1.03.2021, 9:57
Қараулар: 705
Жақсыбайда тұрады жомарт жандар…

Жақсыбайда тұрады жомарт жандар…

Халқымыз «Қайырымдылық жасасаң, қайырымын өзің көресің» дейді. Қоғамның, халықтың игілігі үшін жасалған сауапты істер садақа саналады. Қамкөңіл жанға көмек қолын созу – қайырлы іс. Отбасынан бастап, көрші-қолаң, ағайын-туыс, жалпы жұртқа көмек беру – азаматтық асыл қасиет.

Бүгінде ауданда дүниежүзін шарпыған індеттің таралуына байланысты жарияланған төтенше жағдай кезінде халықты демеп жатқандар қатары көбеюде. Олардың қатарында Жәнібек ауданына қарасты Жақсыбай ауылдық округі де бар.

Жақсыбай ауылының тұрғындары Сыдық пен Қарлығаш Коняевтар қыс ортасында үйсіз қалды. М.Өтемісов атындағы көшенің 27 үйдің тозығы жетіп төбесі ортасына түсті. Жаңа баспана сатып алуға қаражаттары болмай, бір жыл пәтерді жалға алып тұрған. Қиын жағдайға түскен отбасыға 1991 жылы дүниеге келген жастар мен ауыл тұрғындары бірігіп, 370 000 теңге жинап, құны 350 000 теңге құрайтын баспана алып берді. Қалған қаражатқа отбасын азық-түлікпен қамтамасыз етті.

Биыл ауа райының қолайсыздығына байланысты «Жақсыбай» сайының суы тартылып, кеуіп қалған болатын. Ауылдан 10 шақырым жерде орналасқан Сарыөзеннен су айдауға аудан әкімдігі «Қазсушар» РМК БҚО филиалынан уақытша қолдану үшін су сорғы сұрап алып, дизель отынына  аудандық бюджеттен 1 млн. теңге қаражат бөлінді. Дизель отынына бөлінген қаражат жетпей, ауылдың тумасы, қазіргі уақытта Алматы қаласында жұмыс жасап жүрген азамат Махамбет Пайдин 1,5 млн. теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетті. Ал ауыл азаматы Арман Мекетаев «ЗЙЛ» маркалы автокөлігімен күннің аптап ыстығына қарамастан аудан орталығынан 4 тонна жанар-жағармайды тегін жеткізіп берді.

Сонымен қатар ауылдың 1983 жылғы жастары, биыл мектеп бітіргендеріне 20 жыл болған түлектердің қолдауымен Жақсыбай көлінен арғы жағаға қатынайтын  аспалы көпір 500 мың теңгеге күрделі жөндеуден өтіп, қайта пайдалануға берді.

Одан бөлек ауылдың 1995 жылы дүниеге келген азаматтары аз қамтылған 5 отбасын, «Хиуаз» дүкенінің иесі Жасқалам Әбдірахманов 6 отбасын азық — түлікпен қамтамасыз етті. «Мәдина» дүкенінің иесі Ғалым Бөпешов көмек ретінде ауыл тұрғындарына 50 келі қант, 30 келі макарон өнімін, 14 литр сұйық майды тегін үлестірді. Жақсыбай ауылының тумасы Нұргелді Кәкімов 50 келіден 10 қап жоғары сұрыпты астық пен 55 келі макаронды Орал қаласынан алып келіп, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға тегін таратты.

Осы уақытқа дейін Жақсыбай ауылы өзінің жомарттығымен көзге түсіп, ауылдың көркеюіне де атсалысып жүр. Мәселен, Тұңғыш Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» жобасы аясында «Даңқ» саябағы толық қоршалып, ішкі сыртқы жұмыстары жасалды. Ақадыр елді мекенінде қоғамдық құдық жөнделіп, тұрғындарына пайдалануға берілді. Саябақтың  ортасына «Домбыра» мүсіні орнатылды. Ауылды көркейтуге, абаттандыруға «Байсал», «Айад», «Жігер», «Ағайын», «Саят», «Пазылбек», «Нұрхан», «Санжар-2», «Темір», «Жалын» шаруа қожалықтарының жетекшілері  атсалысты.

Қазақ халқы адам баласында көз, сөз, көңіл, қол, жол жомарттығы сынды бес жомарттық болу керек деп қараған. Жомарттықтың ең ізгі, ең асыл қасиеттер қатарына қойып, «қол жомарттығын» адамгершілік пен ізгіліктің нақты көрінісі деп бағалаған.  «Қолы ашық адам – өмірге ғашық адам, сараң адам – пасық адам» деп ұрпағын қолы ашық жомарт, ақкөңіл, ашық-жарқын болуға баулыған. Ұрпақ бойына «қол жомарттығын» сіңіруде, өнегелі ата-аналар перзенттеріне өзінде бардың барлығын көпке бөлісу, қолындағы барды елден аямау, қиналғандар мен жоқ-жітіктерге қол ұшын беру, түрлі апаттар мен ауру-сырқауға кіріптар болғандарға көмек беру, жылу атау, қамқорлық жасау, алдына бір нəрсе сұрай келгендерді құрқол қайтармау, яғни бүтін нан болса бөліп, жарты нан болса жарып жеу керегін мұқият ұғындырып, ұрпағын қолы ашық жомарт болуға, қолынан келген жақсылығын адам баласынан аямауға баулиды. Қол жомарттығы адамдарды ізгілікке жетелейді.

Гүлзара ТІЛЕКҚАБЫЛҚЫЗЫ

Ауыл тынысы

Басқа да мақалалар