1.02.2021, 18:13
Қараулар: 685
Газетті гаджет алмастыра ала ма?

Газетті гаджет алмастыра ала ма?

«Кәнекей фотоға түсір, бақытты сәтімді менің» деп қазіргі таңның «жұлдыздары» әуелеткендей, фотоға түсіп, оны шығарып, альбом жинақтап жүру, кассетамен ән тыңдау, отбасылық кештерді бейнетаспаға түсірудің ұмытылғаны қашан. Заман күн санап өзгеруде. «Заманына қарай адамы» демекші, барлық адам заман ағымына бейімделіп отыруы керек. Бұл уақыт талабы. Өкінішке қарай, кітап, газет-журналдар да жоғарыда айтылған дүниелер сияқты «естеліктің сарқыншағына» айналып кетердей халде. Баспасөзге жазылуға мән бермейтіндердің саны күннен күнге көбейгені жасырын емес. Қолдау сұрасаң газетке жазылуға «Біз ешкімді міндеттей алмаймыз» дейтін басшылар, «Фейсбуктен оқи саламыз» деген оқырмандар аз емес. Қазір бұрынғыдай жазылуды еске салып отырмаған соң, газет-журналдан қол үзіп қалған отбасылар жетеді. Ал кезінде біздер поштаны бағып жүріп, күн санап күтетін «Балдырған», «Ұлан», «Айгөлекті» білмей өсіп жатқан қаншама бала бар?! Жоғары сыныптың оқушылары баяндама, эссе жазғысы келсе, «гугл» «досының» көмегіне жүгінетінін ешкім жоққа шығара алмас.

Әрине, қай газет болмасын әр нөмір сайын жарқырап шықпасы анық. Алайда қажетке жарар бір мәліметтің табылары хақ. Газет пен гаджеттің текетіресі бүкіл әлемде бар мәселе. Ең бастысы адамдар ақпарат қалай алатынын таңдай алады. Газеттен оқи ма, әлде гаджетті пайдалана ма? Шындығына келсек, айналамызға көз жүгіртсек, бүгінгі қоғам жеңіл ақпараттарға әуес. Мәселен нәзік жандыларға эстрададағы «жұлдыздардың» жеке өмірі, киімі, қыдырғаны қызықты. Жастар газеттен гөрі инстаграмдағы жұлдыздардың парақшаларын оқығанды қалайды. Ал газетті кімдер оқиды? Әлбетте дәстүрлі медианың оқырмандары үлкен адамдар, интелегенция өкілдері екені анық. Демек, газетті іздейтіндер бар.

Онлайн заманда жаңалық жаршысына айналған әлеуметтік желілердің пайдасымен бірге зияны қатар жүретінін ескерсек, газеттің орны бөлек екенін аңғарамыз. Өйткені сөйлеген сөздің аудио, видео жазбасын жіберу, әлеуметтік желінің жеңіл тілі, басқа тілдермен шұбарлану және бұлардың адамдардың бір-біріне жіберілуінің оңайлануы тілге қауіп тудырары сөзсіз. Ал газеттің өзінің оқырманы, өзінің базары бар.

Қызық үшін әлемді аузына қаратқан алпауыт елдерге көз жүгіртіп көрейік. Дереккөздерге сүйенсек, дамыған елдерде газеттердің тиражы жедел қарқынмен дамып, басылымдар шығармашылық ұжымға да, қоғамға да пайдасын тигізуде. Мәселен, 1923 жылдан бері шығып келе жатқан Мәскеу қалалық «Вечерняя Москва» газеті күніне 2 рет 85 мың данамен, аптасына 1 рет 1 млн 286 мың данамен шығады екен.  1851 жылғы  18 қыркүйектен жарық көретін АҚШ-тың «Тһе New York Times» басылымы әдетте 1 млн 131 мың данамен, ал демалыс және мереке күндері бұл мөлшер 1 млн 681 мың болып шығатын көрінетін. 1877 жылы негізі қаланған «Тһе Washington Post» цифрландыру дүмпуіне 1 миллионнан көп тиражбен жарық көреді. Ұлыбританияның күн сайын шығатын «Тһе Guardian», француздың «Le Figaro» газеті де күн сайын таралымын арттырып келеді. Техника, технологиясы жедел дамыған Жапония да электронды құралдардан қайтадан қағаз жүзіндегі өнімдерге бет бұра бастаған.

Гүлфариза Темірғалиева, Ақоба ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы ауыл тұрғындары арасында баспасөзге өз еріктерімен жазылып, газетті іздеп жүріп оқитындардың бар екенін айтады.

-Қазір адамдардың жасы да, кәрісі де әлеуметтік желілерге тіркеліп, ақпарат, жаңалықтарды қолдағы смартфоннан оқып, біліп отырады. Алайда газет оқу үрдісін үзбеген отбасылар ауылымызда көп екенін айтқым келеді. Бұны айтып отырған себебім, баспасөзге жазылу науқаны басталғанда өзім басында жүремін. Ешқандай хабарлаусыз өздері келіп, газетке бірінші жазылатын тұрғындарға риза боламыз. Сондықтан жастар ғаламторға тәуелді, газет оқымайды деп басқа адамдарды ұмыт қалдыруға болмайды. Мәселен, ауылда Алмаз Хабиев, Қобылан Балталин, Мәлік Камалов, Қазбек Губашев, сексеннің сеңгіріне шыққан сыйлы қарияларымыз Хауа Ешматова, Нәсіпқали Шертаев, Төлеген Жүсіпов, зейнеткерлер Меңдібай Досболатов, Гүлбаран Досқалиевалар республикалық, облыстық, аудандық басылымға өздері келіп міндетті түрде жазылып кетеді. Әр нөмірін түгендеп, поштаны тағатсыздана күтіп жүреді. Осындай отбасылардың балалары, немерелері үйіне барып тұрған газетті мүлдем оқымайды деп ойламаймын. Ата-ана газет оқитын үйде бала да оқиды. Аудандағы жаңалықтарды менде фейсбук парақшасынан оқып аламын. Бірақта жерлестерім, аудандағы еңбек адамдары туралы газет беттерінен көргім келеді. Ауданда болып жатқан кең өзгерістер, мәселелер де қызықтырады.

Гүлфариза Доқпанова, Т. Жароков атындағы орта мектептің мұғалімі былай дейді:

«Кезінде радио, кино, теледидар пайда болған кезде де қағаз басылымдар өледі деген пікір болған. Бірақ жойылған жоқ. Өз басым гаджетті пайдаланамын. Қажетті сайттарды іздеп жүріп оқимын. Қолымнан телефон түспейтіні өтірік емес. Әйтсе де газетті оқуды да тоқтатқан жоқпын. Бірақ та қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде, ата-ана ретінде балаларым үшін алаңдаймын. Дәстүрлі мәдениет бар елде қағаз басылымдар сақталады. Бізде «оқу мәдениетін» бойына сіңірген ұрпақ жойылса, газетте жойылады деп ойлаймын. Сондықтан ең бірінші қазіргі балаларды әдебиетке, кітап оқуға баулу керек. «Ана тілі», «Айқын» сынды беделді басылымдарды аса қызығушылықпен қарасам, аудандық басылымды ұстаз, осы жердің азаматшасы ретінде жазылуды өзіме міндет санаймын.»

Ерке Меңдібаева, студент:

-Негізінен алғанда, екі салада пайдалы. Ғаламтордың болашағы бар. Бірақ байқап қарасақ, әлеуметтік желілерде жалған ақпараттар көптеп кездеседі. Айналамда достарымның барлығы газет оқиды деп айта алмаймын. Бірақта кішкентайымнан үйде әжемнің, анамның газет оқығанын көріп өстік. Газеттің ішінде мені қызықтыратын мақалалар болса, міндетті түрде қарап шығамын. Кітапханаға барсам да өзіме ұнайтын басылымдардың газет тігінділеріне қызығушылық танытамын, — дейді студент.

Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің басшысы Светлана Джукина тілшілерге ізденіс қажеттігін тілге тиек етті.

-Газет сауаттылықтың жаршысы. Өйткені корректордың қырағы көзінен өтіп, сұрыпталған материалдар шығады. Бүгін біздер технологияның қарыштап тұрған заманында адамдардың руханиятын сақтап қалу үшін газеттің көзіне зәруміз. Газет-журнал арқылы қағаздың құнын білуді үйренеміз. Әсіресе жас ұрпақ. Әрине бұл жерде тілшілер іздену керек. Оқырман тарту оңай емес, -дейді ол.

Аудандық баспасөз бетінде негізінен, қарапайым халықтың, мұғалімдер мен дәрігерлер, еңбек адамдары туралы айтылып жатады. Аудандағы ілкімді істер де қалыс қалған емес. Өзекті ой, орнықты сөз айта білген оқырманның пікірін жариялаудан да ешбір газет қашқан емес. Ал кейбір жастардың «газет оқымаймын» дегені «мен елімді өркендетуге ұмытылмаймын» дегеніндей естіледі. Сіз қалай ойлайсыз қадірменді оқырман?

Әсемгүл ҚУАНҒАЛИЕВА