29.01.2021, 12:33
Қараулар: 129
Воронежде оқып жүр талай қазақ баласы

Воронежде оқып жүр талай қазақ баласы

Воронеждегі Н.Е.Жуковский және Ю.А.Гагарин атындағы Әскери-әуе күштері академиясы көршілес Ресей Федерациясының әйгілі және беделді жоғары оқу орындарының бірі болып табылады. Аталмыш академияда жәнібектік жерлесіміз Имад Елемесов оқиды. Имадтың мейірімге толы жылы жүзіне қарап оның қатаң тәртіпті талап ететін мамандықты таңдағанына таңқалдым. Әйтсе де сөйлесу барысында оның қайсар, өжет курсант екенін аңғардым.

-Т.Жароков атындағы орта мектепті 2016 жылы аяқтаған соң, Ақтөбедегі Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштерінің Әскери институтына оқуға түстім. Әскери адам болу бала кезімнен арманым еді. Оқуға түсу аса қиындық тудырған жоқ. Физикалық және психологиялық тұрғыдан дайындығың жақсы болу керек. Адам қалаған мамандығын зор ынтамен оқиды деп ойлаймын. Менде өзім таңдаған саланы қызығушылықпен оқып келемін. 2017 жылы шет елдердің әскери оқу орындарына қазақстандық курсанттарды іріктеу өтті. Іріктеуде курсанттардың әскери қасиетіне, оқудағы жетістіктеріне қарады. Мен де бұл жаңалыққа бей-жай қарамай, елең еттім. Сөйтіп ауысуға өтініш жазып, іріктеуден өтіп, көршілес РФ, Воронеж қаласындағы әскери-әуе күштері академиясына қабылдандым. Бүгінгі таңда 4 курста оқимын. Біздің оқу орнында Қазақстаннан 60-қа жуық курсант білім алуда. Сондай-ақ басқа да елдерден курсанттар өте көп. Бәріміз бір үйдің балаларындай білім алудамыз. Жан-жақтан келген біздің басымызды біріктірген әскери білім ордасы екінші үйімізге айналды. Әрқайсысымыз әртүрлі болғанымызбен мақсат армандарымыз біреу. Ол – мықты әскери-әуе маманы болу,-дейді ол.

Имад әскери-әуе саласындағы мамандықтар техникалық жағынан күрделі екенін айтады. -Біздің мамандық бағдарлау, тез арада шешім қабылдау сынды қабілеттерді қажет етеді. Сондай-ақ мойнымызда зор жауапкершілік тұр. Мамандығым күрделілігімен де ұнайды. Болашақта әскери мамандықты таңдағысы келетін жерлес інілеріме армандарына адал болуға шақырамын. Алынбайтын қамал жоқ. Ең бастысы сабағын жақсы оқып, спортпен дос болу керек. Салауатты өмір салтын ұстанған жанның денсаулығы да мықты болады. Денсаулық әскери адам үшін бірінші кезекте тұрады,-дейді курсант.

Тағдырын авиациямен байланыстыруға бел буған жерлесіміздің арманы асқақ. Қазақстанда авиация мамандары тапшы. Сондықтан туған елге оралып, әскери-әуе саласында қызмет атқаруды мақсат тұтады.

Әсемгүл ӘБДІЛДА