4.03.2021, 11:00
Қараулар: 630
Баланың бөтені болмайды

Баланың бөтені болмайды

«Қоғам туған баласы мен ата-анасын тастап кету секілді әрекеттерді масқара құбылыс ретінде бағалауы тиіс. Бұл біздің жанымызға жат құбылыс. Халқымыз әкені асқар тауға балаған, ешқашан алдын кесіп өтпеген, «Жұмақ – ананың табанының астында» деп анасын сыйлаған. «Бала – бауыр етің» деп ұрпағына айрықша қамқорлықпен қараған. Қандай жаугершілік заманның өзінде жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған елміз. Біз қазақ осындаймыз» деген еді Тұңғыш Президент бір сөзінде. Дәл осы тақырып қоғамның ең бір өзекті мәселесіне айналғалы қашан. Жастардың көбі жауапсыздықтың салдарынан тасжүрекке айналып, «Балалар үйін» тастанды жаутаңкөздермен толтыруда. «Жетім», «Тастанды» деген сөздердің атауының өзі құлаққа түрпідей естіліп, жүрекке ауыр тиеді. Сондықтан бұл сөзді «Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар» деп, ресми, балама айтамыз. Дей тұрғанмен, сөзімізді қанша жерден жұмсартып қолдансақ та, көз алдымызға тағдыр тауқыметін ерте тартып, кеуделерін ащы өксік пен жанарларын жас торлаған, жүздерінде «Неге?» деген сұрақ тұрған жасөспірім балалар мен кіршіксіз шараналар бейнесі «жылп» ете қалады.

Алайда, мұндай жағдайлар орын алып, қараусыз қалып, ата-ана тарапынан асырай алмау себебінен бас тартылып, тіпті маскүнемдіктің кесірінен ата-ана құқығынан айрылып, «Балалар үйіне» түсіп жатқан балалар саны елімізде өкінішке орай жетерлік.

Бұл, әрине, мемлекеттік мәселе болғандықтан Үкімет тарапынан мейлінше көмек көрсетіліп, мөлшерлі деңгейде жағдайлар жасалынып жатыр.

«Нақтырақ айтар болсақ, біріншіден, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды кәмелет жасқа толғанша мемлекет толық қамқорлығына алады. Жатын орны, киім-кешегі, тамағы, медициналық, әлеуметтік көмектер беріледі. Балалар үйінде тұратын балалар сонда түскен кезден бастап құжаттары жиналып, тұрғын үйге кезекке қойылады. Кәмелет жасқа толған уақытқа дейін баланың кезегі келіп, арнайы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Баланың өмірге, қоғамға бейімделіп кетуіне мемлекет тарапынан толыққанды жағдайлар жасалады»,– дейді Орал қаласындағы «Облыстық отбасы үлгісіндегі балалар ауылының» директоры Рәзия Сүйіншалиева өзінің берген сұхбатында. Оның айтуынша, баланың ата-анасының бірі немесе екеуі де қайтыс болған жағдайда мемлекет тарапынан арнайы жәрдемақы тағайындалады.

Иә, мемлекет барынша көмектескенімен, қанша жерден жәрдем бергенімен балаға «ата-ана мейірімін, отбасы қамқорлығын» сезіндіре алмасы анық.

