4.02.2021, 10:40
Қараулар: 686
Иең қайда, ғимарат, иең қайда?!

Иең қайда, ғимарат, иең қайда?!

Шаруасы шырайлы, жұмыстары жүйелі жүргізіліп жатқан Жәнібек топырағында көңіл марқайтарлық толымды істердің тізімін түгендесек, газет бетінен көлемді орын алары хақ. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жақсарып, аудан орталығының да ажары арта түсті. Ауданның келбеті жыл өткен сайын жаңарып, жаңа нысандар пайдалануға берілуде. Құрылысы қарқын алған ауданның бүгінгі тіршілігіне тұрғындары дән да риза. «Көрсетпесек көрмей ме?» деуден аулақпыз. Десе де, қаусап, қираудың алдында тұрған бос ғимараттар көңілді түсіреді.

Көргіш көзімізге былтырдан бері ілініп, тынышымызды кетіріп жүрген дүние «иесіз қалған» ғимараттар. Дәл осы тұста Қыз Жібектің Ақбозатына «Иең қайда, Ақбозат, иең қайда?!» деп еңіреп етегі тола жоқтағаны еріксіз еске түседі екен. Себебі бұл ғимараттар біреуге тиесілі екені анық. Халық көкейіндегіні қалам ұшымен көрсетуді жөн санаған біздерді дәл осылай тақырып көтеруге қаңырап қалған нысандардың жайы тағы да итермеледі. Иесі жоқ ғимараттардың күйі нендей халге түсетіні айтпаса да түсінікті. Ішінен не іздейтінін кім білсін, әйтеуір, белгілі тұрағы жоқ кезбелер осындай жерлерге үйір-ақ. Құлағымыз шалады, олардың топталып келіп, ішімдік ішіп, көңіл көтеретін орындары да осы жерлер екен. Аптап ыстықта осы жақтан шыққан қолқаны қабатын жағымсыз иіс желді күндері ауаға тарап, маңайынан өтіп бара жатқан адамның жүрегін айнытады. Қоқыс төгетін алаңның да күйін кешетін ғимараттар маңайы толық антисанитариялық жағдайда. Ал биылғыдай ыстықта бұл жерден түрлі жұқпалы аурулардың тарамасына ешкім кепілдік бере алмайды. Қаңғыған ит-мысық та осы маңда. Сол жердің тұрғындарының мазасын қашырады. Тұрғындардың айтуынша, аумалы-төкпелі заманда жекеменшікке өтіп кеткен ғимараттардың қаңырап бос тұрғанына біраз болған. Бастапқыда күзет қойылғанымен, кейінгі жылдары мүлде қараусыз қалып, талан-таражға түсіпті. Бар мүлкі ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен ғимараттар ауыл ажарын бұзып, келбетіне нұқсан келтіріп тұр. Есік-терезесі үңірейген нысандардың қаңқасы ауыл жасөспірімдерінің бас қосатын орнына айналған. Бос уақытта әрнәрсені ермек қылған олардың не тындырып жүргені тағы белгісіз.

Сөзімізді деректермен нақтылар болсақ, ауданымыздың А.Иманов көшесінде орналасқан, ертеректе «Сельхозтехника» өндірістік бірлестігі болған үлкен мекеменің де сиқы қашқан. Бүгінде оның қоймасы бір кәсіпкерде болса, екіншісі тағы біреуде, ет шабатын жері басқада. Ең сорақысы сол маңайларда балалардың ойнайтындығы көңілге алаң туғызады. Үлкендердің қарауынсыз ойнап жүрген балалардың үйінді астында қалмасына, болмаса жоғарыда айтып өткен кезбелердің тарапынан жәбір көрмесіне кім кепіл?! Қауіп-қатер аяқ астында. Жамандықтың бетін әрі етсін, дегенмен, сақтансаң сақтайды емес пе?

