11.02.2021, 17:39
Қараулар: 725
Борсы ауылы туралы ел не біледі?

Борсы ауылы туралы ел не біледі?

Батыс Қазақстан облысының тарихы тұнып тұрған шежіре екендігіне дау жоқ. Тарихсыз ел, руханиятсыз ұлағат болмайды. Тарих өсіп келе жатқан ұрпақ үшін қажет. Ауданның солтүстік-шығысының 92 шақырымында орналасқан Борсы ауылы туралы бірі білсе, бірі білмес. Бұл өңірде Бөкей хандығы мекендеп, ғұлама ғалым, ағартушы ақын Ғұмар Қараш дүниеге келген. Көршілес Волгоград облысының Палласовка, Савинка елді мекендерімен аралас-құралас байланыста. 1925 жылы Борсы ауыл кеңесі аталған елді мекендердің кеңесіне қарасты болды. Кейін 30-ыншы жылдардан бастап, өз алдына ауылдық кеңес болып құрылып, «Энгельс» колхозына Бектас (ол жерде Бектас атты бай мекендеген, соның есімін берген), Қаракөлең, Сәкен, Байдеу ауылдары қосылып, ол ауыл Борсы атты үлкен көлдің атымен аталған. Борсы көлі Палласовка мен Савинка аралығында жатыр. Палласовка ауданының «Лиманный» совхозы бұрын «Хан көлі» аталған. Сол жерде «Таргун» өзені бар. Орыстардың тілі келмегеннен кейін солай атап кеткен. Негізі «Тарғын» сайы. Өзен Саратовтан басталып, Еділге құяды. «Тарғынның» қазақ беті Борсы деп аталады. Тарғын сайының бойында Шәңгерей ауылы болған. Қазіргі «Кумыска» курорты. Ол жерлер 1936 жылы шекара маңын белгілеген кезде Ресей жағында қалған. Борсы ауылы бұрын «Энгельс» колхозы болған. 1952 жылы Борсыға «Бірлік» совхозы қосылады. Одан кейін «Бірлік» және «Энгельс» колхоздарын «Свердловқа» (қазіргі Жақсыбай ауылы) қосады. «Свердлов» пен «Энгельс» колхозының арасында «Талов» совхозының жерлері жатты. Молочный, Шыныбай, Құнаншапқан, Жолай, Бояулы сияқты елді мекендер «Талов» совхозына қарасты болған. 1930-1931 жылдары «Үштамақ», «Қопа» елді мекендерінде акционерлік қоғам құрылып, И.Голощекин деген азамат жұмыс істеп, 1933 жылы Алматы қаласындағы министрлікке ауысып кетті. Ол кезде халықтың жағдайы өте ауыр болды. Соқамен жер жыртып, қолындағы бар малды ортаға салып, қиын-қыстау кезеңдер болған. Ауылда шағын дүкен, қызыл бұрыш, байланыс бөлімшесі, кеңсе, МТМ мекемелері жұмыс істеді. Сәкен Кенжеғалиев колхоз председателі болды. 1961 жылы Свердлов ауылына Талов ауылы қосылды. Свердлов ауылы №1, Талов ауылының қарауында болған Борсы №6 ферма атанды. 1964 жылы «Свердлов» совхозы Таловтан қайта бөлініп, бұрынғы жерлері қайта берілді. Борсы ауылы №3 ферма болды. 1982 жылы Борсы ауылы Жақсыбайдан бөлініп, бөлек совхоз болды. Сол кезде КПСС XXVI съезі атындағы қой совхозы деп аталып, Шалгез Мұхамбетқалиев басқарды. 1982-1984 жылдары аралығында көлемі 12531 метрлік 131 тұрғын үй, 1200 бастық бес сиыр, 5250 бастық жеті қой қорасы, сағатына 40 тонна мал азығын өңдейтін цех, «ЗАВ» маркалы механикаландырылған қырман, 10 орындық монша, Борсы селосында грейдерлі жол, мектеп, газ құбыры салынып, пайдалануға берілді. Совхоздың экономикасын дамыту, әлеуметтік шараларды іске асыруда оның алғашқы директоры Ш.Мұхамбетқалиевтің еңбегі зор болды. Борсы селолық советі, халық депутаттары аудандық Совет шешімімен 1984 жылы селолық совет территориясында екі мәдениет үі, бір орта, бір сегізжылдық мектеп, екі кітапхана, бір медициналық пункт, бір фельдшерлік-акушерлік пункт, бір балабақша, екі байланыс бөлімшесі жұмыс істеді. Селолық советте 222 отбасы саналып, 1988 жылы селолық советтегі тұрғын саны 1120 адамға жетті. 1989 жылы Борсы селосында типтік жобада салынған 200 орындық мәдениет үйі және дүкен пайдалануға берілді. 1988-1989 жылдары мектептегі оқушы саны 266 болды. Борсы ауылдық округіне еңбегі сіңген азаматтар жетерлік. Дәлірек айтсақ, 1991-2000 жылдар аралығында Қанат Ниталиев совхоз директоры қызметін атқарды.

