28.06.2021, 11:42
Қараулар: 183
Газетте жүріп таныстым

Газетте жүріп таныстым

Мен Құмар Дүйсеновпен аудандық газетте жүріп таныстым. Бойы ортадан сәл жоғары, артық қуырым еті жоқ, сыптығай жан болатын. Кейін ағамыздың түрлі деңгейде ұйымдастырылған ақындар айтысына қатысқанын, облыс ақыны екенін білдім. Ол «Орал өңірі» газетінің Жәнібек, Орда аудандарындағы меншікті тілшісі болатын. Екеуміз редакцияның бір бөлмесінде екі үстелдің басын түйістіріп, бірге отырдық. Ара-тұра ағамыз іссапарға шығып, екі ауданның шаруашылықтарын аралап келеді. Келе-сала жыл он екі ай бойы қайталанып келіп жататын мал қыстату, қой төлдету, көктемгі, күзгі далалық жұмыстар, қой қырқу, мал азығын дайындау, егін орағы, қысқа дайындық сияқты науқандық жұмыстар, қала берді солардың басы-қасында жүргендер мен еңбек адамдары туралы көсілтіп мақалалар жазды. Материалдары сол кезде аптасына бес рет шығатын облыстық газетте жиі жарияланып тұратын.

1978 жылдан 1988 жылға дейін меншікті тілші қызметін абыроймен атқарған ағамыз кейін аудандық баспахананың директоры тізгінін ұстады. Еліміз егемендігін алған сонау бір елең-алаң шақта баспахананың да басына қара бұлт үйірілді. Редакция мен баспахананың илеп отырғаны бір терінің пұшпағы болғанмен, тек газет басу ісімен күн көру ұзаққа бармайтынын білген ағамыз қосымша қаржы көздерін іздестіре бастады. Өз ауданымыз бен көршілес аудандардағы кеңшарларды басқарып отырған директорларға, мекеме-кәсіпорындардың басшыларына шығып, олардан шаруашылыққа қажетті түрлі бланкілерге тапсырыстар қабылдады. Сондай-ақ кеңшарлар мен мекемелерден, жекелеген адамдардан түскен тапсырыстарға орай мерейтойлар мен туған күндерге байланысты алғыс және құттықтау хаттар, шақыру билеттерін басып шығарды.

Құмақаң баспахана қызметкерлерінің жағдайын да назардан тыс қалдырмады. Бұл мекеме қорғасынмен жұмыс істейтін зиянды орын саналатындықтан, қызметкерлер үшін арнайы бір бөлме жасақталып, олар жұмыс барысында түрлі шырын (сок) ішіп, жеңіл-желпі тамақтанып отырды. КСРО және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Құмар ағамыз осы баспаханадан зейнеткерлікке шықты. Бес ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан немере-жиендер сүйді. Кейін Орал қаласына қоныс аударып, сонда өмірден өтті.

Өмір жолына үңіліп отырсақ, Қ.Дүйсенов кезінде ауданымыздың В.И.Ленин атындағы ұжымшарында есепші, тракторшы, «Жәнібек» кеңшарында шопыр, есепші, «Ұзынкөл» кеңшарында диспетчер, ауылдық клубтың меңгерушісі, кеңшардың бақылаушы-механигі, ауыл шаруашылығы машиналарының механигі, ферма басқарушысы болған екен. 1973-78 жылдар аралығында Жәнібек аудандық «Октябрь туы» (қазіргі «Шұғыла) газетінде әдеби қызметкер, ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі лауазымдарын атқарған ағамыздың әрі қарайғы еңбек жолы өздеріңізге мәлім.

Асқар ҚҰСАЙЫНОВ