4.03.2021, 11:38
Қараулар: 667
Жүргізушінің мәдениеті жол апатын азайтады

Жүргізушінің мәдениеті жол апатын азайтады

Бірде қалаға баратын болып, жергілікті «Ларгусқа» отырдым. Ауылдан шықпай жатып, жүргізушінің жәнібектіктердің бәрі танитын «диспетчер» ағайға телефон шалып: «Сағат екіде ауылға жүремін. Жолаушылар болса, жинап қоярсыз» деген дауысына елең еттім. Расында ауылдан қалаға жолаушыларды жеткізіп боп, тынықпастан кері жолға шығатын таксистер көп. Бұл әрекетті еңбекқорлық дейміз бе, әлде тәуекелшілдік деп бағалаймыз ба? Өйткені олар да пенде, ұзақ жолда физиологиялық тұрғыдан шаршауы немесе ұйықтап кетуі әбден мүмкін.

Аудан облыс орталығынан шалғай орналасқандықтан қалаға барудың өзі әуре-сарсаңға салады. Жолдың ұзақтығы былай тұрсын, көк тайғақ, қалың тұман кезінде адамдар жол жүруге қорқасоқтайды. Өйткені соңғы уақытта жол-көлік оқиғалары жиілеп кетті. Бейбіт заманда берекетімізді кетірген кесапаттан ажал құшқандар да жоқ емес.

Бүгінде бүкіл ел болып, демографиялық ахуалды жақсартамыз, халықтың денсаулығын сауықтырып, өлім-жітімді азайтамыз деп жанталасып жүргенде, көптеген жанның жолда қырылуы өкінішті-ақ.

Енді осы орайда адамдарды шетінен жалмап жатқан жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін не істеу керек деген өткір сұрақ туындайды. Жол полициясы қызметі бұл бағытта кешенді іс-шараларды қолға алып, түрлі акциялар ұйымдастырып, қауіп-қатердің бетін қайтаруға тырысып-ақ жатыр.

Жәнібек аудандық полиция бөлімінің әкімшілік полиция бөлімшесінің жол-техникалық инспекциясының мемлекеттік автоинспекторы Динара Қарашеваның айтуынша, өткен жылды аудан орталығында 715 жол жүру ережесі бұзылса, 425 жүргізушіге айыппұл салынған. Сондай-ақ 10 жол-көлік оқиғасы болса, салдарынан бір адам қаза тапқан. Ішімдік ішкен күйде көлік жүргізіп ұсталғандар 34 адам бопты. Облыс бойынша 338 жол-көлік оқиғасы орын алып, одан 456 адам жарақат алса, 82 –сі көз жұмған.

-Әрине жасыратыны жоқ, ірі жол апатына соқтыратын оқиғалардың дені жүргізушілердің қателігінен болатыны белгілі. Содан кейін бұған техникалық ақаулар, жолдың нашарлығы, ауа райының қолайсыздығы сынды факторлар да әсер етеді. Бірақ бәрібір, жол апатының дені жүргізушілердің жол ережесін сақтауға жеткілікті көңіл бөлмеуінен, көлік жүргізу тәжірибесінің аздығынан және жол ережесін жетік білмеуінен туындайды. Әр сапар сайын жүргізушінің шеберлігі сыналады. Әсіресе Орал қаласына ауа райы қолайсыз күндері шығатын таксистердің дайындығы осындай күндері көрінеді. Оларға сенім артқан жолаушыларды аман жеткізуді өз міндетіне алғандықтан, жүргізушілер мұқият болуы керек. Сондай-ақ көлік жүргізуді білумен қатар, көлік жүргізу мәдениеті деген ұғымды естен шығармаған жөн. Яғни жол жүруі ережелерін қатаң сақтау арқылы өзге көлік иелеріне құрмет көрсетіледі. Көлік жүргізу мәдениетін таныту арқылы талай келеңсіздіктің алдын алады,-дейді Динара Серікқызы.

