22.06.2021, 17:44
Қараулар: 618
Ақ халатты абзал жан еді

Ақ халатты абзал жан еді

Жәнібекке балаларымен бет алған сапарым осындағы балдызым Сыналбек Таңатаровтың зайыбы Балдайдың пәни дүниеден өткен аруағына бата ету еді.

Жол апшысын қуырып келе жатқан көлігіміз Казталов ауылынан асып, Тереңкөл ауылдық округінің тұсына тоқтағанда, қыздарым Алтынай мен Айгүл, балам Ренат жолдың екі қапталында жайқала өскен қызылды-сарылы қызғалдақтарды тамашалауға жүгіріп кетті. Мен бұл көріністі Балдайға баладым. Ол да қысы-жазы бір ағарып, бір қызарып, тоңып-шашырап, науқастарға жанашыр болып қызмет еткен адам. Жедел жәрдем қызметінде халықтың алғысына бөленіп, «біздің Балдай» атанды.

Менің зайыбым Таңатарова Айтқаным мен Сыналбек туған ағайынды кісілердің балалары. Ол 1969 жылы Отан алдындағы әскери борышын өтеп келіп, Жәнібектегі аудандық ауруханада медбике болып жұмыс жасап жүрген Балдаймен танысып, 1970 жылы үйленді. Балдай үлкен әулетке келін болды. Ата-енесі Еркебай мен Жолдасқанымның, апа-жездесі Елемес пен Раузаның, қайын ағалары мен абысындары Ермек пен Любаның, Бақыт пен Сәнияның, қайын інісі мен келіні Қайырбек пен Ақзияның бабын тауып, тіл табысып, сыйласты. Олардан өрбіген ұрпақтарға жақсы жеңге болды. Ал осы қайынжұрты оны «біздің Балдашымыз» деп алақандарына салып аялады. Келін болып есікті аттаған алғашқы күннен осындай сыйластықпен өмірден өтті.

Балдай тағдырдың жазуымен жетімдіктің тауқыметін ерте арқалаған, барлық қиындықты мойнымен көтеріп, ерте есейген жан. Ол ананың ыстық, мейірімін, әкенің аялы алақанын сезбейтін жаста жетім қалды. Ол кезде ағасы Ғабит төрт жаста, Балдай екі жаста болды. Ғабитті нағашысы ҒаппарНаукешов қолына алды да, Балдайды нағашы әжесі Тәнзила бауырына басты. Бұл әжесі де Балдайдың жеті жасында қайтыс болады. Енді жетім қалған қаршадай қыздың қамқоршысы болмай, оны Орал қаласының қасындағы Круглоозерный ауылындағы жетім балалар үйіне тапсырады. Осында кәмелеттік жасқа жеткенше тәрбиеленіп, Оралдың медучилищесін бітіріп, фельдшер-акушер мамандығы бойынша дипломын қолына алып, 1970 жылы арнайы жолдамамен Жәнібек аудандық ауруханасына жұмысқа келеді. Осында он жыл акушерка, отыз үш жыл жедел жәрдем фельдшері болып еңбек етіп, зейнеткерлікке шықты.

Сыналбек пен Балдай елу бір жыл отасып, Эльмира, Баян, Менсұлу, Гүлмира есімді төрт қызды тәрбилеп өсіріп, үлкенін есеп жұмысына баулып, кейінгі үшеуін дәрігерлік мамандыққа оқытып, төрт әулетпен құдандалы, Михаил, Алтынбек, Таумұрат, Айболат есімді төрт күйеу балалы болып, осылардан төрт ұл, екі қыз жиендерін көріп, өмірдің бейнетінен зейнетіне көшкенде Балдай пәни дүниеден өтті.

Ауыл адамдары оны аузынан тастамай, жақсы дәрігер маман, ауруға жаны ашып, екі өкпесін қолына ұстап, күні-түні жүгіріп жүріп қызмет ететін ақкөңіл, ақжарқын мінезді еді, — деп еске алады. Әлі күнге дейін жедел жәрдем шақыруымен келетін фельдшер Зүлпатқа ауылдастары әңгімені Балдайдың адами қасиетінен бастайтын көрінеді.

Балдай бұл өте ерекше жан еді ғой. Өзінің міндетті дәрігерлік қызметінен басқа, ауыл ішіндегі өлім-жітімдердің бәріне қатысып, оның ошақ басы мен дастарханын басқаруды қолына алып, рет-ретімен әдемі етіп ұйымдастыру шеберлігі таң қалдыратын, — деп еске алады аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Уәлиев.

-Анамыз көзінің тірісінде абыройлы еңбегімен ел құрметіне бөленіп, өнегелі өмір сүрді. Біздерді тәрбиелеп өсірді, оқытты, қатарға қосты. Артына ұрпақ қалдырды. Жиен-немерелер сүйді. Олардың бал қылығының куәсі болды. Шаттығына кенелді, қуанышына бөленді. Ағайын-туыстың қадірлісі, өз ортасының сыйлысы болды, — деп еске алады қыздарының үлкені Эльмира көзіне жас алып.

-Жатқан жеріңіз жайлы, иманыңыз пейіште шалқысын, біздің Балдайымыз, — дейді барлық ағайын-тумалары, бауырлары, құдалар әулеті.

Аққу құсқа оқ тисе, қанатын суға тигізбес. Ақ сүйекке оқ тисе, көршісіне сездірмес. Ноқталы басқа бір өлім, ақыры бір күні келмей ме? Ажалдың соқса дауылы, өмірдің шамы сөнбей ме? Мына ағайынның ақ сөзі, өлгеніңді тірілтіп, өшкеніңді жандырар, дос көтерер өлімді, бекем бу қарғам беліңді, — деген екен Бөлтірік бабамыз. Бабамыздың көңіл айтқан тілегі осы шаңыраққа бағышталғандай. Балдайдың алдынан жарылқасын. Біз сені ешуақытта ұмытпаймыз.

Қалиолла МҰҚАНОВ,

Орал қаласы