8.02.2021, 9:40
Қараулар: 781
Жәнібектің құрметті азаматы

Жәнібектің құрметті азаматы

Жасы сексенге келсе де елгезек те ширақ қимылды, әрдайым жүзінен шарапат нұрын шаша күлімдеп тұратын Қозыкеш Қасымұлының қарттыққа бой ұсынбай сергек көрінуін өз басым еңбекқорлығынан болар деп жорамалдаймын. Жәнібек ауданының құрметті азаматы  атағын иеленген қадірменді азамат,  КСРО және  ҚР денсаулық  сақтау ісінің үздігі, білікті дәрігер, тәлімгер ұстаз ретінде өз ортасын әлдеқашан мойындатқан Қозыкеш Омаров тектен нәр алғанның тозбайтынын өзінің абыройлы өмір жолы арқылы дәлелдеген  абзал азамат. Қозыкеш ағаның әкесі Қасым Омаров «Қызыл Жұлдыз», І дәрежелі  «Отан соғысы» ордендерімен және бірнеше медальдармен марапатталған Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақ КСР-не еңбек сіңірген мұғалім, Жәнібек ауданының құрметті азаматы атағына ие болған жан болатын. Аяулы анасы Орынғаным  ұятын арымен көмкерген, жоқтан бар, аздан зор жасай жүріп ұлы мен қызына тәлімді тәрбиені сіңіре білген қайсар адам екен. Үлкен-кішімен әп сәтте тіл табысып кететін Қозыкеш ағамен алғаш таныстығымыздың өзі игілікті шараға қатысу тұсында болғанды. Елдікке ұйытқы, ерлікке үлгі істерін кейінгі ұрпақ өнеге етіп, жырға қосқан қазақтың қайсар, қаһарман қызы Мәншүк Мәметованың есімін ұлықтау мақсатында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, қамыстылық Амангелді Уәлиев, ауданның құрметті азаматы атанған Қозыкеш Омаров, Өтебай Құспанов, Асқар Ақышевтай ағаларымыз бен елжанды Ерболат Байрамов, марқұм Жанболат Ғұмаров сынды атпал азаматтардың бастамашы әрі қаржылай демеу болуымен жергілікті мүсінші Жандарбек Өтеғалиев батыр қыздың мүсінін сомдап шығарды. 2018 жылдың қазан айында Қамысты ауылында Мәншүк Мәметованың кеудемүсіні орнатылған болатын. Қамысты ауылында  өткен салтанатты шараға қатысып, шарапатты іске ұйытқы болған абзал ағалардың бірі Қозыкеш Қасымұлымен сол кезде танысқан едім. Қозыкеш аға әңгіме барысында біздің музейдің қорына Қазақ Кеңес энциклопедиясының 12 томдығын тапсырамын деп уәде еткен-ді. 2019 жылдың шілде айында кезекті еңбек демалысымды алып Жаңақала ауылындағы оңалту орталығында демалып жатырғанымда Қозыкеш Қасымұлы хабарласып «Қызым, былтыр  уәде еткенімдей қолымдағы жәдігерлерімді туған жерімдегі музей қорына тапсырсам дегем. Жаңақалада екенсің, шипажайға апарып, өзіңе табыстайын», -деп уағдаласты. Келіскен күні Қозыкеш аға зайыбы Жаңылсын апамен бірге келіп, Қазақ Кеңес энциклопедиясының 12 томдығын, үш «Ежегодникті», «Ақжайық өңірі» медициналық журналының 2018 жылғы №2 (22) нөмірін  қолыма ұстатты. Өзі екі жыл басшылық тізгінін ұстаған шипажайдың кітапхана қорына бұрын 500 дана түрлі жанрдағы көркем әдебиеттерді сыйға тартқанын айта келе, осы сапарында да жиырмаға жуық кітапты дәрігер Зәуреш Ғұмароваға кітапхана қорына беру үшін аманаттап тапсырғанының куәсі болып едім. Облысымыздың денсаулық сақтау саласында қолтаңбасы сайрап жатырған ардақты жанмен сұхбат құруға бел будым.

