16.06.2021, 15:08
Қараулар: 628
Мүмкіндігі шектеулі отбасы баспаналы болды

Мүмкіндігі шектеулі отбасы баспаналы болды

Жәнібек аудандық «Шұғыла» газет редакциясының ұжымы «Жан жылуы» қайырымдылық жобасы аясында Қамысты ауылының тұрғыны, екінші топтағы мүгедек Гүлзия Мәмбетәлиеваға төрт бөлмелі баспананың кілтін салтанатты түрде табыстады.

Осыдан бір жыл бұрын редакция ұжымы алғаш рет қайырымдылық жобасын ұйымдастырды. Әріптесіміз Гүлзара Төреғалиева зор жауапкершілікті мойынына алып, қайырымдылық шарасын бастады. Аудан бойынша баспанаға қолы жете алмай жүрген мұқтаж адамадардың тізімі жасалып, барлығының жағдайын анықтай келе мүмкіндігі шектеулі ерлі-зайыптыларды таңдадық. Көп кешікпей арнайы есепшот ашылып, қамкөңіл жандардың арманы үшін қаражат жинала бастады.

Қамыстылық Гүлзияның зайыбы Жасұлан Оспанов та екінші топтағы мүгедек. Мүмкіндігі шектеулі ерлі-зайыптылар мекен еткен үй құлау қаупінде тұрды.  2001 жылы отау құрған отбасы пәтерден пәтерге көшіп жүріп, 2008 жылы иесімен бөліп төлеуге келісіп, екі бөлмелі үй сатып алады. Алайда ақшасын екі жылға жуық төлеп келген үйінің іргетасы отырып, қабырғасы жарыла бастайды. Жылдар өте құлауға шақ қалады. Қанша жүгірсе де, мүгедек жан өз атында үй болғасын мемлекеттен кезекпен үй алуға мүмкіндігі жоқ екенін түсінеді.

Қайырымдылық жобаны қолға алғаннан кейін қамкөңіл жанның мекенжайын көзбен көріп, бірнеше рет бейнетаспаға түсіріп, өзімен тілдестік. Гүлзия үйінің жағдайын айтып ешкімге шағымданбаса да үреймен жүргені сезілетін. Үйдің жағдайы сын көтермейді, құлау қаупінде. Қалың қар жауса, төбесі опырылып, түсіп қалуға шақ тұрды. Пандемияның салдарынан көп адам жұмыссыз қалып, қорға ақша жиналмай кідірістер болды. Десек те, осы істі бастаған соң аяқсыз қалдырмайық деген ниетпен елден көмек сұрап, қордың жұмысын жандандырдық. Бұл жерде қайырымдылық іс-шарасын ұйымдастырушы редакция тілшісі Гүлзара Тілекқабылқызының еңбегі орасан зор. Қаржы жинауға біраз уақыт кетсе де, игі іске атсалысқан жандардың арқасында қасиетті Рамазан айында қомақты қаржы жиналды.

Қамысты ауылының тұрғындары, Т.Жароков атындағы, А.Оразбаева атындағы мектептер, аудандық жер қатынастары бөлімі, аудандық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығының ұжымы, кәсіпкерлер Есқайыр Елемесов, Алмаз  Нысанбаев қомақты сома жинап берсе, қалғаны қарапайым халықтың ақшасымен толықты. Осылайша мұқтаж отбасыға Жәнібек ауылынан А.Оразбаева көшесіндегі төрт бөлмелі үйдің кілті бұйырды.

Оларға үйдің кілтін ресми түрде тапсыру сәтіндегі қуаныштарына ортақтасуға аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ғибрат Айтқалиев, кәсіпкер Есқайыр Елемесов берекелі шаңыраққа арнайы келді. Қор өкілдері кілтті табыс еткен соң тәттіден шашуларын шашты. Жақсылыққа ұмтылған жандар арқылы басыбайлы баспана бұйырған ерлі-зайыптылардың қуанышында шек болмады.

Қайырымдылық қазақтың қанында бар. Жанашыр жандар қолда болса басқаның мұқтажын қаржылай шешуден қашпайтынын дәлелдеді. Гүлзияның қуанышы «көп түкірсе – көл» дегенді дәлелдегендей…

Әсемгүл ӘБДІЛДА

«Шұғыла»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар