3.02.2021, 16:40
Қараулар: 671
Төл өнермен сусындатқан «Жәнібек сазы»

Төл өнермен сусындатқан «Жәнібек сазы»

«Өнер десе ішер асын жерге қоятын» қазақ халқының дәстүрлі әуені мен ән-жыры, күмбірлеген күйлері аңыз бойынша қазақтың қанына сіңген, ықылым заманнан жеткен асыл мұра. Көкте қалықтаған әуезді ән көшпенді қазақ даласына жетіп, ұрпақтан ұрпаққа мұра болып келеді.

Аудандық «Жәнібек сазы» фольклорлық ансамблі тұрақты түрде 2000 жылдан бастап жұмыс жасап келеді. Оған дейін нақты атауы жоқ, аракідік аудандағы алуан деңгейдегі концерттерге өнер ұжымы ретінде ғана араласып тұрған.

Өткен ғасырдың 90-шы жылдарындағы «балапан басына, тұрымтай тұсына» делінетін қиын кезеңде, мәдениетке жаны ашитын көзіқарақты адамның алдына, негізгі музыканттарды жұмыспен қамтып, солар арқылы жылдар бойы қалыптасқан репертуар саясатын қолдан шығарып алмау, жалпы кәсібилену жағына көңіл бөлу мәселесі күн тәртібіне көбірек қойылды.

Ансамбль ауданымызбен іргелес жатқан Ресей Федерациясының Астрахань, Саратов, Волгоград облыстарына кеңінен танымал. 2005 жылы Астрахань қаласында орналасқан Приволжье теміржолы басқармасының арнайы шақыруымен аталған қаладағы Теміржолшылар мәдениет сарайында олардың кәсіби мерекесіне концерт қойып, РФ Жол Қатынастары министрлігі басқармасының бастығы В.Звездиннің Құрмет грамотасына ие болды. Сонымен қатар ансамбль 2008 жылы Саратов қаласында өткен бүкілресейлік қазақ құрылтайының салтанатты ашылуына қатысып, Саратов облысының Мәдениет министрі М.Брызгаловтың алғысхатын алды. Сондай-ақ сол жылы 8 ақпанда Волгоград облысы, Старополтавка ауданында өнер көрсетіп, аудан әкімі В.Булгаков өз ризашылығын білдіріп, алғысхат табыстады. 2012 жылы Волгоград облыстық «Қазақстан мұрасы» қорының шақыруымен «Жәнібек сазы» ансамблі Волжск қаласында да өнер көрсетті.

Ансамбль құрамында республикалық, облыстық байқауларға қатысып, бірнеше дүркін жеңімпаз атанған домбырашылар Дәулеткерей Құсайынов, Шынтемір Рамазанов, Гүлмира Құбаева, баяншы, әзербайжан қызы Тамара Кафарова, әншілерден облыстық «Жас қанат» байқауының лауреаты Мейрамгүл Дәулетқалиева, республикалық «Шабыт» фестивалінің дипломанты Шынар Каюпова, классика әндер байқауының лауреаты Ақтоты Ешматова, аудандық «Ақмаржан» бишілер ансамблінің жетекшісі, биші Зәмзәмгүл Мұратова, аспапшылар Ақсұлу Құсайынова, Алтынай Сейткереева, Уахит Сариев, Маралбек Каримов, Алтай Бақтығалиев, Ақан Ажығалиев, Руслан Ахмулдин, Анаргүл Ахмулдина, Амангелді Насипов, Алтынбек Каримов, Гүлмаржан Қаташева басқа да дарын иелері бар.

Кейінгі кезде ансамбль жас мамандармен, нақтырақ айтсақ домбырашылар Мәдина Қадырова, Нұрсайын Қисметов, Жанәбіл Мұстаев, сырнайшылар Райымбек Каримов, Нарынбек Халелов, Наргиза Касумова әнші Данабек Үмбеталиевпен толықты.

