25.03.2021, 15:42
Қараулар: 724
Өмірі өнегеге толы аға еді

Өмірі өнегеге толы аға еді

 

Адамзат баласының ғұмыры қысқа болғанымен, артына өнегелі істер қалдырып, айналасындағы адамдарға жасаған жақсылықтары мен жанына жақын тарта білетін жылылығы көңілден кетпейтін адамдар болады. Сондай келбетімен өмірде есте қалған абыз ағамыз Зұлпыхар Әбдірешев.

Менің бүгінгі әңгімелегелі отырған кейіпкерім, бейнеті мен зейнеті қатар өрілген, қатардағы мал дәрігері сатысынан үлкен ұжым басшысына дейін жеткен өнегелі өмірдің иесі — Зұлпыхар ағаның жарқын бейнесі әлі көз алдымда. Шын мәнінде өмірге бір-ақ рет келетін, қайталанбайтын, ешкімді де бөле-жара қарамайтын, тот баспайтын пейілі арқасында дүниеден өтсе де, қаншама жанның көңіл төрінен өлместей орын алғаны рас.

«Адам» атты пенденің өзегін өкініш қанша өртесе де, Жаратушының бұйрығына бағынудан басқа шараң жоғына сенесің, тағдырыңа әмірін жүргізетін бір күш барын мойындайсың. «Жазмыштан озмыш жоқ» деген осы шығар.

Ғұмыр мәңгілік болса ғой, шіркін. Ол, әсіресе, ағадай ешкімнің алдында      ақталмайтын, ешбір адамды сыртынан даттамайтын, өзгелерге жақсылық жасаудан жалықпайтын адамдар үшін керек-ақ.

Шынында да,  адамның жақсы болуы көбіне  тегіне байланысты деп айтады.  Аталардың өнегелі ұлағатын өмірге ұран етіп,  айналаға шуағын  шашып жүру кез келгеннің қолынан келе бермейтіні анық. Алған жақсы тәрбиенің әсерінен болар, қайда жүрсе де, қандай  ортада болса да, қандай жауапты қызметтер атқарса да әркез өзін дәлелдеп жүрді. Ағамыз жақсыны да, жаманды да, қызықты да, шыжықты да көрді. Жоқпын деп саспады, бармын деп таспады, қиындықтан қашпады. Әрбір істі тек ізгіліктен, жақсылықтан бастайтын еді. Осы орайда ұлы ойшыл Әбу-Насыр әл-Фарабиден «Бақыт деген не?» деп сұрағанда, данышпан тек бір ауыз сөзбен «Қанағат» деп, жауап берген екен дейді. Осы жұмбақ сөзде қаншама мағына бар. Ешкімді алаламайтын, өзгенің ала жібін аттамайтын қасиеті әкесінің өнегесі болар деп  ойлаймын.

Ағаның бойында уақыттың ырқына бағынбаған, қай кезде де құндылығын жоғалтпаған үш қасиет болған. Ол — адамгершілік, ол — адал еңбек, ол — елге тигізген шарапаты.  Зөкең өмірінде осы үш қасиет өлшемінен ауытқымаған адам.

Бір қызығы, ағамыз зейнеткерлік жасқа толып, «Жәнібек» кеңшарының директоры лауазымынан Жәнібек ауылына қоныс аударғанда аудан  басшыларынан баспана сұрап есік қақпай, бір орыстың үйін сатып алды да қоныстанды. Сол мекенде Әру апа  бала-келіні, немерелерімен тұрып жатыр.

Қолыма қалам алып, осы біздің Жәнібек еліне еңбек еткен адамдар жайлы төгіле жазсам, ол менің кешегі Кеңестік дүниені көксегенім емес, керісінше осы жазғаным арқылы өткенді еске ала отырып, сол жылдардағы ағалардың есімін қайта жаңғыртуды, олардың өнегеге толы өмір жолын жастарға үлгі етуді көздедім. Олардың салып кеткен адалдық пен жауапкершілік үлгісін бүгінгі жас толқынмен сабақтастыруға себепші болу — біз секілді екі дәуірді көрген адамдардың, ақсақалдық жасқа жеткен аға буынның міндеті деп  түсінемін.

