10.03.2021, 16:34
Қараулар: 669
Ауылдың бәрі сатушы, тұтынушы кім сонда?!

Ауылдың бәрі сатушы, тұтынушы кім сонда?!

Қазір әлеуметтік желі – ақпарат алаңы һәм табыс көзі екенін бәріміз білеміз. Көп әріге бармай, қарапайым What’s app желісіндегі «статус»-тың өзі тегін жарнамаға мол мүмкіндік береді. Интернет арқылы тауар алдырып, үйде отырып-ақ «кәсіпкерге» айналғандар көбейіп кетті.

Иә, расыменде ауданда үйде отырып, қосымша табыс табамын деушілердің саны артты. Соңғы уақытта электронды сауда қызды. Бірақ әдеттегідей, жабайы сипаты байқалып келеді. Себебі ондай сауда алаңына шыққандар ресми тіркелмейді. Салық төлегісі келмейді. Ал, нағыз заңды талаптарды орындап, базарда таңнан кешке дейін затын сатып, нәпақасын тауып, жанұяларын асырап жүргендер солардың заңсыз әрекеттеріне наразы.

-Осы мәселе төңірегінде өзара айтып жүрміз. Қазіргі кезде тұтынушыдан сатушы көбейіп кетті. Әсіресе, орынсыз, үйден сатып отырғандар. Солардың ішінде жұмыс істейтіндер бар. Аудандағы мекеменің қызметкерлері интернет арқылы тауарға тапсырыс беріп, үйден сатады. Біліп, көріп жүрсек те, ол туралы тек қана өзара айтамыз. Біздер, базардағы сатушылар мемлекетке салық төлеп отырмыз. Менің сауда жасап отырған өз ғимаратым бар, бірақ басқа сатушылар орындарын жалға алып отыр. Мысалы, үйден тауар алып сатып отырғандар, тіпті, дүкендер мен мекемелерді аралап, тауарларын сатады. Мүмкін олардың да айтары бар шығар. Бірақ олар салық төлемегендіктен, таңнан кешке дейін базарда тұрмағандықтан біздерді түсінбейді. Оның үстіне карантинге байланысты демалыс күндері азық-түлік емес дүкендер жабулы. Жоқ дегенде 35-40 мың теңге арендаларын төлеп отырады. Аренда ай сайын келеді де тұрады. Шындығына келсек, біреудің мәселесі біреуге керек емес. What’s app-та біреу сауда-саттыққа группа ашса, көбі соған өздерінің тауарларын салып, жарнамалайды. Атын айтып, түсін түстемей-ақ қояйын, дегенмен кім нені сатып отырғанын білеміз. Заңсыз тауар сатып отырғандар, патент алып немесе жеке кәсіпкерлік ашып сатса, ешкім оған кедергі болмайды. Осы базардағы сатушылардың біреуі де тауарын пакетті салып сатқанын көрген емеспін. Мен интернет арқылы тауар заказ беріп, алдыртып көрген емеспін. Аяқтай барып, тауарды көзбен көріп, қолмен ұстап таңдап аламын. Жол шығыны, басқа да түрлі шығындар бар. Үйден сатып отырғандар сол тауарды әлдеқайда төмен бағаға саудалайды. Мүмкін ол біреуге тиімді шығар. Бірақ бұның бәрі заңға қайшы. Заңсыз әрекет еткендерге шара қолданылады деген үміттемін, -деді аудан орталығындағы «Дархан» дүкенінің иесі Анар Өтешева.

-Қазір коммерсанттар көбейіп кетті. Жеке кәсіпкерлігі барлар бір бөлек, жеке кәсіпкерлігі жоқтар бір бөлек. Жәнібектің жартысынан көбі үйлерінен сатып отыр. Қазір ауруханадағы дәрігерлер дәрігер емес, мектептегі мұғалімдер мұғалім емес бәрі «коммерсант» болып кетті. Ал біздер болсақ, пәленбай сом салық, одан қалса аренда төлейміз. Расымен, аудандағы барлық мекемелер, солардың ішінде балабақша, мәдениет үйі, аурухана, мектептің қызметкерлері қазір саудагер,- деді аудан орталығындағы «Гүлназ» сауда үйіндегі сатушылар.

Әмина Құлжанова, Жәнібек ауылының тұрғыны, саудагер:

«Бір айда түскен табысымызға аренда төлейміз. Кейде, тіпті жеткізе алмай жатамыз. Оның үстіне төлеп отырған патентіміз бар. Заңды түрде барлық талаптарды орындап отырмыз. Шыныменде, қазір саудамен айналысқандар көп. Олардың кімдер екенін білеміз. Тауарларын телефонға жариялап отырады. Қазір мектепте, ауруханада ашық сауда жүріп жатады. Сатушылар болып, өзара бұл туралы ақылдасып, арыз жазып, кірістер басқармасына апаратын ойымыз болды. Бірақ карантин, тағысын тағы деп ойымыз сол жерде қалып қойды. Сондай-ақ сенбі, жексенбі күндері дүкендер жабық тұрады. Ал аренданы толық төлейміз. Мәселен, қазір ай сайын 60 мың теңге аренда төлеп отырмын. Аз ақша емес. Сауда жоқ. Жағдай мәз емес».

