландыру болған кезде қиыршық тас төселетін болады. Аудандық маңыздағы жолдарды жөндеу бұл басымдылық. Себебі өңірлік стандарттар бойынша округ пен аудан орталық арасындағы қарым-қатынаста қатқыл табанды жолдардың үлесі индекатор ретінде есептеледі. Сондықтан ауыл тұрғындарының қарым-қатынасы, олардың жүріп-тұруы, экономикалық-шаруашылық қажеттіліктері үшін аудандық маңызы бар жолдарды жөндеу жұмыстарын жалғастыра береміз,- деді аудан әкімінің орынбасары.

    Гүлзара ТІЛЕКҚАБЫЛҚЫЗЫ