26.02.2021, 10:56
Қараулар: 716
Тауда бар тындырылған талай іс

Тауда бар тындырылған талай іс

Тау ауылдық округі аудан орталығынан 35, облыс орталығынан 500 шақырым қашықтықта, батыс бағытта орналасқан. Ауылдық округке қарасты 2 елді мекен бар, округтегі 289 үйде 1177 тұрғын тұрады.

Ауыл тұрғындарының негізгі тіршілік көзі — мал шаруашылығы. Округ бойынша 5110 бас мүйізді ірі қара, 8605 бас ұсақ мал, 1994 бас жылқы, 7 бас түйе, 790 құс тіркелген. Ауылда 24 жеке кәсіпкер, 50 шаруа қожалығы жұмыс істейді.

Биыл шөптің шығымы төмен болғанына қарамастан, округ бойынша жоспарда белгіленген 16 410 тонна мал азығы дайындалған. Сонымен бірге өздерінен артылғанын көршілес ауылдық округтер мен аудан орталығына шығарған.

-Үстіміздегі жылы ауылдың 11 тұрғыны «Еңбек» бағдарламасымен 555600 теңге көлемінде қайтарымсыз грант алып, өз жұмыстарын бастады. Үш кәсіпкер ауыл шаруашылығын дамыту үшін 10 млн теңге көлемінде несие алды. Жыл басынан бері 12 адам  жұмысқа орналасып, 89 адам қоғамдық жұмысқа жіберілді. Жұмыспен қамту орталығына жолықандар саны – 100 адам,  жеті адам жастар тәжірибесіне қатысса, осыншасы әлеуметтік жұмыс орындарына тартылды. Биыл округ бойынша атаулы әлеуметтік көмек алушылар 24 отбасын құрап отыр. Соның ішінде 104 адамға 6 млн 666 мың 923 теңгенің әлеуметтік көмегі көрсетілді. Күні бүгін 8 адамға  315 мың 700 теңгенің материалдық көмегі берілді. Бірінші, екінші және үшінші топтағы мүгедек балаларға, мүгедек бала күтімімен айналысатын ата-аналарға — барлығы жеті отбасыға түрлі әлеуметтік көмектер көрсетілуде. Округ бойынша бекітілген екі әлеуметтік қызметкердің қарамағында бес зейнеткер бар, — дейді ауылдық округ әкімі Нұрлыбек Төрешов.

      

Оның айтуынша, дүние жүзіне тараған пандемияға байланысты «Нұр Отан» партиясы атынан аз қамтылған және материалдық жағдайы төмен  27 отбасыға 50 мың теңгеден қаржылай жәрдем беріліпті. 108 отбасыға  коммуналдық шығындарын өтеу үшін 16 млн 200 мың, табыс көзінен айрылған адамдарға 42 мың 500 теңге олардың абоненттік және жеке шоттарына аударылыпты.

-Індетпен күрес кезінде ауыл кәсіпкерлері, жеке тұрғындар мен жастар, мектепті әр жылдары бітірген түлектер белсенділік танытып, мұқтаж отбасыларға азық-түлік пен тұрмысқа бірінші кезекте қажетті тауарларды таратып берді. Оларға өз тарапымнан үлкен ризашылығымды білдіремін. Сонымен қатар еліміздегі карантиндік жағдайға байланысты және қасиетті ораза айы қарсаңында Тау ауылының 1998 және 1990 жылғы жастары  #Бізбіргеміз эстафетасын қолға алып, ауылымыздың мұқтаж отбасыларына азық-түлік тауарларын тегін таратты. «Бари» шаруа қожалығының жетекшісі Бекболат Әбекенов әулеті атынан бір ірі қара сойып, етін аз қамтылған 25 отбасыға таратты және биылғы «Мейірбандық күндері» қайырымдылық айлығына байланысты ауыл зейнеткері Н.Бисенғалиеваның пішен ауласын жөндеп берді. Ауылдағы мешіт құрылысына қаржылай қолұшын созып, ауылдың тоғандарына су айдайтын кезде жанар-жағармаймен демеушілік көрсетті. Сонымен бірге ауылішілік жолдарды тегістеу жұмыстарына жеке техникасымен және жанар-жағармаймен атсалысты. «Дархан» шаруа қожалығының жетекшісі Дархан Зайнуллин ауылдағы бөбекжай ғимаратының қоршауын сырлауға демеушілік көрсетті. Ауылымыздың азаматы Рүстем Қарашин гүл отырғызуға арналған он вазонды сыйға тартты. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған «Туған жер» кіші бағдарламасы аясындағы жобаларды іске асыру мақсатында Ғ.Абдуллин атындағы орта мектептің 2000 жылғы түлектері Тау ауылының кіреберісіне жалпы құны 1,2 млн теңгеге қақпа орнатып берді. Осы жерден Абай көшесіне дейінгі аралыққа он жарықшам бағаны қойылды, — деді ол.

Ауыл әкімінің сөзіне қарағанда, округ орталығындағы Ғ.Абдуллин атындағы орта мектеп ғимараты «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы бойынша күрделі жөндеуден өткізіліп, оған жергілікті тұрғындардан 21 адам жұмысқа тартылған. Жөндеу жұмыстары жоспарланған уақытта аяқталып, мектеп пайдалануға берілген. Бүгінде мұнда 168 оқушы білім алып жатыр. Мектеп жанындағы шағын орталықта он бүлдіршін дәріс алуда. Тоғыз оқушы Жұмаев елді мекенінен келіп оқиды. Бұдан бөлек ауылда қырық орындық «Қайрат» бөбекжайы жұмыс істейді, қазіргі таңда карантинге байланысты кезекші топта он төрт бүлдіршін тәрбиеленуде.

Жергілікті тұрғындардың денсаулығын қорғауда округте бір фельдшерлік амбулаториялық және бір фельдшерлік пункт жұмыс жасайды. Тау ауылындағы амбулатория «Жедел жәрдем» машинасымен қамтылған.

Ауылда «Билайн» және «Актив» ұялы байланысы қолжетімді. Ағымдағы жылдың тамыз айында «Актив» ұялы байланыс операторы 3G ғаламтор желісін іске қосқан.

-Ауылдық округ орталығын жылдан жылға көркейту мақсатында абаттандыру мен жарықтандыру жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде. Төртінші деңгейлі бюджет негізінде барлығы 2 млн 58 мың теңгеге Абай көшесіне жаяу жүргіншілер жолын салу үшін жобалық-сметалық құжаттама жасақталуда. Келер жылы осы жұмыстарды атқару және орталықтағы демалыс саябағына балалар ойын алаңын салу жоспарлануда. Саябаққа 500,0 мың теңге қаржы бөлініп, ол толық жаңғыртылды: іші жарықтандырылып, домбыра, асық мүсіндері орнатылды, киіз үй тұрғызылды. Ауыл көшелеріне қосымша 265,0 мың теңгеге он дана күн көзінен қуат алатын жарықшам орнатылды. Ауыл тазалығы да үнемі басты назарда. Округтегі өзекті мәселенің бірі – халықты ауыз сумен қамту болып келсе, бүгінде су беру қалыпты жұмыс істеп тұр. Ауыз судың бір текше метрінің құны – 214 теңге деді, — Нұрлыбек Берікқалиұлы сөзінің соңында.

Асқар ҚҰСАЙЫНОВ

Ауыл тынысы

Басқа да мақалалар