2.04.2021, 9:29
Қараулар: 561
Жеті қазынаның біріне жете мән беріп жүрміз бе?

Жеті қазынаның біріне жете мән беріп жүрміз бе?

 

Халқымыз көрген аңды жібермейтін алғыр құмай тазыны жеті қазынаның бірі деп таныған. Сондай-ақ ит он екі мүшел жыл болып есептеледі. Үй жануарын қолға ұстайтындар иттің адам ағзасына келтіретін биологиялық зиянын, түрлі аурулар тарататынын ескере бермейді. Осыған орай біз аудандық ветеринариялық стансаның директоры Біржан Ғұбашевтан сұхбат алған едік.

-Ауруды қоздырушы жер бетінде үш миллиард жыл бұрын пайда болған 400 мың микроорганизм бар. Олардың 400-і немесе 0,1 пайызы ғана ғылымға белгілі. Дүние жүзінде 4,5 миллиондай паразит тіркелген. Осылардың 121-і елімізде жұқпалы аурулар тудырса, 68-і құрт ауруын таратады. ХХІ ғасырдың басында жай жатқан микроорганизмдер түрлі себептермен уыттылығын күшейтіп, адам өміріне, малға қауіп төндіріп, үлкен экономикалық шығын әкелуде.

-Бүгінде елімізде кең таралған паразиттік аурулардың ауыл шаруашылығына, соның ішінде малға тигізетін залалы қандай? Мәселен, эхинококкқа шалдыққан малдан алынған өнімнің сапасы өте төмен болады деп естиміз?

-Ол рас. Мысалы, бұл ауруға шалдыққан мал 9,5 пайыз жүн, 7 пайыз сүт, 3,2 пайыз салмақ жоғалтып, 8,1 пайыз ет, 18,5 пайыз іш май, 84,2 пайыз бауыр, 76,1 пайыз өкпе бермейді екен. Әрбір эхинококкты қой 262 келі жүн, 7,8 тонна сүт, 1,7 тонна салмақ, 1,4 тонна ет, 529 келі бауыр және 354 келі өкпе бермейді.

Өткен жылы аудан бойынша ауыл шаруашылығы жануарлары пастереллез, сібір жарасы, қарасан, оспа, нодулярлы дерматит, туберкулез, құтыру ауруларына қарсы егілді. Сонымен қатар бруцеллез ауруына қарсы 50470 бас ірі қара мен 62230 бас ұсақ ірі қарадан қан алынып, 250 бас ірі қара, 1 бас ұсақ ірі қара сарып ауруына оң нәтиже көрсетіп, бәрі де ет комбинатына тапсырылды.

Ал адамға келетін болсақ, эхинококкозға шалдыққан адамда ауру ауыр ағымда өтеді. Кеш қаралған жағдайда бұның салдары жағымсыз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша науқас адамда аурудың созылмалы түрде өтуі (10-15 жыл) қоғамға 10 мың доллар зиян келтіреді.

-Сөз басында айтылған жеті қазынаның бірі – иттен тарайтын аурудың алдын алу үшін қандай шараларды жүзеге асыру қажет?

-Паразитоздардың артуы бұл иттер популяциясының, әсіресе, бұралқы иттердің көбеюінен болып отыр. Ит нәжісімен сыртқа шыққан паразиттердің жұмыртқасы топырақты, қоршаған ортаны ластайды. Сондықтан ауруға шалдыққан иттерді анықтап, дегельминтизациялап отыру керек. Осы орайда былтыр ауданда 1000 бас ит пен 20 мысық құтыру ауруына қарсы егілгенін айта кетейін. Егер адамды иесі бар ит тістеп алғаны жөнінде ветеринариялық стансаға аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасынан не аудандық орталық ауруханадан хабар түскен жағдайда, ол ит он күн бойы бақылауға алынады. Стансаның қорытындысы бойынша ит қандай да бір ауруға қарсы теріс нәтиже берсе, зардап шегуші екпенің толық курсын алудан босатылады. Ал қаңғыбас итке қабылған кісі екпенің толық курсын алуға міндетті.

Сонымен қатар ауылдар мен елді мекендердің тазалығына баса мән беріп, атсалысуымыз қажет. Иттен сан түлі зооантропонозды аурулар тарайтынын жұртшылық арасында кеңінен түсіндіру керек. Дегельминтизация жұмыстарын уақтылы жүргізу, бұралқы иттерді залалсыздандыру сияқты жұмыстарды қолға алу қоршаған ортаның тазалығына қосылған зор үлес болып табылады.