Уақыт көші алға қарай жылжыған сайын жасымыз ұлғайып, қатарымыз  сиреуде. Бұл да бір тылсым табиғаттың өзіндік заңдылығы шығар. Қарттық дәурен белең алғанда артта қалған өміріңе деген құрметің арта түседі екен.  Әсіресе, жұмыстас болған үлкенді-кішілі ел азаматтарына, жақын араласқан дос-жолдастарға деген  сағыныш бір бөлек.

Өмір белесінде  сыйласқан,  әркездері  сырласқан жаныма жақын  ағалардың бірі, екеуміз де Жақсыбай өңіріндегі «күблей алаша» ағайынды Мұхамедияр мен Мұхамбетжанның шаңырағынан қыз алған құдалар ретінде танылған Зұлпыхар Әбдірешов ағаның тоқсанға толар жасы алдында Жәнібек еліне Зөкең атанған абыз аға туралы әңгіме өрбітпекпін. Ол 1931 жылдың 16 қаңтарында Орда ауданының Талап ауылдық Кеңесіне қарасты «Талап» ұжымшарында дүниеге келген. Әкесі Әбдіреш Машаров шеркеш, анасы Мүтила қаратоқай беріш руынан, екеуі де  қарапайым шаруа  адамдары болған. Елде  Кеңес үкіметі  құрылып, байлар конфискелеуге ұшырап, малдары үкіметке алынып, ұжымшарлар ұйымдастырылғанда, ата-әжеміз ұжымшарға мүше болып кіріп, бір отар қой  алып, мал  баққан. Мүтила әжеміз сол заманның мұң-мұқтажы мен  ауыртпалығын арқалай жүріп, тоғыз құрсақ көтерген. Сегіз қыз,  олар  Сағида,  Нағия, Қалкеш,  Нұржаман, Мәнсия, Жамал, Затипа, Сираж және  жалғыз ұл Зұлпыхар. Алғашқы бес қыз жастай, ерте дүниеден  өткен. Соңғы төрт  перзенттің ең кенжесі Зұлпыхар аға.

Зөкең 1949 жылы Талап жетіжылдық мектебін бітіріп, Орал  ауыл шаруашылығы техникумының мал дәрігерлік факультетінде оқып, мал дәрігері дипломын алып шыққан.

Ағамыз техникумды төрт жыл жақсы оқумен қатар болашақ арқа сүйер  тіреніші  мен  сүйеніші болатын жарды алыстан ат шаптырып іздемей, осы оқу  орнында оқып жүрген қыздардың арасынан көзі шалып, бойына қан жүгірткен, бұрымды да көрікті, сұлулығы бойына сай, әдемі Әру апаймен 1952 жылы  танысып, келесі жылы, сол жылдардағы тіршіліктің қам-қаракетіне байланысты,  студенттік дастархан жайып, өздерінің группалас достарымен атап өтіп, қол ұстасып үлкен өмірге осылай қадам  басқан.

Әру апа ұяда бір ұл, бір қыз болып өскен. Әкесі Сарбала Оразов,кісі Хамидолла Сарбалин байбақты әулетінен, анасы Қамида. Інісі Хамидолла екеуі Сайқын ауылына қарасты Ленин атындағы ұжымшарда дүниеге келген. Бұл өңір Жәңгір хан бабамыз билік құрған патшалық кезеңінде жылға екі рет «Хан базары»  өтетін аймақ болған.  Көнекөз қариялар күні кешеге дейін өзін таныстырғанда «Хан базары» ауылынанбыз дегенді  естіп жүрдік.

Зөкең де, Әру  апай да 1953 жылы оқуларын  аяқтағаннан  кейін  ауылға,  Жәнібекке оралып, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының арнайы жолдамасымен «Жасқайрат» ұжымшарының (бүгінгі Күйгенкөл ауылы) «Өнеге» фермасында өз мамандықтары бойынша жұмыс жасап, көзге түскен жас  маманды, 1949 жылдан  комсомол мүшесі, Зұлпыхар ағаны 1954 жылы Ленин атындағы ұжымшарға (бүгінгі Ұзынкөл ауылы) комсомол-жастар ұйымының  жетекшісі қызметіне жолдайды. Өзін жан-жақты қызметімен көрсете білген аға 1958 жылы партия мүшелігіне қабылданады.

