6.04.2021, 15:50
Қараулар: 588
Құмайлардың қадірін білеміз бе?

Құмайлардың қадірін білеміз бе?

Жүйрік ат, құмай тазы десе, делебесі қозатын қазақпыз ғой. Алайда, қазіргі таңда жүйрік баптап жүргендер көп болғанымен тазы ертіп, қансонарда қоян қуып жүргендердің қарасы шамалы. Көшпелі бабамыз тазының алғырлығы мен қасиетін ескеріп, жеті қазынаның қатарына енгізгенімен бүгінде қазынамыздың қадірі кетіп бара жатқандай. Өйткені тазы асырайтындардың қарасы шамалы.

Тазы – иттің тектісі. Құмай, жалпы тазы тұқымы өте таза, адал жануар болуымен де қасиетті. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген мақал тазыға қаратып айтылмаса керек. Өйткені, ол өзіне арналмаған асқа жуымайтын қасиетімен халыққа сүйкімді болған. Тазыдан иіс шықпайды, жуынды, өлексе жемейді. Тазалықты сүйетін халқымыз тазының осы қасиетін ерекше бағалап, оған ішерге таза ас беріп, үйдің бір бұрышынан орын сайлағаны да тегіннен тегін емес. Тазының кербез де салқын мінезіне сүйсінген бабаларымыз оны ерекше бағалаған. Таза тұқымды иттің қадір-қасиетін біліп, тазы жүгіртіп жүрген жерлестеріміздің бірі  Оралхан Ғаббасов.

-Өз басым жеті қазынамыздың бірі тазының иесіз, далада қаңғырғанын жақтырмаймын. Тазы санаулы ғой. Алайда, қадіріне жетпей қаңғыртып жіберіп, дұрыс күтім көрсетпей жүргендер, баршылық. Қарапайым кәнден итті кезкелген жерден тауып алуға болады. Ал  тазы тұқымын табу оңай емес. Кейбір тазы ұстайтын ағаларымыз бар.  Бірақ, ешқандай күтім көрсетпейді. Аңға салып саят құрмаса да, тым болмаса ас-суын уақытымен беріп, қаңғыбас итке айналдырмай  үйде ұстаса болады ғой. Сосын, басқалар тазы ұры деген қате пікірде дейді, – Оралхан.  Ол тазыны күшіктей алса, үйретуге жеңіл әрі ыңғайлы болатынын айтады.

Оралхан алғаш 13 жасында тазы тұқымын қолға алған. Қазіргі таңда тазы баптап жүргеніне жеті жылға жуық уақыт болыпты. Өзі сынды тазы ұстайтын достарымен жиналып, қансонарда түлкі, қоян қууға шығуды жыл сайын әдетке айналдырған жас саятшы аңшылық өнерге әбден машықтанған.

Замандасымыз тазы асыраудың қиын тұстары бар екенін жасырмайды.

-Тазы, басқа тұқымдастарына қарағанда күшік кезінде әлсіз келеді. Сондықтан үш-төрт айлығына дейін көп күтімді қажет етеді.  Жылы орын, жақсы тамақ әртүрлі ауруларға қарсы екпелерін уақытымен салған жөн.  Тазылар тықыр жүнді, жүндес, шашақ құлақты дене бітімі әдемі болып келеді. Олар жылы ауарайын жақсы көреді. Әсіресе, тықыр жүнді тазылар үшін Жәнібек аймағының күнрайы қолайсыздау. Сол себепті өз басым жүндес, шашақ құлақты боп келетін тазылар түрін асыраймын. Аңыз бойынша бір тазының құны- бір жылқы деген ұғым бар. Қазақстанда осы шашақ құлақтылары кең тараған. Алайда, жойылып бара жатқан тұқым санатында. Олардың ерекшелігі – қашса құтылатын, қуса жететін қасиетке ие. Ұшқын, Ақмоншақ, Сылдыр, Ақбөкен сынды тазыларым бар. Биылғы қыстың өзінде тазыларым он беске жуық қоян, бес-алты түлкі алды.  Алғаш қансорға шыққан уақыттарында ұстаған олжаларын үйге апарып, пісіріп өздеріне береміз. Сол арқылы тазылардың құлшынысын арттыруға тырысамыз -деп, жас саятшы өз тәжірибесімен бөлісті.

Ауыл адамдарының барлығы мал шаруашылығымен айналысады. Үйренген тазы мал қайыруға таптырмас көмекші екен. Бүгінгі күні тазы асырау ісі кенжелеп келе жатқаны жасырын емес. Өйткені  тазыларды сақтап қалу өте қиын, бейнетті жұмыс. Қазақстанда ұлттық тұқым деп мойындалған тазыны асыраудың өзі құмайларды қорғауға, сақтауға қосқан үлес деуге болады.

                                                                                            Бақытжан  СЕРІКОВ