26.02.2021, 10:49
Қараулар: 726
Ауыл – қазақтың күретамыры

Ауыл – қазақтың күретамыры

Қазіргі Ұзынкөл ауылдық округі орналасқан жерде бұрын «Қосай» атты көлтабан болған екен. Осы Қосайда 1926 жылы он шақты үйден екі серіктестік құрылыпты. Оның бірі «Ленин жолы», екіншісі «Ұмтыл» ұжымшары деп аталыпты. Оларға Тайыр Шөкеев пен Сейітқали Әжіғалиев деген азаматтар басшылық жасайды. 1928 жылы екі ұжымшардан «Ленин жолы» атты артель құрылады. Оған басқарма болып Тайыр Шөкеев тағайындалады. 1936-1938 жылдар аралығында Ұзынкөл ауылдық округінің аумағында «Жаңа тұрмыс», «Киров», «Еңбекші», «Крупская», «Жаңа өрнек», және «Ленин жолы» деген ұжымшарлар құрылады. 1950-1951 жылдары бұл ұжымшарлар біріктіріліп, Ленин атындағы ұжымшар атанады. 1963 жылдың ақпан айында ол «Жәнібек» кеңшарының бөлімшесі болады. 1965 жылдың шілде айында «Ұзынкөл» кеңшары атанып, өз алдына жеке шаруашылық ретінде танылады. Кеңшардың үш бөлімшесі болған екен.

-Ауыл — қазақтың алтын бесігі, дәлірек айтсақ, күретамыры, тынысы. Сөз өрнегін айшықтап, жырдан кесте төккен ақын-жазушыларымыз, көкірегіне ән қонақтаған әнші, сазгерлеріміз осы қарапайым ауылдың қара шаңырағынан шыққан. Өткенге көз жіберсек, бұдан жарты ғасыр бұрын 20-30 үйден құралған алғашқы ұжымшарлар мен кеңшарларды ұйымдастыра жүріп, бүгінгі дәулеті шалқыған ауылдың іргетасын өз қолдарымен қалаған алғашқы қарлығаштар – ақ шашты абзал жандар көз алдымызға келеді. Бұл – өмір, еңбек жолдары бүгінгі жастарға үлгі-өнеге боларлық атақты композитор Мансұр Сағатов, қазақ тілі оқулығының авторы Ғабдрахим Әбуханов, ҚР Жоғарғы сотының қылмыстық істер жөніндегі коллегиясының судьясы, әділет полковнигі Ғалихан Бапахов, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының иегері, еңбек ардагері Нығмет Қуанышқалиевтердің туған жері, — дейді Ұзынкөл ауылының тарихына қысқаша шолу жасаған ауылдық округ әкімі Бекежан Шарафутдинов.

Ауыл әкімінің берген мәліметіне сүйенсек, бүгінде ауылдық округтің жер көлемі 111530 гектарды құрайды. Елді мекендерге қарасты жер көлемі Ұзынкөл ауылында 7693 гектар болса, Еңбекші елді мекені бойынша 1742 гектар. Округтегі 63 шаруа қожалығының жалпы жер көлемі 64089 гектарды құрайды. Мемлекеттік жер қоры — 38006 гектар.

Үстіміздегі жылдың 1 қазанындағы мал санағы бойынша ауылдық округте 7500 бас ірі қара, 11640 бас ұсақ мал, 2425 бас жылқы, 27 түйе және 920 құс тіркелген. Ауылдық округтің құрамына Ұзынкөл, Еңбекші елді мекендерімен қатар, он тоғыз мал қыстағы кіреді.

Ұзынкөл ауылдық мәдениет үйінің іргетасы 1989 жылы қаланып, 1990 жылы халық игілігіне пайдалануға берілген. 2009 жылы қазіргі заман талабына сай ауысымына 35 адамды қабылдайтын дәрігерлік амбулатория салынып, ауыл халқына медициналық қызмет көрсетіп отыр.