Гүлзара ЕСЕНҒАЛИЕВА, Жәнібек ауылының тұрғыны:

-Ш.Мәжитов көшесінде тұрамын. Үйімнің маңайында балалар алаңқайы орналасқан. Көшенің шаңын аспанға шығарып кейбір есерсоқтар асфальтты көше болғасын ба,100 шақырымдық жылдамдықпен өтіп жатады. Талай куә болдым. Тіпті қалай өтіп кеткенін өзің байқамай қаласың. Балалар көп жүреді көшеде. Әсіресе жаз айларында велосипед тебеді. Ауылдық жерде жәймен, баппен жүру керек. Бәрі де жүргізушінің жауапкершілігіне қатысты. Жасыратыны жоқ, аудан орталығының өзінде жол тәртібін бұзған жүргізушіні полицияға айту да ұят, тіпті сатқындық деп санаймыз. Қатты жылдамдықпен жүргендерге таңырқап қараймыз да, жүре береміз. Бұл дұрыс емес, адам өмірін, оның ішінде өз өмірімізді де сақтағымыз келсе, осындай игі істерге дайын болуымыз керек.

Сарқыт ҮСЕНОВА, Жәнібек ауылының тұрғыны, зейнеткер:

-Денсаулығыма байланысты облыс орталығына жиі барамын. Қазір «Ларгус» көп. Жол тайғақ, жаңбырлы күндері де шығуға тура келіп жатады. Өзім тәжірибелі таксистерді таңдап, жайлы көлікке мінемін. Өйткені қазір көлік жүргізген жастар  көп. Жас болғасын жоғары жылдамдықпен жүреді. Жүргізушінің қызметі де оңай жұмыс емес. Әр сапары жауапкершілік пен шеберлікті қажет етеді. Жастарға соны айтып жүремін.

Тылсым жерлер

Адамзат «талай тылсымның сырын таптық» дегенмен, біз білмейтін әлі талай құпия бар. Сыры ашылмаған жұмбақ жетерлік. Сондай сырдың бірі – адам үшін қауіпті жерлер. Жол апаты жиі болатын жерлер бар. Мұндай жерлер еліміздің кез келген жерінде кездесуі мүмкін. Мәселен, біздің аудан орталығынан шығыс бетке шығар күре жолдың бір-екі шақырымында теректер бар. Осы тұста апат жиі болады. Тұрғындар бұл жерді қауіпті аймақтың бірі деп есептейді. Айналасы теп тегіс, жап жазық жер. Бірақ, жолда келе жатқан көліктер сол аумақта аунап түскен оқиғалар аз болмады. Осы жай көпті ойландырды. Жәнібектік көлік жүргізушілер ол тұстан өткенде тілдерін кәлимаға келтіріп, сигнал беріп, барынша сақ болуға тырысады. «Сақтансаң –құдай сақтайды» деген осындайда еске түседі.

Қаперіңізде жүрсін!

Рөлде келе жатып, қалғып кетпеу үшін кең таралған әдіс-тәсілдерді мамандар ұсынады. Кофеин – әлемдегі ұйқыға қарсы әдістің бірі. Жол алдында бір кесе шәй немесе кофе ұйқыны жеңуге көмектеседі. Бірақ естеріңізде болсын, кофе түскі уақыттан кейін кері әсер етеді. Одан әрі ұйқыға тартады. Сергектік үшін өсірме адаптогендерді қолдануға болады. Олар күндік ұйқы дәржесін түсіреді. Тұздалған, ащы тағамдар ұйқыны ашып, белсенді қимылдауға көмектеседі. Тұздалған қиярдың бірнеше тілігі 3 кесе кофеден артық әсер етеді. Сондай-ақ тұздалған ірімшік, маринадталған саңырауқұлақ, ашытылған қырыққабат та жарап тұр.

Ә. ҚУАНҒАЛИЕВА