12.03.2021, 17:17
Қараулар: 670
Ұлттық жоба талқыланды

Ұлттық жоба талқыланды

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында «Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған ұлттық жобасын» талқылауға арналған жиын өтті. Жиналысты аудан әкімінің орынбасары Асхат Молдағалиев ашып, облыс орталығынан жұмыс сапарымен келген меймандарға «қош келдіңіз» айтып, таныстырды.

Басқосуға облыстық мәслихат депутаты, БҚО бойынша Қазақстан Фермерлер қауымдастығының төрағасы Серік Жарылғапов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мал шаруашылығы бөлімінің басшысы Алмат Есполов, облыстық жер қатынастары басқармасының бас маманы Яннұр Құлшманов, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Дамир Ақынбеков, «Кублей» ЖШС-нің сатып алу бөлімінің басшысы Бақытбек Айтбаев, «Eurasia Group KZ» группасының сату бойынша менеджері Асылан Есенғалиев, сондай-ақ ауылдық округ әкімдері, шаруа қожалықтарының жетекшілері, кәсіпкерлер мен дербес бөлім басшылары қатысты.

Алғашқы сөз алған облыстық мәслихат депутаты Серік Абдуғалиұлы «ҚР агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» биыл аяқталатынын тілге тиек етіп, жаңадан құрылған ұлттық жобаны қысқаша түсіндірді. Ұлттық жоба агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 15 басым бағытынан тұратынын, олардың әрқайсысы бойынша нақты шаралар мен индикативтер көзделгенін айтты. Он бес бағыттан бөлек, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне жобаның он алтыншы және он жетінші бағыты ретінде су мен қосалқы шаруашылықты енгізуді ұсынуда. Әрмен қарай Алмат Есполұлы жобаның он бес бағытының әрқайсысына тоқталып, егжей-тегжейлі түсіндірді. Облыстық жер қатынастары бөлімінің бас маманы Яннұр Асқарұлы пайдаланбайтын жерлерді мемлекеттің меншігіне қайтару, елді мекендердегі жердің тапшылығын атап өтті.

-Өткен үш жылдың ішінде пайдаланылмай жатқан жер көлемі 1 млн 41 мың гектарды құрайтыны анықталды. Мемлекет меншігіне 141 мың гектар жер қайтарылса, соның 52,3 мың гектары қайта айналымға енгізілді. Түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде 543 мың гектар жер телімдерін пайдаланушылар жерлерін мақсатына сай игеруге кірісті, — деді ол.

Сондай-ақ Дамир Холматұлы биыл «Еңбек» бағдарламасының соңғы жылы екенін айтты. Бұдан бұрын 3 млрд теңге болса, биыл бұл бағдарламаға тек 800 млн теңге қарастырылған. «Кублей» ЖШС-нің сатып алу бөлімінің басшысы Бақытбек Еркінұлы жалпы серіктестік 2017 жылы ашылса, 2020 жылы тері өңдеу зауыты іске қосылғанын атап өтті. Сонымен қатар былтыр серіктестік мемлекетке 2 млрд 100 мың теңге салық төлеген екен. Ал, Асылан Берікұлы «Eurasia Group KZ» группасының ауыл шаруашылығына арналған техникаларды таныстырды. Әсіресе, егін суаруға арналған құрылғыға кеңінен тоқталды.

Ұлттық жобаның тұжырымдамасын талқылау барысында кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының жетекшілері бірқатар ескертулер мен ұсыныстар айтты.

Батыс Қазақстан облысы бойынша Қазақстан Фермерлер қауымдастығының төрағасы С.Жарылғаповтың айтуынша, «Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған ұлттық жобасы» биыл шілде айында бекітілуі тиіс. Сол уақытқа дейін жобаны түсіндіріп, талқылау үшін құрылған жұмыс тобы облыстың барлық елді мекендерінде болып, жобаға қатысты ұсыныстарды ескеретін болады.

Гүлзара ТІЛЕКҚАБЫЛҚЫЗЫ