25.03.2021, 15:46
Қараулар: 712
Ене мен келін арасындағы сыйластық хақында

Ене мен келін арасындағы сыйластық хақында

 

Қыз аттаған келін кеп ақ босаға,

Ақ босаға, мерейлі бақ босаға.

Қасиетті халқымның дәстүріне,

Куә боп ғасырлар жатты осы ара.

(С.Желдербаева)

Атам қазақ «Қызым келіннен, ұлым елімнен ғибрат алып өседі» деп көрегендікпен айтқан. Бұл арада халқымыз көргенді ұл мен көргенді қыз тәрбиелеу мәселесін басты орынға қойып отыр. Бүгінгі қыз ертең бойжетіп, бір үйдің босағасын аттап, келін болары хақ. Ал «келінді аяғынан» деп санайтын қазекем әу бастан-ақ жаңа түскен келінге сын көзбен қараған. Отбасында тәлімді тәрбие алып, ибалылық пен инабаттылықты жанына серік еткен қыз бала барған жерінде бағы ашылып, сыйға бөленеді. «Тастай батып, судай сің» дейді мұндайда қазақ, яғни сол жұбайының отбасына сіңісе алған келіннің ғана ауыл-аймаққа қадірі артады. Әрине, өзге ортаға, өзге отбасына бірден сіңісе қою кімге болса да ауыр соғары анық. Ол отбасының әрбір мүшесімен тіл табысу – үлкен сын, қала берді, келінге артылған ауыр жүк. Өкінішке қарай, бүгінгі таңдағы жаһандану отбасы арасындағы сыйластыққа сызат түсуіне бірден-бір себепкер болып отыр. Соның бірі – бүгінде әр отбасындағы өзекті проблемаға айналған ене мен келін арасындағы байланыс. Себебі не? Мәселенің астарына үңіліп көрелік.

                         «Келін – қайын ененің топырағынан»

Алдыменен өзіңнің енең сынар,

Емендей бол, бұл сынға емен шыдар.

Жас келінге қаттырақ қарағаны,

Ширатып бір алайын деген шығар.

(Ә.Рахымбеков)

 

Өмірде кездесетіндей, кейбір енелер мен келіндер бір-бірімен ұрсысып қалып жатады. «Келін – қайын ененің топырағынан» деп бекер айтылмаса керек. Ендеше келіннің жақсы болмағы ең әуелі өз анасына байланысты болса, одан кейін барған жерінде ақыл-кеңесін айтып, өмірлік тәжірибесін үйретіп, бағыт-бағдар беріп отыратын енеге де байланысты. Қазақтың дәстүрлі отбасында ене мен келін арасындағы қарым-қатынаста ешқандай қиындық болмаған. Ене мен келін институты ықылым замандардан ұрпақ сабақтастығы арқылы ғасырдан ғасырға жетіп отырған. Оны бұзған кешегі кеңестік кезеңнің керітартпа саясаты. Сол кезден бастау алған «тең құқылық» қазақ отбасында ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан игі дәстүрлерге, соның ішінде келін мен ене арасындағы байланысқа да әсер етіп, олардың бір-біріне қарсы келуіне дейін жол ашты. Кеңестік кезең келіндерінің бірқатары қызмет пен мансапты алдыңғы орынға қойып, бала тәрбиесіне жете мән бере қоймады. Сол келіндер бүгінде ақ жаулықты ана, асыл әже атанып отыр. Бірақ солар бүгінде келін тәрбиесіне мән беріп отыр ма? Мәселенің бір ұшығы осыған да келіп тірелетін сияқты. Бүгінде салт-дәстүрден хабарсыз, келіннің қателігін сөзбен ұғындырудың орнына жерден алып, жерге салып, зіркілдей жөнелетін, ұл-қызымен, келінімен жарыса ашық-шашық киінетін, бала-шағасымен стакан қағыстыратын «современный» енелер кездеседі. Олар келініне дұрыс бағыт беріп, жөн сілтей алмағандықтан, отбасында ұрыс-керіс орын алады. Мұндай «заманауи» енелеріміз немере бағып, болашақ ұрпағына ұлағатты тәрбие бере ала ма? Мұндай жағдайда отбасындағы екі әйелдің арасында сыйластықтың орнай қоюы екіталай.