«1942 жылы 1 тамызда Жәнібек ауылында дүниеге келдім», — деп әңгімесін бастады Қозыкеш аға.Ұлы Отан соғысынан қансоқта болып, қалжырап шыққан елімізде өткен ғасырдың елуінші-алпысыншы жылдары дәрігерлер тапшы еді ғой. Тәуіп іздеп тентіреп, емші іздеп есі шыққан талай жанның дәрігерлік көмекке мұқтаж болып, дер кезінде емін ала алмай, көз жұмғанын да көре қалдық. Сол жылдары ауыр тұрмыс әбден титықтатқан аурушаң адамдар көп кездесетін. Жұпыны тұрмыс жүдетпей қоя ма, балалардың арасында қазіргі күні жойылған тері аурулары жиі орын алатын. Өзім де көкжөтел, безгек ауруымен ауырдым. Жәнібек аудандық ауруханасында дәрігер-фельдшер, кейін дерматолог болып қызмет атқарған Хайрош Тасболатов балалардың басында кездесетін «саңырауқұлақ» таз ауруынан емдеу үшін осы науқасқа шалдыққан балаларды ауруханаға алып, бастарына тиісті дәрілерін жағып, қышыма, қотыр ауруларын емдеу үшін  өзі қоспа дәрілер жасап, емдеп шығарушы еді.  Менің де басыма жара шығып, ағайдың көмегіне жүгініп, құлан-таза айыққан едім. Ауыл ақжелеңдісінің кісілігін, біліктілігін бала кезден көріп өскендіктен, «Хайрош ағадай халықтың қалаулы дәрігері болсам ғой, шіркін-ай!» деп армандайтынмын. Шүкір, арманым орындалды. Жәнібектен қазақ орта мектебін (қазіргі Т.Жароков атындағы жалпы білім беретін орта мектеп) бітірген соң дәрігерлік мамандықты қалап, 1959 жылы Орал қаласындағы медициналық училищенің фельдшерлік бөліміне оқуға түстім. Мамандық алып шыққан соң 1962-1968 жылдары Жәнібек ауданының Орда, Бисен, Т.Жароков  атындағы кеңшарында учаскелік ауруханада фельдшер, кейін аурухана меңгерушісі болып қызмет атқардым.  Орал медициналық училищесінің  акушерлік бөлімін бітірген  Жаңылсын  Қалекешқызы Ыдырысовамен шаңырақ көтердік. Мамандығымыз, өмірлік көқарасымыз бір болғандықтан тату-тәтті ғұмыр кештік, бес ұлымыз дүниеге келді. Білімімді тереңдету мақсатында  1968 жылы Ақтөбе қаласындағы медициналық институтқа түсіп, жоғары оқу орнын 1974 жылы үздік бітіріп шығып, 1974-1986 ж.ж. Чапаев, Ақжайық, Шыңғырлау аудандарында бас дәрігер, 1986-1995 ж.ж. «Ақжайық» шипажайының директоры, 1995 жылдан БҚО денсаулық сақтау басқармасының бөлім меңгерушісі, облыстық аурухана бас дәрігерінің орынбасары, 2005 жылы зейнеткерлікке шыққан соң БҚО денсаулық сақтау басқармасы бастығының кеңесшісі қызметін абыроймен атқардым.  «Өмірдің басы –балалық шақ, ортасы –азаматтық есею, соңы – қарттық кез» деп бүкіл адам ғұмырын жүйелеген Шәкәрім қажы айтпақшы,  саналы ғұмырымызды адал еңбекке арнап, өзімізді қамшыладық. Ауылда жұмыс істеген мезгілде  қалың қарда, лайсаң жаңбырда, аптап ыстық пен саршұнақ аязда ат арба, атшанамен, кейде ауыл атқамінерлерінің көлігіне селбесе жүріп, күн-түн демей көмегімізге мұқтаж жаннан шақырту түс сімен құстай ұшатынбыз. Чапаев аудандық ауруханасын басқарып тұрғанда, 1976 жылы ауданға денсаулық сақтау министрі Төрегелді Шарманов келді. Т. Шарманов менің студент кезімдегі ректорым. Медициналық институтта оқып жүрген кезімде студенттердің кәсіподақ ұйымының жетекшісі қоғамдық жұмысын атқарған едім. Зады зерек министр мені бірден таныды. Аурухананың үшінші қабатына су көтерілмейді. Амал жоқ, барлық әжетханалардың су құтыларын қолмен тасып толтыруға тура келді. Министр «Қәне, өзің басшылық жасайтын аурухананы көрейік» деді. Жинақылық, стерильді тазалықтың үлгісі адамды өзіне әп сәтте баурап алады емес пе? Министр  бөлмелерді аралай жүріп, бір әжетханаға бас сұғып, жібін тартып қалғанда құтыдағы су сарқырай жөнелді. Жұмысыма разы болған ұстазым сәттілік тілеп, жігерлендірер тілегін айтып, арқамнан қақты. Кейін менің осы «зиянсыз өтірігім» еселеп пайдаға асып, министр ауданға медициналық  құрал-жабдықтар, бес автокөлік жібертіп еді.

