29.01.2021, 12:30
Қараулар: 668
Сегіз қырлы ақсақал

Сегіз қырлы ақсақал

Сұрапыл соғыс басталмас бұрын, яғни 1939 жылдың күзінде Маушевтар отбасының кенжесі болып дүниеге келген, байырғы Тегісшіл, қазіргі таңда Қамысты ауылының тұрғыны Төлеміс Маушев бүгінгі таңда 80-нің сеңгірінен асқан абыз ақсақал. Ұлы Отан соғысының кесірінен әкесінен айырылған оны анасы үш бауырымен қоса өсіп-жетілдірген. Әкесі Хасен Маушев 1941 жылы соғыс басталған уақытта майданға аттанып, 1943 жылы Сталинград майданында қаза табады. Балалығын ұрлаған сұрапыл соғыстың салдарынан доп теуіп, жасырынбақ ойнайтын кішкентай балалар колхоздың 600 қойын сауған.

-Жаз басталғанда 4-5 отбасын жайлауға апарып тастайтын. Сол жерде біздер балалармен қосылып қой сауатынбыз. Тіпті егіннің тышқанын да аулаған кезіміз болды. Ол кезде сауған қой сүтінен ірімшік жасап, майданға беріп жібереді. Анам колхозда сауыншы болды. Өзіммен қатарлас өскен 1936 жылғы Ғаббас дейтін ағам 6-сынып оқып жүрген шағында қызылша ауруынан қайтты. 1955 жылы Тау ауылдық советі Сталин колхозында 7 жылдық мектепті бітіріп, кейін сол кездегі Кайсацк МТС-те 4 айлық трактор курсын тәмамдап, тракторшы мамандығын алып шықтым. 1956-1960 жылдар аралағында тракторшы болып қызмет атқардым. Кейін 1960 жылы әскерге шақырту қағазын алып, аттанып, 1963 жылға дейін Москва қаласынан әскери борышымды өтеп келдім. Әскер қатарында жүріп, соңғы 6 айы қалғанда М.И. Калинин атындағы авто-мектептің кешкі курсында оқып, жүргізушілік куәлігін алып шықтым. Содан 1964 жылдың наурыз айынан 1982 жылдың қазанына дейін Калинин совхозында жүргізуші болып жұмыс істедім. Кейін Тегісшіл ауылында гараж меңгерушісі, кейін 1983 жылдан бастап қайтадан жүргізушілік жұмысқа ауыстым. Содан 1994 жылы қыркүйек айының соңында жеңілдікпен зейнетке шықтым,- деп еске алды ол сол кездерді.

Қазақта «Жігітке жеті өнер де аз» деген аталы сөз бар. Сол секілді Төлеміс Хасенұлының бойына сынық салатын өнер де дарыған. Өзінің айтуынша, сынық салуды 36 жасынан бастаған екен. Бүгінде ол ауылдағы оқыс оқиғаларға тап болып, сынып немесе шыққан жарақаттарға алғашқы көмек көрсететін сынықшылардың қатарында. — Бір жері сынып ия шыққан адамдар келместен бұрын, ішімде бір алай-дүлей күш пайда болады. Ол кісі келіп сынығын салдыртпай, өз-өзіме келе алмаймын. Сондай күні міндетті түрде сынған жарақаты бар адамдар келіп жатады. Олар кеткеннен кейін ғана жаным тынышталады. Әлі есімде бар күшімді жұмсап, қиындықпен бір ер баланың омыртқасын салдым. Ер жігіттің жан ұшыра айқайлағаны әлі күнге дейін есімде. Қайткенде де сынған буын күшпен салуды қажет етеді ғой,- дейді ақсақал.

Сынық салатын өнері былай тұрсын, атада сазгерлік, ақындық өнері де бар екен. Өз жанынан шығарылған «Қазақстаным», «Жас дәурен» сынды әндерімен қатар, өзі туған өлкесіне, мектеп бітіруші түлектерге, жора-жолдастарына арналған өлеңдерін шағын кітапша етіп басып шығарған.

-Әу демейтін қазақ бар ма? Қолым бос уақытта қолыма қазақтың қара домбырасын алып, үйде отырып әндететінім бар. Оған қоса мандолина мен гармоньды да тартамын. Бар ермегім осы музыкалық аспаптарым. Кейде үйден алыстап бірнеше күн тартпасам, үйге асығамын,- дейді Төлеміс Хасенұлы.

Оның елу бес жыл отасып, бір шаңырақтың астында бірге үш ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірген жары Хадиша Өтепова да өнерден алшақ емес. Іс тігіп, құрақ көрпе жасайтын ол, ұзатылатын қыздардың жасауын да жасайды.

-Қолым қалт етсе, осы істі қолға аламын. Іс тігумен айналысқанды жаным сүйеді. Жүн жуып, төсекше, көрпе-жастық жасаймын. Қыс уақытында шұлық, қолғап тоқимын. Жасаған дүнием кәдеге жараса, мен үшін зор қуаныш дейді ол.

Төлеміс Маушев бүгінде үш ұл, үш қыздан 5 немере, 7 жиен, 2 шөбере, 2 жиеншар сүйіп отырған бақытты аталардың қатарында. Саналы ғұмырында туған жер төсінде тракторшы боп еңбек терін төккен Төлеміс ата зейнет жасына жетсе де көпке үлгі. Оның тәрбиелік мәні зор әңгімелерін ұйып тыңдай бергің келеді.

Г. ТӨРЕҒАЛИЕВА

Ауыл тынысы

Басқа да мақалалар