5.02.2021, 14:47
Қараулар: 124
Хоббиін кәсіпке айналдырмақ

Хоббиін кәсіпке айналдырмақ

Құс шаруашылығы — мал шаруашылығының ең тез жетілетін, әрі тиімді бір саласы. Бұл саланы қолға алсаң, аса қысқа уақыттың ішінде еңбекті де, азықты да, қаржыны да аз жұмсап, жұғымдылығы жоғары өнім – етті және жұмыртқаны жылдың төрт мезгілінде де көп мөлшерде өндіруге болады.

Жәнібек ауылының тұрғыны Әділет Қайырғалиев құс өсіруді қолға алған. Асыранды құстарды қолда өсіріп жатқан ол бұған бала күнінен әуес болғанын айтады.

Әділеттің ауласы құдды құстар бағы дерсің. Ол қаз, үйрек секілді құстардан бөлек күркетауық, адлер күміс тауықтарын өсіреді.

-Әр құстың өзіндік ерекшелігі бар. Ілімін білмесе, оны босқа өлтіріп алуың мүмкін. Бала кезімнен құсқа қызығушылығым басым. Сондықтан әр құстың күтімін, қажетін білемін. Көбіне қалада жүргесін құстарды аз өсіретінмін. Биыл құс шаруашылығын қолға алдым. Балапандарды ауданда ұйымдастырылған құс жәрмеңкесінен, Орал қаласынан арнайы алдырдым. Барлығы тәжірибемен келеді. Балапандар 1-2 ай ерекше күтімді қажет етеді. Баптап өсірген балапандар бүгінде жемісін беруде. Жаз мезгілінде ауламда құстар көп болды. Салқын түсе құстың санын азайттым. Үйрек пен қазды семіртіп, етін пайдаланамын. Ал күркетауықты «табиғи инкубатор» деп атауға болады. Бір күркетауықтың өзі көктемде бір басқанда 30 балапаннан басады.  Олардың екі мәрте жұмыртқа басуға мүмкіндігі барын ескерсек, пайдасы орасан зор. Күркетауықтардың тағы бір ерекшелігі қыста аязға қайғырмайды. Ал қалған құстарға ерекше күтім, жұмыртқа бастыру үшін жылы қора керек. Құстардың еті де өте дәмді болады ғой. Бірақ адамдардың барлығы бірдей құс өнімдерінің қаншалықты пайдалы екенін түсіне бермейді,-дейді Әділет Жасдәуренұлы.

Құстардың арасында әдемі күміс түсі бар тауықтар көзге түсті. Олар адлер күміс тауықтары екен. Құс өсіруші адлердің күміс тұқымы еттің дәмімен және жұмыртқаны тұрақты түрде салуымен танымал екенін айтады. Сондай-ақ бұлар сабырлы мінезімен ерекшеленеді.

Әділет болашақта хоббиін кәсіпке айналдырғысы келеді. Кенже қалған кәсіп түрін жандандыруды мақсат етіп отыр.

Ә. САДЫҚ

 

Ауыл шаруашылығы

Басқа да мақалалар