Рузиан Қуанышқалиева, А.Иманов көшесінің тұрғыны, зейнеткер:

-Мынадай ғимараттарды көріп, жаным ашиды. Кішкентай кезімнен осы дүркіреп тұрған өндірістік бірлестіктің жұмысын көріп өстім. Моторный цехтың станоктарын, козловой крандардың жұмысы көз алдымда. Қазір олар талан-таражға түсіп, ауылдың көркін бұзды. Көше көркін бұзғаны өз алдына, немерелерім бар. Демалыста қонаққа келеді. Үйім «Сельхозтехниканың» қақ ортасында орналасқан. Бала түсіне ме. «Барма, басыңа бірдеңе түсіп кетеді. Әлде шұңқырға құлап кетесің» деп айтып отырамыз. Бірақ баланың аты бала. Мысалы күндіз балаларды өздерін үйге тастап кете алмаймыз. Неге? Себебі қараусыз қалған ғимараттарда арақ ішіп, желім иіскеп жас жігіттер отырады. Тіпті, күндіз есікті құлыптап отырамыз. Шыны керек, қорқамыз. Бұрынғы өндірістік бірлестіктен үлкен бөшкелер қалған. Сол бөшкелерді біреулер қазып, алып кетті. Ал сол қазылған жер үңірейіп, шұңқыр болып қалды. Соны неге жауып кетпеске. Сонымен қатар, сол маңда тоған болған. Көктем, күз мезгілінде сол тоғанға су жіберіп тұратын. Мал су ішіп, керемет жер болды. Осыдан бес жыл бұрын болар, шатаспасам, су жіберуді тоқтатты. Ол тоған қазір күл-қоқыс төгетін жерге айналды. Осы мәселе бойынша үш жыл бұрын ауылдық округ әкіміне хат жазғанмын. Жауап болмады, — деді зейнеткер.

Зифа Жұмашева, А.Иманов көшесінің тұрғыны, зейнеткер:

«Бұрынырақ бұл өндірістік бірлестікті сатып алды деп естідік. Бірлестікте орналасқан барлық ғимарат бір адамда емес. Бөліп-бөліп алып, жекешелендірген. Менің естуімше, ауылдағы кәсіпкерлер Қ.Татранов, Қ.Неғметов, Ұ.Қыдыровтар осы ғимараттардың иелері. Пайдалыларын тасып алып кетті. Енді, мінекей ашық-тесік, құлау қаупінде тұр. Ал, сол ғимараттарда балалар ойнайды. Алла сақтасын, жаман айтпай жақсы жоқ дейді. Егер ғимараттардың жары немесе сынып тұрған шатыры құлайтын болса, одан аман қалмайтының анық. Бұл мәселе қанша жылдан бері айтылып келе жатыр. Бір жағына қарай шығу керек. Ғимарат иелері оларды бұзсын немесе адам баласы кіре алмайтындай қоршаулар тұрғызсын.»

-Бір жылы «кулинария» болған ғимараттың шатыры аулаға ұшып түсті. Дәл сол жылы аулаға асқабақ еккенмін. Шатырдан түскен шифер барлық еккен асқабағымды, бір сөзбен айтқанда қопарып тастады. Абырой болғанда, ол жерде ойнап жүрген бала болған жоқ. «Кулинарияны» сатып алған кәсіпкер Ұ.Қыдыровке бардым. Айттым. «Сіз одан да менің ғимаратыма бас-көз болыңыз» деп жауап қайтарып, күлді. Ғимарат терезелерінің әйнектері болған. Оны да «тентектер» сындырды. Қазіргі түрі қорқынышты. Белгісіз біреулер сыра, ішіп, бөтелкелерін тастап кетеді. Артынан жинап жүремін. Күні кеше бөтелке толы бір пакет тастап кетті. Күл-қоқыстың арасында өмір сүріп отырмыз. Жеке меншік болса, бірдеңеге айналдырып, дүркіретіп отырмай ма? Осы айналада тұратындардың көбі зейнеткер. Қарттығымыз күл-қоқыс өртеп, үнемі үреймен өтіп жатқанына қатты қынжыламын. Бір күні ажалымыз сол ғимараттардан болса, таң қалмаймыз,- деді зейнеткер Аққаным Омарова.

Бұл тек ауылдың бір бөлігінде орналасқан қараусыз ғимараттың мәселесі. Газет редакциясы бұдан бұрын да осы мәселеге тоқталған еді. Еш нәтиже болмағаннан кейін, оның үстіне тұрғындардың жанайқайы бұл мәселені қайта көтеруге итермеледі. Не десек те, байыпты бастамалары мен айшықты істері арқылы шырайы артып келе жатқан Жәнібектің бүгінгі келбетін сұрықсыз немесе қараусыз қалған ғимараттар бұзбауы тиіс.

Гүлзара ТІЛЕКҚАБЫЛҚЫЗЫ