«Жәнібек сазы» фольклорлық ансамблі 2008 жылы Тараз қаласында өткен І халықаралық «Ұлы Жібек жолы» фольклорлық музыка фестивалінің дипломанты атағына ие болды. Осы фестивальде әншілер Мейрамгүл Дәулетқалиева мен Шынар Каюпова дипломант атанды. 2011 жылы мәдениет және ақпарат министрілігінің қолдауымен республикалық телевизиялық халық шығармашылық, халық арасындағы дарындарды анықтау, өзіндік ерекшеліктері бар шығармашылық ұжымдар мен орындаушыларға қолдау көрсету, олардың шығармашылық қабілетін дамытуға жағдай жасау мақсатында ұйымдастырылған «Ел іші — өнер кеніші» облыстық байқауына «Жәнібек сазы» ансамблі катысып жүлделі III орынды иеленді. 2008 жылдың 31 желтоқсанында «Жәнібек сазы» ансамблі Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің бұйрығымен «Халықтық» деген атаққа ие болды. «Халықтық» атағын алған ансамбльдің көркемдік жетекшісі, қобызшы Анаргүл Кенжеғалиева.

Анаргүл Ғабитқызы Кенжеғалиева 1974 жылы 1 қаңтарда Батыс Қазақстан облысы, Тасқала ауданы, Красный Маяк ауылында дүниеге келген. 1989 жылы Ақтау орта мектебін бітіргеннен кейін Орал қаласындағы Құрманғазы атындағы саз училищесінде оқыған. Одан кейін Орал қаласындағы Дәулеткерей атындағы өнер институтынан дәріс алып, жоғары білімді маман атанады. 1999 жылдан бастап Жәнібек аудандық мәдениет үйінде еңбек жолын бастайды. Алдымен саз сүйемелдеуші, кейін аудандық халық ұлт-аспаптар оркестрінің дирижері. 2008 жылдан қазіргі уақытқа дейін «Жәнібек сазы» ансамблінің көркемдік жетекшісі. Ансамбль мүшелерінің айтуынша, Анаргүл Ғабитқызының ізденісі, ұжымды ілгері сүйреу жолында жалықпайтыны, уақытпен санаспай еңбек етуінен көрінеді. «Кәсіби орындау шеберлігін арттыру, репертуарын ұлғайтуды қоса алғанда өнер ұжымын жан-жағынан дамытуда жалықпайтын жан. Жұмыс стилінің жатықтығымен, өзіне тән методикасымен, жанындағы адамды магниттей тартатын ақжарқын, үлкен адамгершілік қасиетімен ерекшеленеді» дейді әріптестері. Әртүрлі мамандық иелерінен құралған аудандық халықтық  ұлт-аспаптар оркестрімен жұмыста ұрпақ сабақтастығын сезімталдықпен ескеріп, құймақұлақ домбырашылар мен өз бетінше ноталық сауатын ашып жүргендерге жанды да нәзік қарым-қатынас орната біледі. Анаргүл Кенжеғалиева 2008 жылы Тараз қаласында өткен I халықаралық «Ұлы Жібек жолы» фольклорлық музыка фестиваліне белсене қатысқаны үшін дипломант атанып, «Әлем шары» алтын сыйлығын иеленді. Музыка өнерінің дамуына қосқан қомақты үлесі және қол жеткізген жетістіктері үшін «Музыка өнерінің үздігі» құрмет дипломымен марапатталды. 2010 жылы облыста өткен аудан күндеріне белсене қатысқаны үшін облыстық мәдениет басқармасының алғысхатына, 2011 жылы «Ғарифолла Құрманғалиевтің туғанына 100 жыл» мерекелік медаліне, ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай Құрмет Грамотасына, сонымен қатар биыл «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісіне ие болды.

Елмен елді байланыстыратын мәдениет болса, ұлтымыздың асыл мұрасы өнерін дәріптеуде «Жәнібек сазы» ансамблінің үлесі ерекше. Сыртта жүрген қандастарымызды төл өнермен сусындатып, елге деген сағынышын басатын да «Жәнібек сазы».

Гүлзара ТІЛЕКҚАБЫЛҚЫЗЫ