10.03.2021, 16:15
Қараулар: 605
Саусақ бірікпей, ине ілікпейді

Саусақ бірікпей, ине ілікпейді

 

Қазақта осындай аталы сөз бар. Егемендігіміздің алғашқы жылдарында «ел еншісіне беріледі» деп жекешелендіру үдерісі жүргені көпшілікке мәлім. Сол алмағайып жылдарда кейбір пысықайлардың «пай жинап бай» атанғаны белгілі. Жекешелендірудің нәтижесі жалпы жұртшылықтың көңілінен шықпады. Кеңестік кезеңнен қалған жыртысты керегіне жаратқан көпшіліктің шама-шарқы ұзаққа бармады. Өсім беретін мал құны көк тиын болып, сабын мен араққа айырбасталып, сарқылып бітті. Үкімет нарық талаптарын түсініп үлгермеген ауыл тұрғындарына «Үлестеріңді заңдастырып не жеке шаруа бол, не болмаса кәсіпорындардың жарғысына құйып құрылтайшылардың қатарына кір» деген шарт қойғаны әлі есте. Азын-аулақ құралы бар азаматтар шаруа қожалықтарын құрып, жеке кетті. Бастапқыда олардың жағдайы көңіл көншітерлік болды деп айтудың өзі қиын. Тракторы болса дөңгелегі жоқ, аты болса арбасы жоқ шаруа қожалықтарының алғашқы жылдары жұмыс құралын қалыптастырып, етектерін жауып, естерін жинаумен өткені белгілі. Осылайша тараған кеңшарлардың орнына ауыл тұрғындарының мүліктік пайларынан құралған серіктестіктер мен акционерлік қоғамдар пайда болды. Кезінде батылдық пен дербестік таныта алмай, өз үлестерін аталған құрылымдарға бергендер одан ешқандай пайда көрмеген соң өзінің қосалқы шаруашылығына үміт артты.

Бүгінде осы үй шаруашылықтары елімізде өндірілетін мал өнімдерінің жетпіс пайызға жуығын ешбір технологиясыз және мемлекеттің көмегінсіз беріп отырған көрінеді. «Ал оларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе, үй шаруашылықтарынан құралған кооперативтердің берері де еселеніп, ауылдағы халықтың тұрмыс деңгейі айтарлықтай көтерілер еді», — дейді мамандар.

Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа арнаған Жолдауында: «Отандық ауыл шаруашылығын дамытпай, елімізде бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес», — деп баса айтты. Жолдауда отандық агроөнеркәсіп кешеніне ерекше көңіл бөлінуі ауыл шаруашылығы бағытындағы сала мамандарына үлкен жауапкершілік жүктеп отыр.

Еліміздің агроөнеркәсіп кешені – елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған экономиканы дамытудың басым бағыттарының бірі. Қазақстан аумағы бойынша әлемде тоғызыншы, ТМД елдері арасында (Ресейден кейін) екінші орында болғандықтан, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді ұлғайту үшін барлық қажетті ресурстарға ие. Атап айтқанда, жеріміздің жалпы көлемінің 80 пайыздан астамын ауыл шаруашылығы алқаптары құрайды. Ал осы алқаптардың 80 пайызын жайылымдар алып жатыр. Бұл шамамен 30 млн шартты мал басы мен құс өсіруге мүмкіндік береді екен.

Ауылдық жерлерде халықтың 42 пайызы немесе 8 млн-ға жуық адам тұрады. Олардың 3 млн-нан астамы ауыл шаруашылығында жұмыс істейді. Алайда елімізде аграрлық саланы дамытудың көрсеткіштері әлі де болса төмен болып отырған көрінеді. Ауыл шаруашылығы өнімінің жекелеген түрлері бойынша еліміз әлі күнге дейін импортқа тәуелді. Ауыл шаруашылығы өнімдері экспортқа негізінен шикізат түрінде шығарылады.

Қабылданған мемлекеттік қолдау шараларына қарамастан, елімізде өндірістің жалпы көлеміндегі ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорындарының үлесі төмен болып қалуда. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректеріне сүйенсек, қайта өңдеу кәсіпорындарының қуаты тек 20-60 пайыз ғана жүктелген. Өндірілген ет пен сүттің 30 пайызы ғана өңделеді. Сол себепті олар толық қуатында жұмыс атқара алмай отыр. Себебі малдың негізгі басы үй шаруашылықтарында, яғни жеке секторда шоғырланған. Онда өндірілген аз өнім шағын көлемде жергілікті жерде ғана сатылады.

Агроқұрылымдардың ұсақтығы – ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселенің бірі. Мәселен, ауданымызда 375 шаруа қожалығы тіркелген. Олардың санына қарап, «осыншама шаруа қожалығы бар» деп тоқмейілсігенімізбен, шаруашылық деңгейлері кең көлемде тауар өндіруге қауқарсыз.

