23.06.2021, 9:20
Қараулар: 370
Тергеу ісінің майталманы

Тергеу ісінің майталманы

Қазақстан полициясы күніне орай мақаламызды маңызды қызметтің жүгін арқалап жүрген тергеуші мамандығына арнамақпыз. Бұл мамандық асқан шеберлікті қажет етеді. Тергеу амалдарын жүргізу қиын жұмыстардың бірі. Аудандағы осындай жігерлі мамандарымыздың бірі – Қуаныш Жұмақаев. Ол тергеу саласында бірнеше қылмыстық істі тергеген, білікті маман иесі. Қуаныш Мұхтарұлы 1988 жылы 24 қарашада Жәнібек ауылында дүниеге келген. 2006 жылы Т.Жароков атындағы орта мектепті тәмамдап, 2007 жылы Семей қаласындағы ҚР ІІМ Семей Заң колледжіне оқуға түсіп, курсант атанып,  2009  жылы оқуын ойдағыдай аяқтап, полиция лейтенанты атағын алады. Кейін Жәнібек аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы лауазымына тағайындалып, алғашқы қызметін бастайды. Содан, 2010 жылы Алматы қаласындағы ҚР ІІМ-нің академиясына сырттай оқуға түсіп, 2013 жылы бітіріп, сол жылы аталған бөлімнің көші-қон полиция тобының инспекторы лауазымына тағайындалады. Бір жыл жұмыс істеп криминалист қызметіне ауысып, 2015 жылы тергеуші лауазымының жүгін арқалайды.  Қазіргі таңда аға тергеуші полиция майоры шенін алды. Тергеуші мамандығы қашан да шынайылық пен төзімділікті, сауаттылықты талап ететіні белгілі.

-Тергеуші қызметінің маңызы мен халыққа жақындығы мені қызықтырды. Біздер қылмыскерлерді бұлтартпайтын айғақтар арқылы, Қылмыстық кодекстің баптарына сәйкес, істі жан-жақты зерттейміз.  Адам тағдырына деген жауапкершілік үшін ақиқаттың ақ жолынан ауытқымау кез келген адамның қолынан келе бермейді де. Тергеу ісінің ыстығына күйіп, суығына тоңған майталман әріптестерімнен тәжірибе жинақтадым. Алдыңа келген түрлі санаттағы күдікті қылмыскермен тілдескенде, бірінші кезекте қатал әрі талапшыл болуың шарт. Көпшілігі өздері істеген қылмыстарын мойнына алмайды. Жасаған қылмысты мойындату үшін айғақтар мен дәлелдер тауып, әрбір істі терең әрі тиянақты зерттегенде ғана, істің соңғы нүктесі қойылады. Тәжірибе мен біліктілікті тең ұстап, әділдіктің ақ жолынан таймау, алдыңа келген әр жанның шынайы бет-бейнесін тану, психологиялық қарым-қатынасты бағыттай білу кез келген заңгердің қолынан келе бермейтін ауыр да жауапты іс. Біз әрқашан қызметте тәжірибе алмасып, тығыз байланыста қызмет атқарамыз. Әрбір жауапты істі жауапкершілікпен нәтижелі аяқтауға асығамыз. Әдетте, тергеуші өзінің қызметтік міндеттерін орындаған кезде үш арнадан бастау алады. Біріншісі – процессуалдық нормалар. Екіншісі – тактика, тергеуші қылмыстың ізін суытпай тез арада ашып, кінәліні анықтау мақсатында өзінің тактикалық жүйесін, әдіс-тәсілін күні бұрын анықтап қоюы керек. Ал, үшіншісі – әдептілік қағидалары.

Бұл дегеніміз тергеушінің тегеуріні мықты болуы керек, — дейді аға тергеуші Қуаныш Мұхтарұлы.

Қызмет барысында Қ.Жұмақаев II дәрежелі «Үздік полицей» төсбелгісіне ие болған. Отбасында ұл мен қыз тәрбиелеп отырған аяулы әке.

Бүгінгі күні қоғамдағы тәртіп пен берекені бұзып, айналаны дүрбелеңге салатын қылмыстар мен құқық бұзушылықтар қатары жеткілікті екені сіз бен бізге мәлім. Ал, қылмыскерлердің жасаған қылмысының ақ-қарасын ажыратып, кінәлілерді анықтап, қоғам тыныштығын күзету жолында қызмет ететін тергеушілердің еңбектері ерен деп айтсақ артық болмас.

Гүлзара ТІЛЕКҚАБЫЛҚЫЗЫ