29.03.2021, 11:53
Қараулар: 614
«Қалтафоннан» қатер көп

«Қалтафоннан» қатер көп

Израиль елінің медицина мамандары ұялы телефонды үнемі қолданған кезде бөлінетін электромагниттік өріс барлық тіршілік иелеріне, соның ішінде адам ағзасына аса үлкен зиян тигізетінін дәлелдеп шыққан.

Бұдан бұрын да финляндиялық ғалымдар «қалтафоннан» бөлінетін радиоактивті сәуле адамның жұлын-жүйке жүйесі мен мидағы қан тамырларына кері әсер ететіні жайлы мәлімдеген екен. Сондай-ақ швециялық мамандар да ұялы телефонды үздіксіз он жыл қолданған адамның есту қабілеті әдеттегі кісілермен салыстырғанда 39 пайызға нашарлағанын байқаған.

Сол сияқты аустралиялық дәрігер-ғалымдар ұялы телефонды пайдаланатын жүз адамға физиологиялық тұрғыдан салыстырмалы зерттеу жүргізіп, бақылаудың нәтижесінде бұлардың көбінің ми қабатын ісік шалу зиянын байқаған. Бұл дерт арада он жыл өткенде тіпті ұлғайып, өлім қаупін туғызарын анықтаған. Олардың пайымдауынша, әлем бойынша темекінің салдарынан жылына бес миллион адам ажал құшатын болса, болашақта ұялы телефонның зиянынан өмірден өтетіндер саны бұдан бірнеше есе көп болары хақ.

Жоғарыдағы ғаламдық қауіпті үрдіс біздің ел тұрғындарын да айналып өтпесі анық. Дәл қазір республика көлемінде телекоммуникацияның дамуына байланысты электромагниттік өрістер жойдасыз өсе түсуде. 1990 жылмен салыстырғанда елімізде, соның ішінде үлкен қалаларда электромагниттік өрістің таралуы ондаған есе өсіп, оның мөлшері қалыпты нормадан мың есе артық көрінеді. Яғни қалыптан тыс көбейген электромагниттік өріс адамның жүйке жүйесіне, ішкі ағзаларына, физиологиялық дамуына зиян келтірумен қатар, ескі ауруларын қоздырып, адамның сергек ойлау, жақсы көру, есте сақтау қабілетін әлсіретіп, жыныстық ағзасының дамып жетілуі мен қызметіне теріс ықпалын тигізеді екен. Әсіресе жүкті әйелдердің электромагниттік өріс аумағында болуы іштегі нәрестені туабітті кеселге ұрындырары ғылыми тұрғыдан дәлелденіп отырған көрінеді.

Қазіргі таңда барша адам баласы, әсіресе жастар күндіз-түні «соткаға» жабысып, бір сәтке де ажырамайды. Түнімен музыка тыңдайды, бір-бірімен хабар алмасады. Мамандар ұялы телефонды қуаттандыратын құрылғы адамнан жарты метр алыс болғаны жөн дейді. Егер бұдан жақын болса, онда жоғары кернеулі электр сымының астында ұйықтағанмен бірдей екен.

Сондай-ақ «қалтафон» пайдаланушылар қатаң ескеретін жайт, құрылғыны токқа қосқан күйде пайдаланудың қатері. Мұндай жағдайда, яғни токқа қосулы телефон антеннасы жоғары деңгейде радиация шығарады да қызған құрылғы адамның дене мүшелерін, соның ішінде миын қыздырып денсаулығына кері әсер етеді. Кейбір жағдайда қуатталып тұрған ұялы телефонды пайдаланудың салдарынан ток соғып немесе телефон жарылып, жастардың өмірмен қоштасу жағдайлары да тіркелуде.

«Басып озған зияны, Талай-талай «мықтыны», Адам бүгін ұялы, Телефонның тұтқыны. Құлыпсыз сол түрмеге, Құмар-ақ жұрт шетінен. Қонақта да, үйде де, Көз алмаймыз бетінен…» деп ақын жырлағандай, «ұялы телефонның тұтқыны» болудан сақтанайық, ағайын!

Дайындаған

Асқар ОРЫНҒАЛИҰЛЫ