23.06.2021, 9:14
Қараулар: 208
Ең басты міндеті – елге адал қызмет ету

Ең басты міндеті – елге адал қызмет ету

Халық үшін мемлекеттік қызметші қашанда әділдіктің, қарапайымдылықтың имиджі болып келетіні белгілі. Осы орайда мемлекеттік қызметті абыройлы атқарып отырған Күйгенкөл ауылдық округі әкімі аппаратынның бас маманы Зинолла Рахмушевтің еңбегін айтуға болады. Жұмыс сапарымен сан мәрте Күйгенкөл ауылына бара қалсақ Зинолла Жүнісұлы үнемі қуана қарсы алады. Өйткені Кеңес үкіметі кезіндегі тәрбиені көріп, нағыз идеологияны бойына сіңірген ол газеттің нағыз жанашыры. Ол Тәуелсіздік алған кезден бастап елде болған өзгерістер көз алдында өткендіктен де мемлекеттік қызметті абырой санап, ел игілігі үшін қызмет етуді мақсат тұтып, көп жасқа үлгі боп келеді.

Зинолла Рахмушев бұрынғы Қайрат совхозында 1959 жылы дүниеге келген. Ата-анасы Жүніс Рахмушев пен Князь Берекетова алты ер бала өсіріп, тәрбиелейді. Зинолла алты ағайындының екіншісі. Өзінен үлкен ағасына қолқанат, кейінгі інілеріне қамқор болып өседі. Әкесі Жүніс ер балаларын ерте жұмсап, мал шаруашылығына араластырады.  Сол себепті де оның төрт-түлік малға деген ықыласы ерекше болады. Мамандығын да осы малмен байланыстырады. Аудан орталығындағы Т.Жароков атындағы орта мектепті бітірген соң Орал қаласындағы ауыл шаруашылық техникумының зоотехник факультетіне оқуға түседі. Кейін оқып жүріп әскери борышын өтейді. 1982 жылы техникумды бітіріп, зоотехник мамандығын алып шығады. Қолына диплом алған жас маман Т. Жароков атындағы сохоздың №3 бөлімшесіне зоотехник боп жұмысқа тұрады. Алғаш диплом алып, алып-ұшып жаңа ортаға келген сәтін Зинолла ағай күліп еске алады. -Бөлімшеге жұмысқа жібергенде жастықпен  конторда құжат қарап, қағаз толтырып отырамын деп елестеттім. Онымен ойымдағы болмай шықты. Шабандарды аралап, ат үстінде жүрдім. Жұмыс күніміз далада шабандарды аралаумен өтетін. Уақыт өте бәріне де үйрендік. Сөйтіп талай асулардан өтіп, мемлекеттік қызметке келдім. Ең басты міндетім – елге адал қызмет ету болатын. Сол үшін бар күш-жігерімді салып келемін,-дейді ол. Жұмыста еңбекқорлығымен көзге түскен жас маман  1986-1987 жылдары Т.Жароков атындағы совхоздың «Балауса» Жастар комсомол бригадасының жетекшісі болады. 1987-1989  жылдары аталмыш совхоздың №2 бөлімшесі «Көлтабан» ауылында ферма меңгерушісі болып қызмет атқарады. 1989 жылдың қараша айынан бастап Күйгенкөл селолық советінің хатшысы, аға референт, маман, жетекші маман, бас маман қызметтерін атқарып келеді.

1983 жылы күйгенкөлдік Бахытжамал есімді арумен шаңырақ көтереді. Екеуі Гүлзина, Мархаба деген екі қыз, Мейрам есімді ұл тәрбиелеп өсіреді. Бүгінде өз алдына аяқтанған тұңғышы Гүлзина Борсы ауылында ұстаз болса, Орал қаласында тұратын қызы Мархаба медбике. Кенжесі Мейрам әке жолын қуып мал дәрігері боп Күйгенкөл ауылында жұмыс жасайды. Келіні Гүлдара ауылда кітапханашы.  Немерелері Хадиша мен Мұхаммед-әли ата-әжесінің көз қуаныштары.

Ауылдастары ағайдың адалдығына, кәсібилігіне сеніммен қарайды. Сәйкесінше Зинолла ағай да ауыл тұрғындарының әрқайсысының тұрмыс жағдайын, оларды толғандыратын мәселелерді жақсы біледі. Бас маман мемлекеттік қызмет саласын дамытуға қосқан үлесі үшін Тұңғыш Елбасы Н. Назарбаев, ҚР департамент басшысы, әдеп жөніндегі Кеңес төрағасы Ғ. Тұрсынбаев, облыс әкімі Ғ. Есқалиевтің алғыс хаттарымен марапатталған. Бір кездері Күйгенкөлге балаң жігіт боп келген Зейнолла Жүнісұлы үлгілі мемлекеттік қызметші, бақытты ата. Әлі күнге көркем әдбиет оқып, немерлерімен бос уақытын өткізгенді жаны сүйеді.

Әсемгүл ӘБДІЛДА