Ақылды аналардың көрегендігі отбасындағы ынтымақтың бірден-бір себепшісі. Ендеше, келіннің «келсап» болмай, жақсы келін, жақсы жар, жақсы ана болып қалыптасуы, ең алдымен, оның еріне деген сый-құрметіне, екіншіден, қайын ененің тәлім-тәрбиесіне байланысты екен. Өйткені ене – келіннің екінші анасы. Сондықтан келіннің енеден үйренері, алар тәлімі көп. Бүгін келін болып отырған жас қыз, ертеңгі күні өзі де ене атанып, келін тәрбиелейтіні – өмір заңдылығы. Бүгін ол енесінен үйренгенін ертең өз келініне үйретеді. Дәстүрлі тәрбие мектебі осылайша ұрпақтан ұрпаққа жалғасып кете береді.

Қазақ тағы да «Жақсы келін — келін, жаман келін – келсап», «Келіні жақсының керегесі алтын» деп жатады. Олай болса, ене мен келін арасындағы қарым-қатынастың жақсы болуы келінге де байланысты. Жас түскен келін – бір отбасының сенім артып, оң жақтан ұзатқан қызы, үкілеп отырған үміті. Демек, келін өзінің ене алдындағы шәкірт екеніне мойынсұнып, үлкенге деген құрметінен ажырамағаны абзал. Егер де келін бәрін өз дегеніне көндіріп, өз тәртібіне бағындырғысы келсе, ол ортаға сіңіспей құрылған шаңырақтың шайқалып тынары сөзсіз. Яғни біздің қоғамның ең өзекті мәселесінің бірі болып отырған ажырасу проблемасының туындауына себеп – осы ене мен келін арасындағы байланыста болса керек. Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің 22 тамыздағы мәліметі бойынша елімізде биылғы жартыжылда 45036 жұп шаңырақ құрса, соның 12 мыңнан астамы ажырасып тынған. Осыған қарап, қанша шаңырақ шайқалып қана қоймай, қаншама қаракөздеріміз тірідей жетім қалғанын аңғару қиын емес. Демек, осы отбасылардың ажырасуына себептердің қатарында ене мен келін арасындағы кикілжіңнің де әсері бар екені сөзсіз.

                                  Қазақтың келіндері-ай!

Пай-пай, шіркін, қазақтың келіндері-ай!

Көл-дария секілді пейілдері-ай!

«Абысын тату болса, ас көп» деген

Мақалдың айтылуы тегін бе еді?!

(С.Желдербаева)

Қазіргі жастар батыстық металитеттің құрығына ілініп, жаһанданудың жалынына жұтылып бара жатыр. Еуропалықтар болсын, орыстар болсын ата-енесін қазақтай қадірлеп, құрметтеуді міндет етпейді. Ата-енесін атымен атап, олардың көзінше бейәдеп қылық жасаудан да қымсынбайды. Бұл «ауру» қазаққа да жұқты. Бір кезек тарихқа көз жіберетін болсақ, қазақ орыстана бастағаннан бастап, біздің ортада қарттар үйі пайда болған екен. Демек, ата-анаға, ата-енеге деген құрмет пен ізет те осы кезден жойыла бастады деуге болатындай. Қазақ қалай орыстана бастады, солай дінімізден де алыстадық. Біздің ене мен келін болып бір шаңырақтың астында өмір бақи тату-тәтті ғұмыр кешетін дәстүріміздің түпқазығы исламға байланған. Енесінің соңғы демі үзілгенше баладай мәпелеп, асты-үстіне түсетін қазақтың келіндері қандай еді?! Бұл күнде олардың саны көп дегенге ауыз бармайды. «Ата-ананың ризашылығы – Алланың ризашылығы» екенін білетін есті ұрпақ көп болса ғой, шіркін!

Ал қазақ ауыз әдебиетіндегі қанатты сөздер мен шешендік толғауларды, тіпті бертінде жазылған көркем әдебиет беттерін парақтасаңыз, көркіне ақылы сай қаншама аналар бейнесін кездестіруге болады. Бір ғана мысал. Мұқағали Мақатаевтың «Қош, махаббат» атты прозалық жинағындағы келін Нағиманның енесінің әрбір сөзін екі етпей, төредей сыйлап, өзін ибалы да инабатты келін ретінде көрсетуі нағыз қазақ келінінің бейнесі деуге болады.

Психологтардың пікірінше, ене мен келін арасындағы түсініспеушілік, бір-бірімен жиі ұрсысып қалуы олардың әлеуметтік білімсіздігінен, психологиялық сауаттарының, ішкі мәдениетінің төмендігінен болады екен. Бұл – тәрбиенің бір бөлігі. Сондықтан ұлттық тілімізден, ділімізден, дінімізден ажырамай, ата дәстүрімізден ауытқымай, ұрпақ бойына ұлттық тәрбиені сіңіре білу – басты міндет.

А. ҚОЖАҒҰЛ