Бұл салада шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелер бар. Мемлекет басшысы соның бір парасына тоқталды. Атап айтқанда, ұзақ мерзімге берілетін арзан несиенің жоқтығы, кәсіби мамандардың тапшылығы секілді проблемалар аяққа тұсау болып тұр. Ауыл шаруашылығын дамытуда кооперацияның әлеуетін де естен шығармауымыз қажет. Онсыз агроөнеркәсіп кешенінде қарқынды даму болмайды. Шын мәнінде, басы бірікпеген ұсақ шаруашылықтар тек өз күндерін ғана көріп отыр. Бәсекеге қабілетсіздік пен импорттан арыла алмай отыруымыздың себебі де – осында.    Осыған орай ауылдық жерлерде, әсіресе аграрлық секторда қызмет ететін білікті жас мамандарды тарту мақсатында бірінші кезекте ұсақ шаруашылықтардың кооперацияға бірігуі қарқынды жүргізілмек. Олардың құқықтық мәртебесі мен экономикалық дербестігі сақталатын болады. Кооперативтердің тікелей үлгісі – өнім өндіруші шаруашылық құрылымдарының тек қана бірігуі емес, сонымен бірге олардың өндірген өнімдерін сақтау, тасымалдау, қайта өңдеу және тұтынушыға жеткізу болмақ. Аталған үлгі маркетингтік қызметтің кең дамуына, өндіріске ғылыми-техникалық жетістіктерді енгізуге, сондай-ақ жер, еңбек және материалдық ресурстардың тиімді жолдарын айқындауға мүмкіндік бермек.

Президент Үкіметке бизнеспен бірлесіп, бес жылға арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бойынша сапалы жаңа ұлттық жоба әзірлеуді тапсырды. Бұл елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, ауыл кәсіпкерлерінің табысын ұлғайтуға, еңбек өнімділігін 2,5 есеге және ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 2 есеге арттыруға мүмкіндік бермек. Сонымен тоқетері, «Түйені жел шайқаса, ешкіні көктен ізде» дегендей, тәжтажал індеті небір мықты мемлекеттердің өзін теңселтіп жатқанда оңаша қалып алысқа бару қиын. Не болса да бірігіп, жұдырықтай жұмылып, қиындыққа қарсы тұрғанымыз жөн екені даусыз.

Асқар ҚҰСАЙЫНОВ

Пікірлер

 Асылбек ҚАМАШЕВ, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы:

-Жасыратыны жоқ, ауыл еңбеккерлерінің ауыр жұмысы тым арзан бағаланады. Сондықтан салық жүйесін жеңілдету, жеңіл пайызбен несие бөлу мәселелерін іске асыру арқылы ауылдық жерлердегі кооперацияны ынталандыру қажет-ақ. Мал бағатын бақташылар мен кәсіби мамандардың тапшылығы да ауыл шаруашылығы саласындағы қордаланған мәселелер. Осы бағытқа жете көңіл бөлу керек. Әйтпесе ертең техника тізгіндейтін механизатор таппай қалуымыз әбден мүмкін. Сондықтан бұл мәселені ерте бастан реттеген абзал. Меніңше, жастарды ынталандыру керек. Ұсақ шаруа қожалықтарының жаңа технологиялар мен заманауи техникаларды пайдалануға жағдайлары жете бермейді. Сондықтан да Президент өз Жолдауында кооперацияны тиімді дамытуды тапсырды.

 

                                               ххх

 

Нұрболат ӘБДІРЕШЕВ, аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы:

-Біздің аудан ауыл шаруашылығы бағытындағы аймақ болғандықтан, шағын шаруашылықтарды кооперативтерге біріктіруді белсенді жүргізу керек деген ұсыныс көптің көңілінен шықты деп ойлаймын. Ауыл шаруашылығы саласы жүйелі жолға қойылса, халқымызды таза әрі қауіпсіз өніммен қамтамасыз ете аламыз. Сондықтан өзімізді азық-түлік өнімдерімен, басқа да қажетті тауарлармен толық қамти алатын ел болуға жетісуіміз керек.

Ауданымыздың жалпы жер көлемі – 821 323 гектар. Пайдаланудағы жайылымдық жер көлемі былтыр 388 904 гектарды құрады. Шаруа қожалықтарының жұмысын жандандыру бағытында 36 шаруа қожалығына қосымша 21 851 гектар жайылымдық жер телімі беріліп, жалпы аудан бойынша 37 481 гектар жер телімі айналымға енгізілді. Сонымен қатар өткен жылы 35 жер теліміне қатысты құжаттар дайындалып, 32 425 гектар жер телімі айналымға тартылды.