1959 жыл оны, бұрынғы Жәнібек ауданына қарасты «Бисен» кеңшары  «Көктерек» фермасының басқарушысы қызметіне жұмсайды.  Бұл  міндетті 1964 жылға дейін атқарып, аудан орталығындағы мал дәрігерлік зертханаға басшы болып ауысады.

Өткен ғасырдың алпыс бесінші жылдары Кеңес үкіметінің ұжымшарларды біріктіріп, ірілендірілген кеңшарлар құру жөніндегі  шешімі болды.  Осыған орай алғашқылардың бірі болып «Талов» кеңшарынан Жақсыбай ауылы Свердлов атындағы кеңшар болып бөлініп шықты. Жаңа шаруашылыққа директор болып Мүлкай Зұлқашев, мамандар іріктелгенде, бас зоотехник Қадер Бекесов, бас мал дәрігері болып, Зұлпыхар Әбдірешев тағайындалды. Бұлардың үшеуі де бөлек-бөлек тұлға, ауыл шаруашылығының білгір мамандары-тұғын. Кейін Қадер Хасенұлы «Талов», Зұлпыхар Әбдірешұлы «Жәнібек» кеңшарларын ұзақ жылдар бойы басқарып, ел, халық үшін қызмет жасаған абыз ағалар атанды.

Зұлпыхар аға, жыл он екі айда бір тыным таппай мал  шаруашылығының қам-қаракетімен алыса жүріп, Алматының зоотехникалық-мал дәрігерлік институтының мал дәрігерлік факультетінде сырттай оқып диплом алды.

Зөкең 1973 жылы аудан орталығындағы мал дәрігерлік  стансаның бас дәрігері қызметіне ауысты. 1977 жылы ол Ақоба ауылдық кеңесіндегі «Жәнібек» кеңшарының директоры лауазымына тағайындалды. Бұл ертеректе ноғайлар мекендеген Ақоба-Жұмат, кейін Ақоба ауылы атанды. Халқының ауызбірлігі  мықты, жері шұрайлы, аумағында Соркөл соры, Тарылған өзені, көлі бар, аңы, балығы бар киелі аймақ. Біздің аудан көлемінде осыншама байлығы бар аймақ біреу ғана, ол — осы ел.

Бұрын, осы Ақоба ауылдық Кеңесі қарамағында «Социализм», «Ордженикидзе», «Сталин», «Молотов» ұжымшарлары орналасқан, Ұзынкөл ауылы осы ауылдық Кеңеске қараған. 1957 жылы ұжымшарлар біріктіріліп, ол Октябрьдің 40 жылдығы атындағы ұжымшар болып, қайта құрылған. Осы құрылымда ұжымшар төрағалары болып Рақым Кенжалиев, Закария Өтеғалиев, Сағынғали Елемесов жұмыс жасаған.

1965 жылы ұжымшарлар таратылып, кеңшарлар құрылғанда Ұзынкөл ауылы Ақобадан бөлініп, өз алдына шаруашылық, Ақоба «Жәнібек» кеңшары болып қайта құрылды. Оның алғашқы директоры қызметіне Бораш Әмірғалиев келді.

«Жәнібек» кеңшарына айналған шаруашылықтың аты өзгергенімен, ішкі дүниесі дамудан кенже қалып келді. Халықтың тұрмыс-тіршілігіндегі кемшін тұстарын, қордаланған шаруашылық мәселелерін рет-ретімен жүйеге келтіру жаңа басшының алдында тұрған үлкен міндет болды.