Осы жылдар ішінде Борсы ауылына газ құбырын тарту жұмыстарына, көшелерді ретке келтіріп, асфальттау жұмыстары мен басқа да өндірістік жұмыстардың өркендеуіне зор үлес қосқан. 2001-2008 жылдар аралығында Борсы ауылдық округінің әкімі болған Ғайнолла Лұқпанов, 2008-2011 жылдары әкім болған Қадырбай Еркінәлиев, 2012-2014 жылдары аралығында Борсы ауылының әкімі қызметін атқарған Ербол Қуанов, 2014 жылдан бастап қазіргі күнге дейін Айгүл Бекқалиевалардың еңбегі сіңді. Сондай-ақ Борсы ауылында ферма меңгерушісі болған Құзайыр Әбілов, 2007 жылы Борсы ауылдық газ пайдалану учаскесінде қызмет еткен Самат Наурызәлиев, 1986-1989 жылдары КПСС XXVI съезі атындағы совхозда түрлі техникалық салада қымет атқарған Қайырлы Бекқалиев, газ, ауыл шаруашылығында әртүрлі қызметте болған Идият Ысқақов, 1982-1986 жылдары 26-ншы партсъезд атындағы совхозда бас есепші болған Боқан Жұмашев, өмірінің соңына дейін директордың орынбасары, ферма меңгерушісі қызметтерін атқарған Әбділахат Ысқақов, 1983-1993 жылдары аралығында бас есепшінің орынбасары және бас есепші болған Өтеген Жұмашев сияқты еңбек ардагерлері ауыл үшін тер төккен. Мерует Манхина, Жұмазия Шобанова, Майнор Камалова, Нағима Абдолова, Жемелғаным Жанабелова, Уәсила Қисамеденқызы, Қатира Құлтанова есімді тыл еңбеккерлерін атап өтуге болады. 1941-1942 жылдары Борсы ауыл советі мен Бірлік елді мекенінен 68 адам соғысқа аттанған. 1945 жылы тек он шақты адам елге оралған. Олар: Саман Атуллин, Төке Ташкенов, Қази Стамов, Қали Жұмашев, Әдиет Қарақұлов, Төлеген Қалиев, Сырым Молдағалиев.

Ауыл – ата-бабамыздың өмірге келіп, кіндік қаны тамған, маңдай тері төгілген киелі мекен. Ананың әлдиі, аялы алақаны қандай қымбат болса, ауыл соның негізгі ұясы. Сұлу сөз өрнектеген ақын, ән тербеген сазгер, қызыл тілді шешен, ел қорғаған қарапайым ауылдың қара шаңырағынан шыққан. Туған ауылдың ұлтарақтай жерінің өзі қымбат қазына. Ауыл – сол жерде өмір сүрген барша халықтың шежіресін жазып беретін мәңгілік кітабы. Өзінің туған жерін жан жүрегімен сүйіп, сырын ұғып өскен ұрпақ қана ұлттық пердесін сақтай алады.

Гүлзара ТІЛЕКҚАБЫЛҚЫЗЫ

Ауыл тынысы

Басқа да мақалалар