2011 жылы шілденің соңғы күндерінің бірінде зайыбым Жаңылсын екеуіміз дүкен аралап жүргенбіз. Ұялы телефоныма кадр бөлімінің бастығы Берік Хасаинов хабарласып, басқарма бастығы  Қамидолла Мұтиғоллаұлының іздеп жатырғанын жеткізді. Барсам Қамидолла Мұтиғоллаұлы кабинетінде жалғыз өзі отыр екен. Хал-жағдайымды сұрастырғаннан кейін: «Жаңақаладағы сауықтыру орталығы басшысыз қалды. Сіздің тәжірибелі маман екеніңіз бізге белгілі, сондықтан жаңа жылға дейін сол орталыққа басшы болып барсаңыз қалай болады?», — деді. Ойлануға уақыт тапшы екендігін білгеннен кейін келісімімді бердім. «Ендеше ертең таңда басқарма бастығының бірінші орынбасары  Ғизатолла Темірұлы алып барады», — деді. Облысымыздағы аудандардың біразында болғанмын, бірақ осы Жаңақалаға жолым сирек түсіпті. Кей азаматтарын танығаныммен, ауданды жақсы біле бермеймін.  Есіме жадтағы ескі оқиғалар түсе бастады. 1981 жылы да Ақжайық ауданында қызметте жүрген кезімде сол кездегі басқарма бастығы Бақтығали Ахметов шақырып алып:«Ақжайықта кез келген  жұмыс істей алады, Шыңғырлауда 180 төсектік аурухана, бір мезетте 300 адам қабылдарлық мүмкіндігі бар емхана биыл пайдалануға берілді, соны дұрыс ұстайтын басшы керек, сонда барасың», — деген-ді. Ол кезде де танымайтын ел, бейтаныс ұжым. 1981 жылдың 1 тамызы. Туған күнім. 39 жас. Міне, арада 30 жыл өткенде, дәл сол туған күнімде Жаңақаладағы сауықтыру орталығына келе жатырмын. Жастығым жоқ, коммунистік көзқарас жоқ, бәрі өзгерді. Басқару да басқаша болар?.. Нарықтың талабына, денсаулық сақтау саласындағы реформаларға, жаңа медициналық сұраныстарға орайластырылып жұмысты жолға қоя алам ба?  Жол бойы осы сұрақтармен мазаланып келдім».

          Еңбекқор аға жасы сол кезде жетпісті алқымдап қалса да 2011-2013 жылдары Жаңақала ауданаралық сауықтыру  орталығының  директоры қызметін абыроймен атқарды.  Ұзақ жылғы ізденісінің нәтижесінде 2005 жылы «Орысша-қазақша медициналық сөздігін» шығарды. Адал еңбегі еленіп, ҚР тәуелсіздігінің 25 жылдығы медалімен және «Еңбек ардагері» төсбелгісімен марапатталды. 2013 жылдан  «БҚО медицина қызметкерлерінің  ардагерлер одағы» қоғамдық  кеңесінің төрағасы қызметін атқаруда. Асылдың сынығы, тұманың тұнығындай ағамыз биылғы жылдың ақпан айында маған қоңырау шалып «Жәнібек музейінің қорына Жәнібек ауданының құрметті азаматы атағын иеленгендер туралы  көрнекілік жасап беремін, олардың тізімін, суретін берсең» деп хабарласқан соң, аудандық мәслихаттан 1981-2019 жылдар аралығында ауданның құрметті азаматы атағын алған 56 адамның тізімін алып, құрметті азаматтар туралы деректерді яғни, суреттер мен өмірбаяндарды жан-жақтан іздестіріп, толықтырып, Қозыкеш Қасымұлына электрондық нұсқасын жеткізген болатынмын. Өз кезегінде Қозыкеш Қасымұлы Орал қаласынан арнайы ауданға келіп, «Жәнібек ауданының құрметті азаматы атағын иеленгендер» атты тамаша көрнекілікті музей қорына аманаттап тапсырды.

«Заманы  жақсы болса, қариясы жас көрінеді» деген,  әрдайым күлімсіреп тұратын Қозыкеш аға жасы сексенге келсе де FACEBOOK және WhatsApp әлеуметтік желісінің әлеуетін керемет игергеніне өз басымыз куә болып жүрген жәйіміз бар. Осы мақаланы жазу барысында да осынау желілердің көмегін ағай екеуміз  ұтымды пайдалана білдік.

Меңдігүл ФАЗЫЛОВА,

ҚР Журналистер одағының мүшесі, 

аудандық музей бөлімінің меңгерушісі