З.Әбдірешев кеңшарға келгеннен бастап, өңірде үлкенді-кішілі өзгерістер пайда бола  бастады, — дейді ақобалық Зориан Бапақов. — Ең бастысы, қатынасқа қажет жүріп-тұруды қиындатқан, қара су  басқан  жолдарды реттеу қолға алынды. Кеңшар орталығын Орал – Жәнібек күрежолына қосатын 25 шақырымдық грейдерлі жол салынды. Үш ферма орталығына жол тартылды. Ауылішілік  жолдар қалыпқа келтірілді.

Егістік алқаптарға  жан бітіп, қызу еңбек науқаны қарқын алды. Егістік көлемі жиырма сегіз мың гектарға дейін  ұлғайтылды. Жиырма екі мың гектар егінге,  үш мың гектар көпжылдық шөп егуге, бір жарым мың гектар суармалы жер мал азығы үшін жүгері, суданка егуге, екі жүз гектар бау-бақша егуге бөлінді. Ауыл адамдары түгел жұмыспен қамтылып, қайнаған еңбектің  ортасында  жүрді.

Ауданға Еділ суының келуімен байланысты, Қамысты ауылындағы Желқалақ деген жерде орналасқан су айдайтын стансадан шыққан канал «Қайрат» және  «Ақоба» кеңшарларының аумағы арқылы Бөкей Ордасының Мұратсай су қоймасына тартылды. Осыны ұтымды пайдаланған ағамыз барлық мал қыстайтын орындарға су сақтайтын тоғандар қаздырып, оған канал суын жеткізді.  Нәтижесінде барлық малды  ауылдар  бос сумен  қамтылды. Тарылған өзеніндегі бөгетті ұлғайтып, оны сумен толтырды. Еділ суының қайырын бөлімшелер де көрді.  Олардағы  көлдерге су  шығарылып, қыстыққа қажетті мал азығының жеткілікті қорын жасауға мол мүмкін туды. Кеңшардағы жиырма үш мың қой, бір мың алты жүзден астам сиыр малы, бір мыңға жуық жылқы осындай малға деген қамқорлықтың арқасында өсіп-өнді. Малшылар  қауымы да  оларға істеліп жатырған жанашырлыққа жауап ретінде өздеріне алған міндеттемелерін орындауға тырысып, еңбек етті. Жылқышылар Пазыл мен Қайреден  Ысқақовтар,  аға  шопан  Қайрок пен  Қауа Ешматовтар, аға малшы  Берік Бәсеров сиыр малын бордақылап, семіртуде ауданға танымал еңбек  адамдары саналды. Олардың еңбегі елеусіз қалмай, ауылдық, аудандық кеңестің   депутаттары болып  сайланды.

Сонымен бірге З.Әбдірешев кенжелеп қалған құрылыс саласының да көрігін қыздырып, ең бірінші ауыл адамдарын баспанамен қамтуға күш салды.  Жаңадан алты тұрғын үйлер көшесі пайда болды. Кеңшар орталығында мәдениет үйі, кеңсе ғимараты, машина-трактор жөндеу шеберханасы бой көтерді. Барлық малшы-шопандарға арнап, мал қыстағы орнында, үйлерінің қасынан монша салдырды. Мәңгүр, Жиенбет бөлімшелерінде ірі қара малын бордақылап семіртетін алаң салынды.

Осыншама қыруар жұмыстың оңтайлы атқарылуы кеңшар  басшысының  мамандарымен тіл табысып, оларды  ортақ іске  жұмылдыра білуінің арқасында болды. Бас бухгалтер Самиға Хайырова, бас зоотехник Бұрхан Өтеғалиев, бас мал дәрігері Тарас Сағынғалиев, бас экономист Нұрым Сидеғалиев, бас агроном Ерсайын Күншығаров, бас инженер Шеркешбай Тауырбаев, прораб Өтеғали Хакимов, бөлімше меңгерушілері Марат Дәулетов, Зориан Бапақов, Меңдіхан Досболатовтар ағаға көмекші бола жүріп, өздерінің міндетті  жұмыстарын үлкен жауапкершілікпен атқарып, халықтың ілтипатына бөленді.