-Біздің қарауымызда қазіргі уақытта, 45 ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар бар. Олар әртүрлі жағдайда түсіп жатады. Қарапайым тілмен айтқанда, көбіне «Жақсы, тәртіпті» отбасынан бізге келіп түспейді. Сондықтан, мұндағы балалардың даму процесі ең алдымен педагогикалық тұрғыда төмен болады. Мәселен, қарапайым түстерді айыра алмау, өзін-өзі қамтамасыз етуді білмеу, әріп танымау, тәртіпті білмеу жағдайлары жиі кездеседі. Ол баланың кінәсінен емес, толық отбасының жоқтығынан, баламен айналысатын адамның болмауынан. Бала кез келген нәрсені өз көзқарасымен пайымдап алғандықтан, осындай тежелулер болады. Мұндай балалармен әлеуметтік педагог, психолог, логопед мамандар жеке жұмыс жасап, өз қатарластарымен теңесіп кетуіне көмектеседі. Алайда, психологиялық тұрғыда қиын жағдайда түскен балалардың қабылдауы өте қиынға соғып жатады, – дейді Рәзия Нұржанқызы. Оның сөзінше, асырап алғысы келетін ата-аналарға арнайы Республикалық базадағы балалардың тізімі беріледі. Елімізде бала асырауға ниеттілер бар. Дегенмен көбісі кішкентай бала алғысы келеді де, ересек балалар отбасына орналаса алмай қалып қояды. Сол себепті оларға баламалы түрде орналастыру үшін көптеген заңдар мен ережелер қалыптастырылған. Соларды қолдануға мүмкіндік бар. Мәселен, баланы қорғаншылыққа, патронаттық тәрбиеге беруге болады. Сонымен қатар қазіргі таңда «Қабылдаушы отбасы» деген заң шықты. Баланы қабылдаушы отбасыға да беруге болады. Алайда, мұндай жағдайда ата-ананы дайындау қажет. Өйткені, біздің менталитетіміз жоғары дәрежеге жете алмағандықтан, ой-өрісімізде «бала алсақ, тек өзімізде қалатындай болса ғана асырап алуымыз керек» деген теріс көзқарас қалыптасқан. Ал ол баланы белгілі бір жасқа дейін тәрбиелеп, қоғамға бейімделуіне мүмкіндік жасап, өсіру деген көп ата-ананың қолынан келе бермейтін дүние. Егер ата-аналар «Қабылдаушы отбасы» болуға келісіп, баланы қабылдап жатса, бұл балаға үлкен көмек болары сөзсіз және балалар үйіндегі балалар санының азаюына да септігі тиер еді. Бала отбасының не екенін, әкенің, ананың отбасындағы орны, қызметі қандай, бауырлардың бір-біріне қарым-қатынасы қалай өрбиді. Соны көріп, біліп өсуіне жол ашылады. Қабылдаушы отбасына берілген баланың аты-жөні, тегі өзгертілмейді. Сол себепті, бала өскенде тегі бойынша туыстарын іздеп, табуына мүмкіндігі бар. Мұнымен біз барлық балалар үйіндегі әрбір бала ата-аналы болады, бәрі жақсы болып кетеді деп толық сеніммен айта алмаймыз, әрине. Бірақ қоғам болып, біз болып, жетім балалар санының азаю жолдарын қарастырудамыз, – деп ауыл директоры өз сөзін қорытындылады.

Осы тұрғыда аудандық білім беру бөлімінің бас маманы Нұрлыбек Жакин баланы қабылдаушы отбасыға тәрбиелеуге беру және оларды асырауға ақшалай қаражат төлеуді тағайындау туралы, сонымен қатар асырап алу үшін қажетті құжаттар тізбесін айтып өтті.

— Қазіргі уақытта елімізде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасыға орналастыру нысандары бойынша «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 7 қазандағы №597 бұйрығымен «Баланы қабылдайтын отбасы туралы ереже» 2017 жылдың қаңтар айынан бастап күшіне енді. «Баланы (балаларды) қабылдаушы отбасына тәрбиелеуге беру және оларды асырауға ақшалай қаражат төлеуді тағайындау» мемлекеттік қызметті көрсету қағидалары Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 24 сәуірдегі №158 бұйрығының 6-қосымшасына сәйкес көрсетіледі. Мемлекеттік қызметті ұсыну тәсілдері көрсетілетін қызметті берушінің кеңсесі мен «Электрондық үкіметтің» www.egov.kz веб-порталы арқылы жүзеге асырылады. Қажетті құжаттардың тізімі, яғни: 1. Өтініш, 2. Жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі. 3. АХАЖ тіркеу пункті ақпараттық жүйесінде немесе Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде мәліметтер болмаған кезде неке қию туралы куәліктің көшірмесі. 4. көрсетілетін қызметті алушының және егер некеде тұрса, жұбайының (зайыбының) «Адамның бала асырап алуы, оны қорғаншылыққа немесе қамқоршылыққа, патронатқа қабылдап алуы мүмкін болмайтын аурулардың тізбесін бекіту туралы» ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 28 тамыздағы № 692 бұйрығымен бекітілген тізбеге сәйкес ауруының жоқтығын растайтын денсаулық жағдайы туралы анықтама. сондай-ақ «Денсаулық сақтау ұйымдарының бастапқы медициналық құжаттама нысандарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2010 жылғы 23 қарашадағы № 907 бұйрығымен бекітілген нысанға сәйкес наркологиялық және психиатриялық диспансерлерде тіркеуде тұрғандығы туралы мәліметтің жоқтығы туралы анықтама, 5. көрсетілетін қызметті алушының және некеде тұрған жағдайда жұбайының (зайыбының) соттылығының болуы не болмауы туралы анықтама. 6. Көрсетілетін қызметті алушының немесе некеде тұрған жағдайда жұбайының (зайыбының) тұрғын үйге меншік құқығын немесе тұрғын үйді пайдалану құқығын (жалдау шартын) растайтын құжаттардың көшірмелері. 7. Екінші деңгейдегі банкте ағымдағы шотты ашу туралы шарттың көшірмесі. 8. Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасына тәрбиелеуге қабылдауға тілек білдірген тұлғалардың дайындықтан өткені туралы сертификат. 9. Осы бұйрықпен бекітілген отбасы және балалар саласында мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларының 12-қосымшасына сәйкес баланың (он жасқа толған кезде) пікірі қажет.