90-шы жылдардың басындағы қиын-қыстау шақтарда сең соққан, балықша сенделген­ қалың көпшілік базардан­ басқа жан бағарлық жай таппады.­ Үйіндегі қолға ілігер құндылау дүниелерін көшеде кез келген­ қалтарыс-бұлтарыста пұлдап тұруға мәжбүр болды. Ал, қазір? Тәуелсіздік алғаннан бері жағдай дұрысталды десек, қате айтпаймыз. Жұмыс көзі бар, жалақы да уақтылы беріліп отыр. Әсіресе, жоғарыда мысалға келтірілген мекеме қызметкерлерінің жағдайы шүкір. Ендеше, оларды саудамен айналасуға не итермеледі? What’s app-тағы статусты қарап отырып, бірнешеуіне қоңырау шалып көрдік. Ешкімнің де нақты жауабы жоқ. Бірең-сараңы ғана декреттік демалыста отырғанын сылтауратса, бірі карантинді айтып ақталды.

-Әлеуметтік желілер арқылы сауда жасау әсте әбестік емес. Тек, бір ғана талап бар, ол ресми тіркелу керек. Иә, оны білемін. Бірақ бұл жәй ғана ермегім. Бұл қалай басталды? Алдымен интернетте арзан тауарлар сайтын тауып алып, үйге керек-жарақты сатып алып отырдым. Тума-туыс, көрші-көлем бұл заттарды көрмейді емес көрді. Содан «маған да тапсырыс жасап, алдыртшы» дегендер көбейді. Ұсақ-түйек заттардан киім-кешекке дейін алып, саттым. Елде карантин басталғалы, көп сауда орындар жабылып қалды. Жаздайлық жұмыс жасамады. Сол себептен болар, ермегім кәсіпке айналып кетті. Егер осы ермегім үлкен көлемде кіріс әкелетін болса, алдағы уақытта заңдастыратын боламын. Ал, енді қарпып қалу дәстүрі бар жерде неге базардағы саудагерлер интернетті пайдаланып саудаларын жасамайды деген сұрақ туындайды. Смартфон екінің бірінде бар. Сауда орындар жабық болса да, сол жердегі тауарларды суретке түсіріп, жарнамаласа, бұл мәселе орын алмас еді, — деді есімін жасыруды өтінген «саудагер».

Осы мәселе бойынша жауапты органдардан жауап алдық. Жәнібек ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Таумұрат Ғұсмановтың айтуынша, қазіргі уақытта мемлекеттік кірістер органына тіркелмей, әлеуметтік желілер арқылы кәсіппен айналысып отырған тұлғалар көбейіп кетті.

-Заң бойынша тіркелмей кәсіппен айналысып отырған тұлғаларды мемлекеттік кірістер басқармасына шақыртып, әңгімелесу-сұхбаттасу жүргізіледі. Нәтижесінде олар жеке кәсіпкер ретінде тіркеледі немесе бірыңғай жиынтық төлем төлеушілер болып танылады. Мәселен, алдыңғы жылы әртүрлі қызмет түрін көрсетіп отырған 7 тұлға жеке кәсіпкер ретінде тіркелсе, әңгімелесуге шақырылған қалған тұлғалар бірыңғай жиынтық төлемін төледі. Биыл жыл басынан күні бүгінге дейін әлеуметтік желілер арқылы кәсіппен айналысып отырған 12 тұлға анықталып, оларға шақырту қағаздары жіберіліп, нәтижесінде 8 тұлғамен әңгімелесу өткізілді. Солардың бесеуі бірыңғай жиынтық төлемін төледі,- дейді өз сөзінде басқарма басшысы Таумұрат Ғимранұлы.

Әлжелідегі бизнес елде қарқынды дамып кеткеннен кейін қатаң бақылауға алынды. Желідегі бизнесін қыздырып, бірақ салық төлеуден жалтарғандар енді қара тізімге алынады деп жазған inbusiness.kz сайты. Сайттағы мәліметтерге сүйенсек, үкімет 2020 жылдан бастап виртуалды сауда-саттық қоймасына ревизия жүргізуде. Бұл әсіресе Instagram-ға қатысты. Мұндағы аккаунттар шетінен бақылауға алынады.

Гүлзара ТІЛЕКҚАБЫЛҚЫЗЫ