8.02.2021, 9:53
Қараулар: 97
Қайырлы істің ұршығын иірген жерлестер

Қайырлы істің ұршығын иірген жерлестер

Қайырымдылық жасау үшін асып-тасып бай болудың қажеті шамалы, ең бастысы мейірімді жүрегің мен таза ниетің болса жеткілікті. Кез келген қиын жағдайда адам баласы әртүрлі бағытта көмек қолын соза алады. Біреулер жаны жабырқау жүргендерді жұбата отырып күлкі сыйлауы мүмкін, ал біреулер қиын сәтте материалдық жағынан көмек береді. Міне, сондай игі істі Күйгенкөл ауылының халқы ұйымдастырды. Әсіресе карантин кезінде мұқтаж жандарға қол ұшын созған күйгенкөлдіктердің игі істері жетерлік. «Оң қолың бергенді сол қолың көрмесін» хадисіне сай берілген садақа мен жасалған жақсылықты жасырын жасау, ең абзал амалдың бірі. Дегенмен, жасалған жақсылықты көріп тұрып, жанынан өтіп кетуге батылымыз бармады.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, пандемия кезінде Күйгенкөл ауылының тұрғындары жұдырықтай жұмылып, қиын жағдай кезінде аз қамтылған отбасыларды қолдап, материалдық жағынан көмек көрсетіп, қиын жағдайда қалдырмады. Есептейтін болсақ, жалпы ауыл тұрғындары, шаруа қожалықтары, мекеме қызметкерлері және ауыл жастары бірігіп, 1 млн. 300 мың теңге тұратын көмек көрсеткен.

Әр жылы бітірген мектеп түлектері, шаруа қожалықтары, жеке кәсіпкерлер аз қамтылған, көп балалы, асыраушысынан айырылған жанұяларға, мүгедек жандарға, жалғызбасты зейнеткерлерге азық-түлік, шаруашылық заттарын әперіп, киім-кешек, ұялы телефонмен қамтамасыз етті. Мәселен, 2005 жылғы мектеп түлектері аз қамтылған Шулимовтардың үйіне көгілдір отын, яғни газ кіргізіп берді. Ал, жалғызбасты, асыраушысынан айрылған, аз қамтылған, екінші топ мүгедегі, аутизм дертіне шалдыққан баласы бар Асылғаным Әліпқалиеваның үйіне 1999 жылғы мектеп түлектері су кіргізіп берді. Сонымен қатар Ө.Сахипов атындағы орта мектептің ұжымы Асылғанымның үйін тазалап, жинап, әктеп берсе, 2000 жылғы түлектер 200 мың теңге қаржы жинап, үйінің құжаттарын дұрыстатып, оны жалғызбасты ананың атына аудару жұмыстарын өз міндеттеріне алды. Құжат дайын болғаннан кейін газ кіргізіп береді. Күйгенкөл ауылдық округінің әкімі Әлия Оспанованың айтуынша, ауылдың әлеуметтік педагогі Гүлзада Еслямова Асылғаным Әліпқалиеваның ұлын мүгедектік санатын алып, жәрдемақы алғызу үшін көп жұмыстанған.

— Облыс орталығына, аудандық ауруханаға ауылдық округ әкімі аппаратының автокөлігімен бірнеше рет апарып келді. Кітапхана ұжымы жыл сайын Асылғанымды аудандық «Шұғыла» газетіне жаздырып отырады, — деді ауыл әкімі.

Ауыл жастарының бастамасымен, ауыл тұрғындары мен аталған ауылда туып өскен жерлестердің қолдауымен «Менің жүрегім Күйгенкөл» белгісі орнатылды. Ауыл үлкендері, аудандық қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі Жұпар Хамзина, ақсақалдар алқасының төрағасы Ғарифолла Әбдірешев, ауылдық аналар кеңесінің төрайымы Жеміс Бисенованың бастамасы және қолдауымен соғыстан аман қайтып келген жерлестерге ескерткіш орнату жұмыстары жүргізілуде. Ауыл тұрғындарының қаржылай көмегімен тақталарға тапсырыс беріліп, қажетті құралдар алынуда.

Сондай-ақ, Жасұлан Темірғалиев пен ауылдағы шаруа қожалықтарының көмегімен «Үштамақ» сайы бөгелді. Ауыл тұрғындары алдағы уақытта «Үштамақ» сайына су жиналған кезде Құрсай, Көлтабан елді мекендерінің төрт түлігіне ішетін су мол болады дейді.

Сонымен қатар 1976 және 1987 жылы туған күйгенкөлдіктер су мұнарасының қызметін жақсартуға жұмылып, біраз тер төккен. 1977 жылғы азамат, азаматшалар ауыл маңындағы қатты қалдықтардың орнын жинап, айналасын тазартса, 1975 жылғы жерлестер ауыл мешітіндегі от жағу орнын өз күштерімен салып жатыр.

Мекеме қызметкерлері және ақылы қоғамдық жұмыста істейтіндер жалғызбасты зейнеткер Ф.Тоқсанованың ауласындағы арам шөпті жұлып, қора-қопсысын сылап, әктеп, үйін жинап берді. Сондай-ақ жалғызбасты зейнеткер Алма Рысқалиеваның отынын кіргізіп, алғысын алды. Сонымен қатар Алма Сүлейменованың үйіне қажетті құрал-жабдықтар сатып алып, есік-терезесін жөндеп берді.

«Осындай қиын-қыстау кезде халықтың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруы – ата-бабаларымыздан ұрпаққа беріліп келе жатқан жақсы қасиет. Осындай ауызбіршілік арқасында барлық қиындықтарды жеңетінімізге сенемін…» — деді Күйгенкөл ауылының әкімі Әлия Болатқызы.

«Қайырымдылық жасасаң, қайырын көрерсің» дегендей, қайырлы істің ұршығын иірген жерлестеріміз нағыз адамгершіліктің үлгісін көрсете білді. Халқымыздың қанына сіңген игі қасиетіміздің сауабы мол болғай.

Гүлзара ТІЛЕКҚАБЫЛҚЫЗЫ

Ауыл тынысы

Басқа да мақалалар