18.02.2021, 17:28
Қараулар: 888
Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі туралы

Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі туралы

29 маусым 2020 жылы Қазақстан Республикасының Әкімшілік Рәсімдік-процестік кодексі қабылданды, 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Жаңадан қабылданған Әкімшілік рәсімдік кодексі азаматтардың құқығын  сапалы қорғап, заң үстемдігін сақтаудың кепілі болмақ.

Аталған кодекс мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыруға байланысты қатынастарды, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібін реттейді.

Мемлекеттік органдар, әкімшілік органдар, лауазымды адамдар, сондай-ақ  жеке және заңды тұлғалар осы кодексте реттелетін қатынастардың қатысушылары болып табылады.

Әкімшілік сот ісін жүргізу соттың белсенді рөлі негізінде жүзеге асырылады. Әкімшілік  істерді бірінші сатыдағы сотта соттың атынан әрекет ететін судья  жеке-дара қарайды және шешеді.

Әкімшілік сот ісін жүргізуді мамандандырылған аудандық және оларға теңестірілген әкімшілік соттар жүзеге асырады. Егер тиісті әкімшілік –аумақтық бірліктің аумағында мамандандырылған аудандық және оған теңестірілген әкімшілік сот құрылмаса, оның соттылығына жатқызылған әкімшілік істерді аудандық (қалалық) сот осы кодексте белгілінген тәртіппен қарайды.

Талап қоюшы, жауапкер, мүдделі тұлға және прокурор әкімшілік процеске қатысушылар болып табылады.

Әкімшілік сот ісін жүргізуде өкілдік ету Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің қағидалары бойынша жүзеге асырылады.

Осы аталған кодексте татуластыру рәсімдері көзделген екен.

Тараптар өзара жол беру негізінде әкімшілік процестің барлық сатысында (кезеңінде) сот шешім шығаруға  кеткенге дейін  татуласу медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасасу арқылы әкімшілік істі  толығымен немесе ішінара аяқтай алады. Сот (судья)  тараптардың татуласуы үшін шараларды қабылдайды, оларға дауды процестің бүкіл сатысында реттеуге жәрдемдеседі.

Әкімшілік сотта әкімшілік іс талап қою негізінде қозғалады.

Мыналар сотқа берілетін талап қоюлар болып табылады:

  • дау айту туралы талап қою;
  • мәжбүрлеу туралы талап қою;
  • әрекет жасау туралы талап қою;
  • тану туралы талап қою.

Іс талап қоюды беру арқылы іс жүргізуге қабылданады. Судья осы кодексте көзделген  жағдайларды қоспағанда, ақылға қонымды мерзімде алдын ала тыңдау жүргізеді.

Сот дауды мәні бойынша шешетін сот актісі шешім нысанында шығарылады. Шешім қысқаша нысанда шығарылуы мүмкін. Шешім  әкімшілік істі талқылаудан кейін шығарылады және ауызша талқылау аяқталғананан күннен бастап он жұмыс  күнінен кешіктірілмей дайындалады. Айрықша жағдайларда әкімшілік істің күрделілігі ескеріле отырып, соттың шешімі ауызша талқылау аяқталған күннен бастап бір айдан  кешіктірілмей дайындалады.

Сонымен қатар аталған кодекстің 173- бабында соттың шешімін дереу орындауға жіберу құқығы қарастырылған.

Жаңа кодекс әкімшілік әділет институтының жаңа қарқынды жұмыс жасауына жол ашады деп күтілуде.

Ж. МАХСОТОВА,

Жәнібек аудандық сотының бас маманы