11.02.2021, 17:45
Қараулар: 716
Келешегі кемел Ақоба-Жұмат

Келешегі кемел Ақоба-Жұмат

Ақобаның қасиетті топырағында ІІ дүниежүзілік соғысқа қатысушы, кіші лейтенант, взвод командирі Н. Чуриков, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Қ. Мусин, ақын Х. Өтеғалиева, хас батыр, полк комиссары Х. Халиуллин, шопан, Социалистік Еңбек Ері Төлеш Әбдірахманов сынды танымал тұлғалар дүниеге келді. Ақоба-Жұмат  атауы  қайдан  шыққан? Бұл  туралы   нақты  деректер  сақталмаса  да  ел  аузындағы   аңыз   әңгімелерге  сүйенген болжамдар бар. Мамай  қорғанында  (қазіргі  Волгоград  қаласында)  тұрған  Телағыс  деген  батыр  науқастанып  еліне  қайтып  келе  жатқанда  осы  жерде  қайтыс    болып,  жерленген  екен.  Соған  халық  ескерткіш  ретінде  басына  үлкен  оба  үйеді. Оба алыстан  күнмен  таласа  шағылысып  жататындықтан  «Ақ  оба»    атанған.

Тоқыраудан аман қалған алтын бесік

         2000 жылдары ауылдарды әлеуеті жоғары, орта және болашағы жоқ ауылдар деп бөлді. Бұл да жығылғанға жұдырық болып тиді. Мәселен, сол жылдары облыс басшылығының солақай саясатының кесірінен ауданнан Ақоба ауылы «болашағы жоқ ауыл» деген санатқа еніп кетті. Осы бір ауыз сөз орманға тиген өрттей қаулап, онсыз да «ендігі күніміз не болады» деп, дағдарып отырған тұрғындардың жайлы жер іздеп үдере көшуіне түрткі болады. Осылайша сүттей ұйыған ауылдың іргесі сөгілді. Бұрынғы ферма, бөлімшелердің ізіндегі шағын елді мекендерде қалса, түтін түтеткен бірер шаңырақ қалған шығар.

1997-2000 жылдары жұмыссыздық салдарынан ауылдан қалаға жаппай қоныс аудару үрдісі белең алды. Шаңырақтарын сатып кеткендерден гөрі, бұзып алғандар көп болған. Нәтижесінде қираған үйлердің орнында үйінділер ғана қалды. Әп-сәтте халқы азайып, қаңырап қалған ауылдың бейнесі әлі көз алдымызда. Оның үстіне «Ақобаның болашағы жоқ, сондықтан оны басқа ауылға қосады, орта мектепті тоғызжылдық етеді екен», — деген қаңқу сөз желдей ескен. Содан не керек, ауылда туған топырақты қимай, жарқын болашаққа сенген отбасылар ғана қалды. Сөйтіп біздер басымызға түскен қиындықты ел болып бірге еңсердік. Ауылымыз осы сүзгіден аман-есен өтіп, өзінің «ауылдық округ» деген мәртебесін сақтап қалды,- дейді ауыл ақсақалдары.

Ауылдың болашағы жарқын

         Ақоба ауылдық округінің әкімі Мақсат Жаналиевтің айтуынша, қазір ауыл тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы қаламен салыстырғанда ешбір кем емес.

-Жабылып қалған балабақша қайта ашылды. «Көш жүре бара түзеледі» деген, бертін келе ауылға «көгілдір отын» мен ауыз су тартылды. Орта мектеп жанынан шағын спортзал салынып, пайдалануға берілді. Ұялы байланыс жүйесі іске қосылды. Ауылдық мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. ФАБ күрделі жөндеуден өтіп, жарқырап тұр. Бүгінгі күнде Х.Халиуллин атындағы орта мектепте 136 оқушы, мектепалды даярлық тобында 7 оқушы білім алуда, 5-6 жастағы балалар мектепалды даярлықпен толық қамтылған. Балабақша да бала саны жеткілікті. Жылдан жылға ауыл орталығын көркейту мақсатында абаттандыру, жарықтандыру жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде, — дейді ауыл әкімі.

Басты мақсат — ауылды көркейту

Ауылды абаттандыру бағытында ағымдағы жылы ауыл орталығында балалар ойын алаңын қоршау жұмыстары  жүргізілді. Сонымен қатар орталық саябақты абаттандыру мақсатында ұлттық нақышта шаңырақ, домбыра мүсіндері және көше атауларын орнату жұмыстары іске асты. Бүгінгі күні субұрқақ құрылысы жүргізілуде.

Әр жылы бітірген мектеп түлектерінің қолдауымен ауылдағы мектептің ауласы жарықтандырылып, мектеп ауласындағы ескерткіш тұғырын жаңарту, орта мектеп ауласын абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Ауыл жастарының және ауыл кәсіпкерлерінің қолдауымен жерлес ақын Жанғали Мырзәлиевтің кітабы жарыққа шығып, тұсауы кесілді. Жергілікті кәсіпкер, ауыл жанашыры Абай Жұмақұловтың қолдауымен ұлттық асық ату ойын алаңын салу жоспарланған.

Ауыл мал шаруашылығымен көрікті

 «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды субсидиялау шараларына ауылдың шаруа қожалықтары белсене қатынасып, 35 млн 155 мың теңге демеуқаржыға қол жеткізіп отыр. Осылайша ауылдық округте орналасқан шаруа қожалықтарының мемлекет тарапынан асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды субсидиялау шараларына қатынасуы 72%-ды құрап отыр. Бүгінде ауылда 43 қожалық бар.

Ауыл шаруашылық техникалар базасы да жаңартылып, шаруа қожалық иелері  ұңғымалау әдісімен өз қыстақтарынан құдықтар қаздырып, күн батареяларын орнатуда. Инвестициялық салымдары 79 млн 776 мың теңге көлемінде субсидияланып отыр.

 Ауылда кәсіп ашуға қолдау бар

 «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының екінші бағыты аясында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының қаржылай емес қолдау операторы ретінде ұйымдастырған «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздерін оқыту жобасына 13 тыңдаушы қатынасып, «Игілік» бағдарламасы аясында 3 жеке кәсіпкер және 1 шаруа қожалық иесі 12 млн 200 мың теңге көлемінде несиеге қол жеткізіп, мал басын көбейтсе, 2 аз қамтылған отбасы 550 мың теңге көлемінде қайтарымсыз несиеге қол жеткізді. Аталмыш бағдарлама аясында ауыл тұрғындары несие алуға ниет білдіруде.

Жалпы, ауыл шаруашылығы саласында жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік және салалық бағдарламалар арқылы ауылдық округтегі ірі қара малының саны қазіргі уақытта 5345 басты құрап 108%-ға жетіп отыр.

Ауыл әкімі Мақсат Нұрболұлының айтуынша, ауылда өзекті мәселелер де жоқ емес. Ауыл әкімі аудан орталығына қатынайтын аудандық маңызы бар 23 км. жолды күтіп ұстау, Х. Халиуллин атындағы орта мектептің ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу мәселесі уақыт өте шешілетініне бек сенімді.

                                                                Ә. САДЫҚ

Ауыл тынысы

Басқа да мақалалар