26.02.2021, 10:38
Қараулар: 774
Қамысты – тарихқа бай өлке

Қамысты – тарихқа бай өлке

Кеңес өкіметі құрылған алғашқы жылдардан бастап, жиырмасыншы жылдардың аяғында жерді бірлесіп өңдеу бірлестіктері құрылып жұмыс істейді. Отызыншы жылдардың басында осы өңірде «Интернационал», «Бірінші Май», «Алғабас», «Ағарту», «Тегісшіл» деп аталатын бес ұжымшар құрылады. 1931 жылы шөп шабу отряды ұйымдастырылып, ұжымшарды мал азығымен қамтуға жәрдемдеседі. 1934 жылы аталмыш отрядтың негізінде Кайсацк машина-трактор стансасы құрылады.

Қазіргі кеңшар орталығынан жасақталған Кайсацк МТС-і «Интернационал», «Бірінші Май», «Алғабас», «Ағарту», «Жігер» және «Коминтерн» ұжымшарларына қызмет етеді. 1959 жылы ұжымшарларды ірілендіру кезінде аталған бес ұжымшар біріктіріліп, Калинин атындағы кеңшар деп аталады. Қамысты ауылдық Кеңесінің Калинин атындағы кеңшары Тау ауылдық Кеңесінің Сталин атындағы ұжымшарының негізінде құрылады. Кеңшар орталығы Қамысты селосы болып бекітіліп, алғашқы директоры болып Мұқамаш Өтепқалиев тағайындалады. Сондай-ақ кеңшар сол кезде өз құрамына бес ферманы біріктіреді. Кеңшар әкімшілігінің сол жылғы №1 бұйрығымен 700 адам шаруашылыққа тұрақты жұмысқа алынады. Ол адамдардың басым көпшілігі кеңшар экономикасын өркендетуге белсене араласып, кейін ел құрметіне бөленеді.

1961 жылы 227 486 га мемлекеттік жер кеңшарға пайдалануға беріледі. Оның 224 769 гектары ауыл шаруашылық, 23 мың гектары егістік алқаптар болады. Кеңшардың негізгі өндірістік қоры 1 млн 577 мың сомды құрайды. 156 түрлі маркалы трактор, 75 комбайн және 55 автомашина есептеледі. Сол жылы кеңшарда 4684 бас ірі қара, 37862 қой және 645 жылқы өсіріледі. Соның арқасында мемлекетке 6368 центнер ет, 1256 центнер жүн, 2497 центнер сүт және 60745 центнер астық тапсырылады. 1965 жылы Калинин атындағ шаруашылықтың №1 бөлімшесінен (Тегісшіл) КОКП ХХVІ съезі атындағы кеңшар өз алдына отау тігіп,  бөлініп шығады. Сол аймақтағы мал, күрделі құрылыс, ауыл шаруашылық техникалары мен мал басы сол совхозға өзіндік құнымен беріліп, оның аяғынан тұрып кетуіне көмектеседі.

Өзгелерден озып туған бригадир

Сақыпқали Құрмашев – Қамысты өңіріндегі белгілі адамдардың бірі. Ол алғашқы еңбек әліппесін 1942 жылы он бір жасында «Жаңа тұрмыс» ұжымшарында бастайды. Ал 19 жасында механизаторлық мамандықты игеріп, 1950 жылдан 1961 жылға дейін Кайсацк трактор стансасында кәсібі бойынша жұмыс істейді. 1957 жылы өндіріс саласындағы үздік көрсеткіштері үшін «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталады. Еліне сіңірген еңбегі әділ бағаланып, бригадирлік қызметке жоғарылатылады. Техниканың қыр-сырын жетік меңгерген С.Құрмашев кеңшар құрылғаннан бастап қызметін абыроймен атқарған бірден-бір адам. 1966 жылы елге сіңірген еңбегі орынды ескеріліп, «Ленин» орденін алады. Ол өзгелерден сөзден гөрі іске бейімділігімен, қарапайымдылығымен, кішіге қамқорлық көрсетуімен, өмірден көрген-түйген мол тәжірибесінің молдығымен ерекшеленеді.