Ит пен мысық, басқа да жануарлар адам өміріне қауіпті 374-тен аса емделуі күрделі, жұқпалы аурулар мен құрттарды (паразиттерді) таратады. Ит, әсіресе, адамға қатер туғызатын ларвальді цестоз, эхинококкоз-берімшек, цендроз-тентек, айналшық, описторхоз, дипилидоз сияқты қатерлі гельминтоз ауруларын таратушы екені белгілі болды. Орталық Азияда ит гельменттерінің 144 түрі белгілі болса, елімізде ауыл шаруашылығы малдарының арасында 82 түрі анықталды.

Соңғы кезде иттерден жұғатын берімшек, токсокароз аурулары көбеюде. Шаруа қожалықтарының құрылуына байланысты онда малға қарайтын иттер көптеп ұстала бастады. Аудандағы паратизолог мамандардың қысқаруына орай иттерді жоспарлы түрде дегельминтизация жасау мүлдем тоқтатылды десе де болады.  Адам және паразит құрттармен залалданған иттер арасында қарым-қатынас жоғарылады. Мал соятын ет комбинаттары мен пункттер жабылып, малды үйде, қорада не аулада сою етек алды. Сол себепті де берімшекке, тентекке шалдығу жағы артып отыр.

-Маман ретінде, ит, мысық, жалпы, үй жануарын асырағанда нендей қажеттіліктерді есте ұстаған жөн деп ойлайсыз?

-Алдымен үй жануарын алмастан бұрын қатты ойланып, жауапкершілікті сезіну керек. Өйткені иелеріне көп уақыт сол хайуанаттармен бірге тұруға тура келеді. Үй жануарларын аларда отбасының барлық мүшесімен келіскен жөн. Себебі біреуі жақтырмаса, хайуанаттар да қамығып, өзін жақсы көрмейтінін сезеді. Күтімге арналған міндет бірден бөлінбесе, онда жануар өзімен-өзі қалып, проблема туындайды. Мысалы, ит күніне 10-15 минут уақыт бөліп, еркелеткенді жақсы көреді. Қандай қиын жағдай болса да итіңізді көшеге тастамаңыз. Мәпелеп өсірген жануар даланың ыстық-суығына төзімсіз. Өздігінен тамақ таба алмай өлуге бейім келеді. Итті бос жіберсеңіз, оның автокөліктің астына түспейтініне, басқа иттермен таласпайтынына, қаңғыбас иттердің тобына қосылып кетпейтініне, балаларды қорқытпайтынына, адамды қаппайтынына немесе біреулердің ұрлап алмайтынына кепілдік бере алмайсыз.

-Асырап алған ит иелері оларды тіркете ме?

-Асырауға ит алған кезде иесі оны міндетті түрде тіркетуге тиіс. Тіркелген иттерге арнайы құжат (паспорт) жасалып, дер кезінде емдеу, алдын алу жұмыстары жүргізіледі. Онда жазылған барлық ақпараттар иесінің қолында болуы керек. Әрбір емдеу кезінде мал дәрігері құжатты тексеріп, итті қайтадан тіркеуге алады. Бір үйге бір ит ұстаған дұрыс. Оны байлап қою қажет. Ит ұстайтын жер мен үйге дейінгі ара қашықтық он метрден, ал құдық, бау-бақша, мал тұратын жерге дейінгі ара қашықтық он бес метрден кем болмауы тиіс.

Итпен жұмысты бірінші бастағанда әр тоқсанда екі реттен ангельминтекпен дәрілейді. Сонда жас, жынысы жетілмеген құрттар жойылады. Жаңадан отарға алынған иттер мен екі айлық күшіктерге міндетті түрде кезексіз дегельминтизация жасау керек. Бұдан кейін жылына төрт рет, арасына үш ай салып, дегельминтизация жасайды. Иттерге дегельминтизация жасау үшін тұрғын үйлерден, су қоймаларынан, мал қораларынан және жолдан алыс жерде орналасқан тақыр, арнайы алаң не қора таңдалады. Иттерді топтап жинап, әрқайсысын арнайы қазыққа байлап, бір түн аш ұстағаннан кейін дәрі береді. Ал иттерді емдеу үшін құрттардың түрін, залалдану дәрежесін анықтаған соң нақты дәрінің түрі тағайындалады.

Дегельминтизацияны тек мал дәрігері арнайы киімді пайдаланып жасайды. Иттерді дәрілеуді мамандығы жоқ адамға жүктей салуға, дәріні ит иесіне немесе оның отбасы мүшелеріне тастап кетуге, дегельминтизация жасайтын орындарға балаларды жіберуге болмайды. Пайдаланылған құрал-жабдықтар мен арнайы киімдерді залалсыздандырады. Соңынан қолды мұқият сабындап жуады.

-Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан

Асқар ҚҰСАЙЫНОВ