15.03.2021, 10:29
Қараулар: 634
Бір жасыңызбен!

Бір жасыңызбен!

Шуағын шашып көктем де келді. Сол көктемнің жаршысындай болған төл мерекелеріміз де құдды бір алып күннің шапағындай ел-жұрттың көңіліне қуаныш сыйлайды. Қытымыр қыстың шырмауынан аман шыққанына қуанған халқымыз дүбірлетіп күй ойнап, көктемнің алғашқы күндерін той-думанмен қарсы алады. Алайда, аты жаман аурудың салдарынан, тойшыл халқымыздың төрт қабырғаға қамалып отырғанына бүгінде жылға жуық уақыт болыпты. Бірақ, бұл да халқымыздың амандығы мен саулығы үшін екені сөзсіз. Осындай келеңсіздіктердің салдарынан ұлттық мерекелеріміздің құндылығы  ортайып, қадір-қасиеті көнеріп кетпей ме деген қорқыныш бар.

Көктемнің алғашқы күні, төңірегіңдегі ағайын-туысқа, дос-жаранға алғыс айтып, жүрекжарды тілегіңді білдірумен басталып, той-думанға ұласады. Қазақ халқы үшін ойып тұрып орын алатын мерекелеріміздің бірі – 14 наурыз Көрісу күні. «Шығыс елдерінің байырғы күнтізбесі бойынша, наурыздың басталуы хамал айының бірінші жұлдызы болып есептеледі. Хамал деп отырғанымыз Тоқты шоқжұлдызының ескі парсыша атауы. Күн мен түн теңеліп, амал кірген сәтте Тоқты шоқжұлдызы туады деген ұғым қалыптасқан. «Наурыз» сөзі «жаңа күн» деген мағынаны білдіреді. Бұл қазіргі күнтізбе бойынша 14 наурызға сәйкес келеді. Амал күні қазақ жыл санауы бойынша жаңа жыл, жаңа тіршіліктің бастамасы деген түсінік бар. Көрісуде ел-жұрт ерте тұрып, елең-алаңнан жасы үлкен адамдарға сәлем береді. Көрші- көлем  бір-біріне «Жасың құтты болсын!» , «Бір жасыңмен» деп қол алысып, төс қағысып, үйді-үйден дәм татып, аман-саулығын біліседі.  Жақсы тілектер айтылып, ауызы дуалы аталарымыздан алақан жайып бата сұрайды. Айтулы мерекеде өкпе-реніш ұмытылып, ескіні жаңаға айырбастап, жаңа жылмен бірге дүйім жұртта жаңаруға тырысады. Бабамыз данышпан халық. Осы мереке арқылы алысты жақындатып, ескіні жаңартып елді береке-бірлікке шақырған. Үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсетуге үгіттеп сыйластықты арттыруға тырысқан.

Амангелді УӘЛИЕВ, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

-Бала кезімізде ата-анамыз тума-туыстың есімін жіпке тізіп, осы ата-әжелеріңе көрісіп, батасын ал  деп үйлеріне жіберетін. Содан, қалтамызды бауырсақ пен құртқа толтырып ауылды шарлаушы едік. Көрісу — біздің төл мерекеміз. Бұған ешкімнің таласы жоқ екені сөзсіз. Өскелең ұрпақ біздің болашағымыз, еліміздің ертеңі. Қаймағы бұзылмаған салт-санамызды жалғастырушы. Осы орайда мен өзім төрағалық етіп отырған  аудандық ардагерлер кеңесінде де тамырын тереңге жайған тарихымызды дәріптеу мақсатында көптеген көлемді шаралар атқарылып жатыр. Биылғы келеңсіздіктерге байланысты бұрынғыдай ардагерлерді жинап, ақ дастарханды жайып, арқа-жарқа болып отырмасақ та әлеуметтік желілер арқылы онлайн құттықтаулар жолдап, ізгі тілектерімізді білдіріп жатырмыз. Осы тұста жастарымыз жаңа технологияны тиімді пайдаланып, осы мерекелерімізді кеңінен дәріптесе екен деймін. Сонау байырғы заманнан бастау алған бұл мерекенің мәні мен мағынасы зор. Елді ауызбіршілікке, ынтымаққа шақыратын қасиетке ие. Алла елімізді тыныш, ұрпақтарымызды аман етсін.

        Талшын АЙТҚАЛИЕВА, зейнеткер:

-Амал мерекесі ұрпақтан-ұрпаққа мұра боп келе жатқан салт-дәстүріміздің ескірмес жұрнағы. Жүрекке жылу сыйлайтын, ағайынды жақындастыратын тамаша мереке. Жыл сайын көрісуде үйіміз тума-туысқа толып, мәз мейрам болып бір жасап қаламыз. Немере-жиендер келіп, алыстағы дос-жаранмен  қауышып әңгіме-дүкен құрамыз. Қой сойып, ет асып, көрші-көлемді жинап қыстан аман шыққанымызды тойлаймыз. Бұл бізде қалыптасқан дәсүр. Биыл енді карантинге байланысты телефон арқылы бір-бірімзіге жылы лебізімізді жеткізіп, тілдессек жетіп қалар. Өйткені денсаулықты ойлайтын уақыт ғой.

          Жамил ИБРАЕМОВ, Ұзынкөл ауылының тұрғыны:

-Жыл сайын ауыл іші көктем келгенде көрісу, наурыз мерекесімен ерекшеленіп, адамдар бір серпіліп қалады. Көтеріңкі көңіл күймен жылда бір-бірімізге айттап барып, амандасатынбыз. Бұл керемет дәстүрді ауылдастар асыға күтеді. Биылғы көрісу ерекше болмақ. Ең бастысы үлкендеріміз түсіністік танытып, ренжімесе болғаны. Жалпы мына індеттен құтылсақ бұл дәстүр өз жалғасын табатынына сенімдімін.

Қазақтың салты, дәстүрі, мерекелері барлығы да адамгершілікке, бірлік пен ынтымаққа, кішіпейілділік пен бауырмашылдыққа тәрбиелейді. Келесі жылғы көрісуге аманшылықта жетейік, ағайын!

Бақытжан СЕРІКОВ