9.03.2021, 9:59
Қараулар: 613
Мамандық таңдау – өмірдің мәні

Мамандық таңдау – өмірдің мәні

 

Бүгінгі күні ең қажетті мамандықтар қатары өзгеруіне ешкім таң қалмайды. Жыл сайын жаңа мамандықтар пайда болып, олардың қажеттiлiгі және мәртебесi ауысады. Ауданымызда жыл сайын жүзге жуық талапкер өз жолдарын таңдап, болашақ ел мүддесі үшін білім алуға бет бұрады. Маңызды қадам жасау кезінде мамандық таңдау мәселесі бірінші кезекте екені сөзсіз. Жастарға бағыт-бағдар беруде ата-ана мен ұстаздар қауымының атқарар қызметі зор. Таңдауды қалай жасау керек? Ауданда, тіпті елімізде қандай мамандар тапшы? Сонымен, болашақта қандай мамандарға сұраныс бар? Жорамалдап, сараптап көрелік.

Медицина саласының мамандары. Адам баласы кез келген уақытта медицинаға жүгінеді. Бұл процесc тіршілік біткенше жалғасатыны сөзсіз. Әсіресе, «сауатты» дәрігерлердің сұранысқа ие екендігін еске саламыз. Көп сұранысқа ие мамандықтардың қатарына акушер-гинеколог, анестезиолог, реаниматолог, көз дәрігері, невропатолог, отоларинголог, маммолог еніп отыр. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы салаларына да жас мамандардың аса қажет екенін көріп жүрміз. Әсіресе, ауылдық аймақтарда мұндай мамандарға сұраныс жоғары. Жас мамандардың ауылдарға барып жұмыс істеуіне мемлекет тарапынан да қолдаулар көп. Бүгінде оқу бітірген жас маман мемлекеттік бағдарламалар арқылы тәжірибе жолын ауылдан бастай алады.

Кім болам? деген сауал кез келген жеткіншектің көкейінен орын алады. Мамандардың айтуынша, енді он жылдан кейін мал шаруашылығы мен аграрлық шаруашылықтың тізгінін ұстар маман таппай қалуымыз мүмкін. Ал біздегі жоғары оқу орындарында заман талабына сай қаржы, кеден, салық саласының мамандары даярлануда. Бұл мамандықты таңдайтындар саны артып, бір орынға отыз адамнан таласып жүр. Ал, шындап келгенде, еліміз мұндай мамандарға зәру емес. Осы орайда қажеттілік туындатқан кәсіпке икемделіп кеткен абзал.

IT (ақпараттық технологиялар) саласының мамандары. Бағдарламашы – бұл бағдарламалық қамтамасыз етуді жасайтын және оның жұмыс қабілеттілігін қолдайтын маман. Қазіргі заманда фирма имиджі және сайты – ұйымның сенімділігі мен деңгей көрсеткіші өте маңызды. Нәтижесінде, веб-дизайнер – жоғары деңгейде жалақы төленетін «компьютерлік» мамандықтардың бірі. Әрине, бұл саланың қызметкерлері тамырын тереңге жайып үлгерді. Бірақ, бұл болашақта интернет саласының мамандары қажетсіз болады деген сөз емес. Керісінше күнделікті өміріміз ақпараттық технологияларға барынша бейімделіп жатқан жаһандану заманында бұл кәсіп иелерінің бәсекеге қабілеттілігі барынша дамығаны қажет, әрине.

Маркетинг мамандары. Маркетолог – ол ең біріншіден компания стратегі. Олардың негізгі міндеті мен мақсаты әр алуан игіліктерді өндіруге және өндірушілер мен тұтынушылардың қызығушылығын қамтамасыз етуге бағытталған жүйені басқару. Бұл кәсіптің иелері негізінен нарықты зерттейді, өнімнің сан алуан түріне қоса көлемін жоспарлайды, бағаларды анықтайды және өткізуді ынталандырады. Маркетинг саласын мықты меңгерген кәсіби мамандар бизнес жоспарлар мен жаңа жобаларды жасайды, кәсіпорынның қаржысын тиімді салудың нұсқаларын ұсынады. Маркетологтар басқару, бизнес, шаруашылық, тіпті мемлекеттік жүйеге де өте қажетті болған. Бүгінгі күні де сұранысқа ие және бұл бағыттағы қажеттілік уақыт өткен сайын күшейе беретіні даусыз. Болашақта өндіруші мен тұтынушының ортасындағы ортақ көзқарастармен тығыз жұмыс жасап жетістікке жетуде бұл мамандардың ерекше орын алатындығы анық.

