4.03.2021, 16:22
Қараулар: 770
Білікті қызметкер, үлгілі келін

Білікті қызметкер, үлгілі келін

Мемлекеттік қызметте адал еңбек етіп жүрген, ақылына көркі сай қыз-келіншектер көп. Біздің ауданда солардың бірі Жәнібек аудандық мәслихат аппаратының басшысы Назгүл Қабдрешқызы Уәлиева. Ол мемлекеттік қызметін 2014 жылдан бері атқарып келеді.

Назгүл Қабдрешқызы 2003 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін «құқықтану» мамандығы бойынша тәмәмдаған. Жас маман еңбек жолын бірден мемлекеттік қызметтен бастайды. Бүгінде елге қалтқысыз қызмет еткеніне 16 жыл бопты.

Алғашқы еңбек жолын 2004 жылы Жәнібек аудандық еңбек, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау бөлімінің жетекші маманы қызметінен бастаған. 2005-2006 жылдары Жәнібек аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы, 2006-2014 жылдары  Жәнібек аудандық мәслихат аппаратының ұйымдастыру-бақылау бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. Осы уақыт ішінде ауданның маңызды салаларында жұмыс жасай келе, жергілікті атқарушы органдарға жүктелген жұмыстардың салмағын және үлкен жауапкершілікті талап ететіндігін түсінген. Мәслихат аппаратында да жергілікті өзін-өзі басқару жұмысының қыр-сырын меңгере отырып, халық қалаулыларының өз сайлаушыларымен тығыз байланысты жұмысын үйлестіріп келеді. Сонымен қатар күні бүгінге дейін ауданның қоғамдық-саяси өміріне де, мәдени-спорттық шараларға да белсенді араласады.

Назгүл Қабдрешқызы мемлекеттік қызметтегі басшылық лауазымды отбасылық өмірімен ұштастыра білді. Төрт қыздың анасы, ата-ене тәрбиесіндегі өнегелі келін. Бүгінгі күні ол сүйікті әже.

Назгүл Қабдрешқызына қарап оның өте қарапайым, мінезі бірқалыпты, қол ұшын беруге дайын тұратындығын байқайсың. Отбасында құрметті, әріптестерінің арасында сыйлы.

Аудандық мәслихат ұжымы