Еңбегі еселенген ел адамдары

Мұқамаш Өтепқалиев те Жәнібек ауданының тумасы, 1920 жылы өмірге келген. Ұлы Отан соғысының ардагері. 1942-1946 жылдары Кеңес әскерінде болып, қатардағы жауынгерден взвод командиріне дейін өскен. 1946-1948 жылдарда тұтынушылар одағы дайындау кеңесінің директоры, 1948-1953 жылдары дайындау министрлігінің Жәнібек ауданы бойынша уәкілі, 1953-1957 жылдары Ленин атындағы ұжымшардың төрағасы, 1958 жылдан 1960 жылға дейін Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы кеңшар директорларын даярлайтын Қапланбек мектебінің тыңдаушысы болады. 1960-1961 жылдары Жәнібек ауданы М.Мәметова атындағы кеңшардың бас агрономы, 1961-1976 жылға дейін Калинин атындағы кеңшардың директоры қызметін атқарады. Екі мәрте «Қызыл Жұлдыз», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет Белгісі» ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталған.

Мүніш Шетимова 1923 жылы Жәнібек ауданы, Тау ауылында дүниеге келген. 1937-1939 жылдары Қоңырат мектебінде мұғалім қызметін атқарған ол, 1939 — 1940 жылдары Тау ауылдық кеңесінде ұжымшар мүшесі болады. Содан 1959 жылға дейін 1 Май атындағы ұжымшарда сауыншы қызметін атқарса, 1961 жылғы дейін Калинин атындағы ұжымшарда сауыншы, кейін аға малшы болып та жұмыс жасайды. Ол «Құрмет Белгісі» орденімен және бірнеше медальмен марапатталған.

Сағат Прашев 1930 жылы Сайхын ауылында туған. 1957 жылы Мәскеу қаласындағы Тимириязов атындағы Ленин орденді а.ш. академиясын, 1973 жылы КОКП ОК жоғары партия мектебін бітірген. Еңбек жолын 1957-1959 жылдары Жәнібек ауданының «Орда» кеңшарында зоотехник болып бастайды. Қазталов аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, 1957-1962 жылдао аралығында аудандық Кеңес атқару комитетінің төрағасы болса, 1962-1963 жылдары Жәнібек өндірістік партия комитеті хатшысының орынбасары, 1965-1966 жылдары Тайпақ аудандық а.ш. басқарамасының бастығы, 1966-1973 жылдар аралығында Қаратөбе аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, 1973-1983 жылдары Жәнібек ауданы, Калинин атындағы кеңшардың директоры, 1983 жылдан зейнеткерлік демалысқа шыққанға дейін халық депутаттары Қамысты селолық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы болып қызмет атқарған. «Еңбек Қызыл Ту» орденімен және бірнеше медальмен марапатталған.

Кенхан Сейтқалиев 1934 жылы 1 мамырда Орда ауданының Жиекқұм ауылында дүниеге келген. 1953 жылы Жәнібек ауданы Калинин атындағы ұжымшарға көшіп келіп, осында зейнет жасына шыққанға дейін механизатор болып жұмыс жасайды. Еңбектегі жоғары көрсеткіштері үшін «Құрмет Белгісі», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен, медальдармен және ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді арттырудағы аса көрнекті табыстары үшін Қазақ ССР-інің Құрмет кітабына есімі жазылған

Ғабдрахман Әбілкәрімов Тау ауылдық кеңесінің «Жаңа тұрмыс» ұжымшарында 1937 жылы дүниеге келген. 1956-1967 жылдарда «Бірінші Май» кеңшарында жүргізуші болған. 1967-1977 жылдары Калинин атындағы кеңшарда гараж меңгерушісі, 1977-1997 жылдар аралығында ферма меңгерушісі болып қызмет атқарады. «Құрмет Белгісі» ордені және тағы да басқа медальдармен марапатталған.

Гүлім АСҚАРҚЫЗЫ

Ауыл тынысы

Басқа да мақалалар