2010 жылы  Ұзынкөл ауылы табиғи газбен қамту жүйесіне қосылып, ауыл халқы зор қуанышқа кенелді. Тұрғын үйлерге көгілдір отынды жеткізу жұмыстарын жәнібектік «Символ» ЖШС (басшысы Е.Елемесов) атқарған. Ауылдық округте қосымша 1,5 шақырым болатын газ құбыры тартылған. Ауылда 122 тұрғын үй мен мекемелер, Еңбекші елді мекенінде 20 тұрғын үй мен кітапхана табиғи отынмен қамтылып отыр.

Ұзынкөлдіктер үшін 2014 жыл ерекше жыл болыпты. Ауылдық елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында Ұзынкөл ауылындағы 158 тұрғын үйге «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша ауыз су кіргізіліпті. Бұрын жер құдықтардан тасып ішіп, ауыз су тапшылығын көрген тұрғындар бүгінде аталған бағдарламаның игілігін көруде.

2018 жылы жоғарыда аталған мәдениет үйіне 4144,0 мың теңге қаражат бөлініп, жазғы маусым айларында толықтай күрделі жөндеуден өткен. Көптен бері құрылысы бітпей жүрген ауылдың мешіті де шаруа қожалықтары мен ауыл тұрғындарының ерікті түрде көмек көрсетуімен 2018 жылы ашылған.

-Ауыл халқы мен жастарды бұқаралық спортқа тарту мақсатында «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында 11 млн 424 мың теңге қаржы бөлініп, «ЖәнібекТрансСервис» ЖШС құрылысшылары жазға спорт алаңын салып, пайдалануға берді. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына орай ауылдағы саябақтың ішіне соғыста қаза тапқан ардагерлерге ескерткіш орнатылып, бұл жұмыстарды 1200,0 теңгеге аудан орталығындағы «Символ» ЖШС (басшысы Е.Елемесов) жүзеге асырды, — дейді Бекежан Биболатұлы. — Ауылдық округтегі Жәнібек суару-суландыру жүйесін қайта жаңғырту бойынша құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Жобаның мақсаты – қолданыстағы тоғандарға су беруді және лиманды сумен қамтамасыз етуді жақсарту, ауыл шаруашылығының жетекші саласы болып табылатын мал шаруашылығын дамыту. Техникалық су Волгоград су қоймасынан алынып, Палласовка магистральды арнасы арқылы Жәнібек суару-суландыру жүйесіне беріледі. Аталған жұмыс жоспары бойынша КП-6 және КП-15 суландыру арнасын қайта жаңғырту, реттегіш түтіктерін, арнадан өту құбырларын, бір су тоғанын салу жұмыстары қарастырылған. Мердігер – «ҚоңырСервис БҚО» ЖШС. Құрылыстың сметалық құқны – 62496637,2 теңгені құрайды. Бүгінгі күні су тоғанының орны қазылуда. Құрылыс жұмыстарын аяқтау биылғы жылдың соңына жоспарланып отыр. Жалпы, жоба бойынша 40 шақырым суландыру арнасы жөнделіп, 700 метр жаңа арна қазылатын болады.

Оның сөзінше, округ бойынша елду мекендердегі тұрғын үйлер электр жарығымен қамтылған. Сонымен бірге «Апақаш», «Инженер» және «Алтыкашар» қыстақтары да «Ильич шамының» игілігін көруде. Ауыл ішіндегі электр жүйесінің ұзындығы он үш шақырымды құрайды. Ұзынкөл ауылдық округі әкімі аппаратының елді мекендерді жарықтандыру бағдарламасына сәйкес орталықтағы Мектеп, Телағысов, Қуанышқалиев, Жаңа құрылыс, Достық, Бейбітшілік атындағы көшелер жарықтандырылған.

Асқар ҚҰСАЙЫНОВ

 

Ауыл тынысы

Басқа да мақалалар