1.03.2021, 10:06
Қараулар: 656
Тарихы терең, табысы ерен болған…

Тарихы терең, табысы ерен болған…

Аудан орталығының солтүстік бағытында орналасқан Талов ауылдық округі өзге ұлт өкілдері шоғырланған, бірлігі бекем ауыл. Ауыл кезінде Махан деп аталған екен. Махан деген байдың қыстағы болыпты. Маханда қызмет жоқ болғасын халық Малый–Узень өзенінің жағасында шекара бойында Маштақов деген байға жалданып жұмыс істеген. Кейін «Махан» ауылы «Маштақ» болып аталып кеткен. Маштақов ауыл тұрғындарына теректер отырғызып, егістік алқаптар егеді. Халық еңбек ете бастағасын тұрмыстары да жақсарады. Еңбектің дәмін татқан тұрғындар бау-бақша егіп, үйлер сала бастайды. Мал, құс шаруашылығы дамып, ауыл бір орында тұрақтайды.

Ақбасты тұқымдастармен атағы шыққан

«Талов» совхозы 1930 жылы құрылады. Совхозда Ресеймен шекаралас «Малый – Узень» өзені бар. 1930 жылдан бастап 1958 жылға дейін совхозды Бахтияров, Штепа, Герштанский, Ильин, Очкин деген директорлар басқарған. 1958 жылы совхоз директоры Панченко Георгий Ефимович болды. Совхозға «Племсовхоз» №452 атағы берілгеннен бастап оның ақбасты тұқымдастарымен атағы жер жарды. «Рекорд» атты бұқа ВДНХ көрмесінде I орын иемденеді. 1961 жылы совхоз Англиядан үш бұқаны сатып алып, суыққа төзімді тұқымдыларды өсіру тәсілін қолдана бастайды. Асыл тұқымды мал өсіру тәжірибесімен бөлісу үшін Абхазия, Украина, Өзбекстаннан өкілдер келе бастайды. Ауыл ауыз сумен қамтылып, үш қабатты мектеп салынады. Көгілдір отын тартылғаннан соң жаңа жеке үйлер бой көтереді.

Еңбек ерлері – ел есінде

Ауыл шаруашылығының дамуына үлес қосқан еңбек ардагерлері аз болмады. Талов ауылында тракторшы болған Иван Шекера еңбекқорлығымен ел есінде қалған. Талов ауылында оныншы кешкілік ауысымды аяқтаған. Кейін механизатор болып еңбек етеді. 1957 жылы алғаш марапатын тың жерді игергені үшін алды. 1937 жылы Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. 1976 жылы өнім жинауда жоғары көрсеткішке жеткен үшін Ленин орденімен марапатталады. 1956 жылы 19-20 қаңтар күндері Кремльде өткен тың игерушілердің бірінші жиналысына делегат ретінде қатысқан. 1976 жылы егін жинауда жоғары көрсеткіштері үшін кәсіби одақтарының Бүкілодақтық Орталық Кеңес Президиумының Құрмет грамотасымен марапатталады. 1972 жылы социалистік жарыстағы жетістіктері үшін Орал облысының «Еңбек даңқ» кітабына енді. 1978 жылы Оныншы бесжылдықтың 3 жылындағы социалистік міндеттерін орындағаны үшін облыстың  Құрмет тақтасына енді. 1981 жылы Үндістан мен Шри-Ланка елдеріне жолдамамен марапатталды. 1985 жылы Орта теңіз бойымен круизге жолдама алып, бірнеше елді аралайды. 1992 жылы Жәнібек ауданының әкімі Оразовтың «Құрметті азамат» деген атаққа лаййық деп танылған.

Сапият Идрисов Он екі  жасынан бастап мал шаруашылығында жұмыс істейді. Кейін  ауылда механизатор болып қызмет атқарады. 1944-1945 жылдар аралығында Социалистік жарыста жоғары көрсеткіштері үшін Құрмет грамоталарымен марапатталады. Механизатор 1955 жылы бүкілодақтық ауылшаруашылық көрмесінің қатысушысы болды. Өзінің еңбек жолында мынандай бірнеше марапаттар алған. Бүкілодақтық ауылшаруашылық көрмесінің жоғары комитетінің жарлығы бойынша ауыл шаруашылығындағы  жетістіктері үшін «Кіші күміс» медалін алса, 1956 жылы Бүкілодақтық ауылшаруашылық көрмесінде,  «Тың игергені үшін», халық шаруашылығын дамытудағы жетістіктері үшін күміс медальдармен марапатталады. Еңбек майталманының  дала жұмыстары бойынша жеткен жетістіктері және белгіленген тапсырмаларды  асыра орындағаны үшін, Кеңес өкіметі кезіндегі халық шарушылығын дамытудағы жетістіктері үшін Қола медаль, «Еңбек Қызыл Ту» ордені, Ленин ордені және  «ЦК прф және Министірлік атынан Социалистік жарыстың жеңімпазы» медалі оның осал адам болмағанын дәлелдейді.

Асия Ғабдуллина 1941-1974 жылдар аралығында мал шаруашылығында жұмыс істеген. 1970 жылы «Қажырлы еңбегі үшін» медалімен, 1973 жылы «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды.

Виктор Ботов Ауыл шаруашылығы саласында еселі еңбек еткен.  «Еңбек Қызыл Ту», Ленин, «Октябрь революциясы» ордендерімен, «Қажырлы еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Есімі «Еңбек даңқы» кітабына енгізілген. Бірнеше медаль игерінің өмір жолы ұрпаққа өнеге.

Николай Ермошкин 1951 жылы Талов ауылына мал дәрігері боп еңбек ету үшін қоныс аударады. Мамандығын жетік меңгерген ол, ауыл тұрғындарының алғысына бөленеді. Кейін еңбектегі жетістіктері үшін әр түрлі грамота, дипломдар, мерейтой медальдарын  алған.  «Еңбек ардагері» марапатына ие болған.

         Бақтығали Иманбаев Қарапайым көлік жүргізуші боп еңбек еткен таловтық азамат көпке үлгі. Еселі еңбегі үшін «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, «Қажырлы еңбегі үшін» медалімен және де көптеген диплом, мақтау қағаздарымен марапатталған.

Әр заманның ғасырға бергісіз біртуар адамдары болады. Олардың өнегелі өмірін жас ұрпақ үлгі тұтып, біліп жүруі тиіс. Талов ауылындағы мал шаруашылығының дамуына үлес қосып, ауыл тарихында аттары алтын әріппен жазылған еңбек адамдары ел есінде сақталады.

Қ. ҒАЛИЕВА

Ауыл тынысы

Басқа да мақалалар