Зұлпыхар Әбдірешұлының жастайынан қанына біткен қасиет, әділеттілікті, тәртіпті, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара білетін ұйымшылдықты сүйді. Өзі басқарған ауылды соған үйретті, кейінгі жастарға өшпес өнеге көрсетті.  Жастардың білімге құштарлығын арттыру, еңбекке ынталандыру, ауыл  мәдениетін дамытуға жұмылдыру сияқты тәрбие жұмысын сол саланың мамандарымен ширатып отырды. Ауыл мектебін үнемі назарынан тыс  қалдырмады. Мектеп директорлары Қасым Омаров, Ғиният Жароев, Мереке Қайдаровтармен байланысын үзбеді.

Екінші кезекте Зөкең ауыл тұрғындарының ауызбіршілігін қолдап, оларды еңбекке баулу, тазалыққа шақыру, ауылда тәртіп орнатуға бағытталған көше тойын өткізуге өзі мұрындық болды. Мұнда тек көше тазалығы емес, бау-бақшаға, әр үйдің ауласына да баса назар аударылды. Аулаға гүл егуді міндеттеді. Қонаққа  шақыру мен барудың уақытын кешкі сағат жетіде жиналып, он екіде тарайтын жасады. Осылардың бәрі қатаң талап етілді және мүлтіксіз  орындалды. Халықты соған үйретті. Ал осының негізгі мақсаты — ауыл  тазалығы мен көшенің көркіне мән беру болғанымен, тереңде жатқан ойы ауылдағы ағайынды бірі-бірімен  жақындастыру, бір-біріне деген қамқорлығын арттыру. Жаз шықса қыс келеді. Оған ерте қамданған ұтады дейтін. Зөкең қыстақтардағы қой қораларының қиын ауыл адамдарын ұйымдастырып ойып, кептіріп, кейін кеңшар орталығындағы әрбір үйдің көлеміне қарай есептеп, тасып берген. Себебі, ол уақытта қысқы отын аз, оны алатын жер жоқ. Жәнібектен тасымалданатын көмір бәріне бірдей жете бермейді.

Көктем айында Ресейдің көршілес Палласовка қаласындағы құс фабрикасынан ауылға қанша керек болса, сонша балапан алдырып, әрбір үйге керегіне қарап бөліп бергізді. Осы шараларға шыққан шығынды кеңшар өз мойнына алып, ауыл тұрғындарынан төлем алмаған. Ауылда сауда-саттық базарын ұйымдастырған да, жалғыз осы Ақоба елі.

Әрбір ауылда өзінің елі сыйлаған ардақты адамдары болатыны белгілі. Ақобадағы жиырма бір Ұлы Отан соғысы ардагерінің он үші жауға қарсы  жанқиярлықпен соғысып, Берлинге дейін жетіп, елге оралды. Сонымен бірге он бір он балалы ана елдің мақтанышына айналды. Осыларға деген қамқорлық үнемі кеңшар директорының бақылауында болды. Ақоба халқы фельдшер Нағима Боранбаеваны пір тұтты. Ол, жалғыз дәрігер, жаяулап-жалпылап қысы-жазы аурумен алысып, адамдарға арашашы болып, алғысқа бөленіп жүрген жан саналды. Бір жылы қыс айында, ауа райы қолайсыз, күн боран, ауылдың жүкті әйел адамын шұғыл аудандық ауруханаға жеткізу керек болған. Нағима түн ортасында жолға шыққан. Аудан орталығы ауылдан қырық бес шақырым. Жарты жолға жеткенде, маң далада әйелді көліктің ішінде босандырып, сәбидің кіндігін өзінің тісімен үзіп, аман-есен жеткізген.

З.Әбдірешев ауылдағы мәдениет мекемелерінің жұмысын да назардан тыс қалдырмаған. Кеңшар партия комитетінің хатшысы болып Меңдақ Неғметов жұмыс жасады. Оның зайыбы Ботагөз Телағысова мұғалім, тіл маманы болса да мәдениет үйіне жұмысқа орналасып, осы мекеменің меңгерушісі Мұрат Мұқамбетқалиев екеуі ауылдағы мәдени жұмысты ұршықша үйірді. Ауылда бес отбасылық ансамбль жұмыс жасаған. Әртүрлі мәдени-көпшілік шаралар жиі өткізіліп тұрған. Көршілес Ресей жерінде өтетін мерекелік шараларға мәдениет қызметкерлерін Зөкеңнің өзі бастап барып, өнер көрсету дағдыға айналған. Кітапхана жұмысына да жан біткен.