Логистика мамандары. Мемлекеттердің ашық экономикасы әлемдік нарыққа енген сайын жүк тасымалына қажетті кәсіби логисттерге талап артады. Логистика – тауар жылжу үрдісінде материалдық және ақпараттық ағын теориясы мен практикасы. Табысты мансапқа жету үшін логистке сараптамалық ақыл және жүйелі ойлау, интуиция, қиын жағдайлардан тез шыға білу, адамдармен қарым-қатынас әдеттері қажет. Тағылымды тәжірибесіз тағы болмайды. Олар математика мен техниканы жетік меңгеріп, қолданыстағы заңнаманы білуі қажет. Бизнес қағидаларын түсінген жөн. Көптеген кәсіпкерлер жақсы логист болып тек тауарлар мен жүктерді шахмат тақтайындағы пішіндерді қозғалту дарындылығы бар ойыншы ғана бола алатынына сенімді. Өнімдерді шетелге шығару мен ішке кіргізуде, халықаралық және ішкі тұтынушыларды іздеуді жоғарғы сапада атқаратын мамандар тапшы болғандықтан, дәл қазір әлемдік нарыққа шығуда осал тұстарымыздың жоқ еместігін жасырудың қажеті жоқ.

Экология саласының мамандары. Қалалар, ауыл-аймақтар көркейіп, өндіріс орындары көбейген сайын өте ауқымды экологиялық мәселелер пайда болатыны рас. Оларды шешу үшін жоғары дәрежелі мамандар да қажет-ақ. Тар жолдардың заман талабына сай кеңейтілмеуі мен автокөліктер санының көптігіне байланысты кептеліс тығындарын реттеуде де экологтардың үлесі жоғары. Қоршаған орта мен атмосфералық ауаны ластайтын зиянды тастамалардың өсуі экология мәселелерін болашақ ғаламдық әлемде бірінші орынға қояды. Бір жағынан кәсіби экологтарға сұраныс өседі, ал басқа жағынан – табиғатты қорғаушыларға талаптар спектрі кеңейеді. Эколог мамандығы физика, химия мен биологияны, табиғатта болып жатқан үрдістерді компьютерлік модельдеуді білуді талап ететін болады.

Химия саласының мамандары. Химия саласына қажетті мамандар әсіресе мұнайды өңдейтін зауыттар мен шикізаттан қажетті бұйымдар жасайтын кәсіпорындарда қызмет атқарады. Біздің елдің аумағында көмір сутегі әлі де ондаған жылға жететіні белгілі болғанымен, көптеген мемлекеттер энергияның балама көздерін дамытуды ойлап жатыр. Осы орайда ғылыми зерттеулердің жүргізілуі химиктерсіз мүлде мүмкін емес. Жер астының қазба байлықтары сарқылатын күн жақындаған сайын химия саласының мамандары біліктілігін жетілдіру арқылы табыс әкелетін жаңа жобаларды жасауға мүдделі. Ел болған соң кез келген маман иесі маңызды. Ең бастысы біліміне білігі сай және бәсекеге қабілетті болса сұранысты қанағаттандыра алады. Керісінше үш университет бітірсе де кәсіби тұрғыдан жұмысқа жарамсыз. Дипломың болса да қызметке қабылдамайды деген сылтау айтылады содан соң.

Қазақ еліне қажет мамандықтар. Бүгінде елімізде маркетолог, web-дизайнер, химик, ақпараттық технолог, өнеркәсіп саласының мамандары жетіспейді. Астроном, астрофизик, механик, геодезист, картогроф сынды басқа да мамандарға еліміз аса зәру. Бұл мамандықтарды таңдаушылар қатары жоқтың қасы, сәйкесінше қажеттілік жыл санап артып келеді. Қазіргі таңда заманауи технологиялардың сан түрі шығарылуда. Ғажайып ғарыш әлемін де адамзат баласы зерттеу үстінде.  Яғни төрткүл дүние техникаға телмірген заман болды. Осыған байланысты еліміз экономиканың басты бағдары болып отырған мұнай, газ және энергетикалық салаға ерекше назар аударып отыр. Бірақ бұл мамандыққа деген сұраныстың артуы жоғары болғанымен, оған жастардың қызығушылығы төмен.

Ерте заманда аң­шылық та кәсіп болған. Қазір бұл аң аулауға қызығушылардың хоббиіне ай­налды. Сол секілді келешекте екінші кезекке ысырылатын ма­ман­дықтар да бар. Бұл жөнінде мамандар биржа маклерлерi, көлiк сату­шы дилерлер, пошташылар, сақтандыру агент­терi және қозғалмайтын мүлiк жөнiн­дегi агенттердің қажеттілігі азайғанын айтып отыр. Бұ­лардың қызметін интернет тез әрі тиімді ат­қара алады. Әлемдік өркениеттің бәрі тек адам еңбегінің жемісі екенін ешкім жоққа шығармайды.  Біздің міндет – қоғамға лайықты қызмет ету. Оқыған мамандығымызбен жұмысқа орналаса алмай, әр есікке телміріп жүрмес үшін мамандыққа деген көзқарасымызды өзгерткен абзал. Яғни, мамандық дегеніміздің сән еместігін, оның біздің өмірімізде, ел экономикасының дамуында маңызды рөл атқаратындығын жадымызда ұстаған жөн.

Гүлзара ТІЛЕКҚАБЫЛҚЫЗЫ