Ауданымызда бала асырап алғандар саусақпен санаулы. Кесірінше өз баласының тәрбиесіне мән бермей, ата-ана құқығынан айырылып қалудың қаупінде тұрғындар бар. Сәби аңсап, жұмақтың иісін сезінгісі келетіндер көп балалы отбасыға тамсана қарайды. Өз баласын құшағына ала алмаған аудан тұрғыны Сая Құсайынова жұбайымен бірге жуырда облыс орталығындағы сәбилер үйінен бір баланы қамқорлықтарына алды,-деді ол.

-Сәбиімді құшаққа алып, аналық сезімге бөлену арманым еді. Күндіз-түні Алладан сұрап, жыл сайын ұстаған оразада, әр оқыған намазда балалы болуды тіледік. Бірақ сәбилі бола алмадық. Отау құрғанымызға алты жыл болды. Соңғы екі жылда бала асырап аламыз деген шешімге келіп, арызымызды Жәнібек аудандық білім беру бөліміне жаздық. Басты мақсатымыз баламызды бауырға басып, бұл өмірде бір кірпіш болып қалануына атсалысу. Жақсы өмір сыйлау. Баламыздың адал адам болуына, арман-мақсаттарының орындалуына жәрдемдесу. Қолымыздан келгенше жақсы азамат болып өсіп кетуіне бар күш-жігерімізді жұмсап еңбектенеміз. Баланы асырап алу үшін аналар үйі беретін сертификатты үш ай оқып аласың. Сертификатты алғаннан кейін сені Қазақстан бойынша базаға тіркейді. Үлескер боласың. Содан кейін базадан баланы жасы, ұлты, денсаулығы бойынша таңдайсың. Базамен жұмыс істеген кезде жүрегім ауыратын еді. Құдды дүкенде жүргендейсің. Керегін таңдап, керек емесін ысырып тастайсың. Аллаға сансыз шүкір. Жұбайымның қолдауымен балалы болдық. Біреудің баласы бала бола ма дейтіндер табылар. Ең бірінші ниет керек. Сәбиді алғаш көргенде аналық сезім оянып, құшағыма алғанда еміреніп, күмәнсіз «менің балам» дедім. Әр қазағымның отбасы, мейлі көп балалы болсын, мейлі отбасында бір бала болсын, жетімдер үйінен бір баладан асырап алса, сауап болар еді. Жетімдер азайып, балалар үйлері жабылар еді. Баланың бөтені болмайды, — деді Сая.

Тәрбиесі мол, өнегесі зор халқымыздың жан тазалығы, рухани байлығы және қанының тазалығын сақтай білсек, мөлдіреген жанарлары жасқа толған шарасыз шараналар саны азайып, «Жетімдер үйі» болмас еді. Барымызды бағалай, ұрпағымызды жетімсіретпей, аялай білейікші, ағайын!

Гүлзара ТІЛЕКҚАБЫЛҚЫЗЫ