Ауыл адамдары арасында «Директор қай жаққа қарап отыр», — деген әзіл әңгіме тарап кеткен. Оның қабылдауына келген адам хатшыдан «Зөкең қай  жаққа қарап отыр, терезеге ме, әлде есікке ме?» – деп сұрайтын көрінеді. Терезеге қарап отырса, кірмейді екен, онда жұмысы бітпейді. Есікке қарап отырса, кіретін болған.

Зұлпыхар аға еліміз тәуелсіздік алған 1991 жылы зейнеткерлік жасқа  толып, республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер атағымен құрметті еңбек  демалысына шықты. Ол қырық жылға жуық еңбек өтілінің он бес жылын   «Жәнібек» кеңшарын басқаруға жұмсады. Еңбегі елеусіз қалған жоқ. Республикалық байқаулардың жеңімпазы төс белгілерін, «Еңбек ардагері» медалін, облыс, аудан  басшыларының көптеген құрмет грамоталары мен алғыс хаттарын алды.

1992 жылы ауданға басшы болған Самиғолла Оразов Зөкеңе өзінің өмірлік бай тәжірибесін әрі қарай ауданның дамуына жұмсауға шақырды. Елдегі болып жатырған саяси өзгерістерге байланысты аудан орталығында мешіт салу  жұмысын басшылыққа алуды ұсынды. Ең алдымен ауданда мұсылмандар  қоғамы құрылып, оның төрағасы болып З.Әбдірешев сайланды. Бұрынғы Ресей еліндегі араласқан дос-жолдастарымен байланысты жаңғыртып, көптеген кедергі-қиындықтармен құрылыс материалдары тасымалданып, бүгінгі Жәнібектегі орталық мешіт ғимаратының салынып, іске қосылуына мұрындық болды. Осындай қам-қарекетке қоса, ол Жәнібек ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы міндетін де атқарды.

Жәнібек ауылының қақ ортасынан орын тепкен әсем мешітке риза болған халық Зөкеңді аудандық Кеңестің депутаттығына ұсынып, оған Жәнібек ауылының батыс бетіндегі халыққа табиғи газ жеткізу аманатын тапсырды.  «Аманатты орындамау – қиянат» дегендей, оны да бірқатар кедергілермен жүзеге асырып, тұрғындардың  алғысына  бөленді.

З.Әбдірешевтің бүкіл өмірі ауылмен тығыз байланысып жатыр. Ол қалаға ұмтылмады. Қазағының түп-тамыры ауыл екенін жақсы білді.

Зұлпыхар аға мен  Әру апа бір қыз, үш ұл өсіріп, бәрін жоғары білім алуға, өмірден өз орындарын тауып, адал еңбек етуге тәрбиеледі. Ұрпақтың үлкені Жібек, сосын Ерсайын мен Сәбира, Қаршыға мен Бибинұр, Нұрболат пен Ақмарал. Осылардан сегіз немере, бір жиен өсуде. Әру апамыз кенжетайы Нұрболат пен Ақмаралдың тәрбиесінде, құдайға шүкір.

«Жақсылар жақсымен деп айта алмайды, жамандар жақсымен деп  айқайлайды». Қазақтың осы бір сөзі қандай мағыналы еді. Ағаның бұл пәнимен  қоштасқанына жиырма жылға жуық уақыт өтті. Күні кеше сияқты. Дегенмен, елі сыйлаған ағаның есімі халықтың жадынан ешуақытта өшпейді.

Аудан басшылары Зұлпыхар Әбдірешевтің ауданға сіңірген еңбегін сараптап, Ақоба ауылындағы бір көшеге оның есімін берсе, аруағына деген үлкен құрмет болар еді.

 

Қалиолла МҰҚАНОВ,

Орал қаласы