31.08.2021, 17:44
Қараулар: 67
Жусан иісі

Жусан иісі

Ауылға көктем келгенде жер бусап, Жер-Ана көкке оранады. Сол кезде ауылдан жусан иісі аңқиды. Туған жеріміздің  ауасын жусан иісімен байланыстыратынымыз да осыдан. Бұл қасиетті шөп сағыныштың символына айналғандай…

Қазақстан билігі теңдесі жоқ операция өткізіп, Сириядан өз азаматтарын қайтарды. Адасқандарды елге қайтару операциясының «Жусан» аталуы, олардың қайғыдан құса болған ата-аналарымен қауышуы жүректі елжіретеді. Аталмыш операция өмірде ең қымбат – адам, адамның өмірі екенін дәлелдеді. Бүгінде операцияның үш кезеңі талай ата-ананың көңілін сейілтті, көз жасын құрғатты.

Жат сенімнің жетегіне еріп, Сирия асып кеткендердің арасында өзіміздің жерлес сіңіліміз де бар. Жазгүлдің (есімі өзгертіліп алынды) «Жусан 3» операциясымен туған жеріне оралып, бүгінде отбасының, тума-туыстың қасында екенін естіп, әңгімелесуге бардық. Алғаш көргенде оны сұм соғыстың арасынан қашып шыққан жанға ұқсату қиын болды. Аққұба, бота көз, нәзік қыздың қанды қырғынның ортасынан шыққанына сене алмайсың. Жазгүл бізді жылы қарсы алды. Онымен әңгімелеспес бұрын ол туралы бұрынғы ұстаздарынан, ауылдастарынан сұрағанымызда оның биязы, ұяң, тәртіпті, сабақ үлгерімі жақсы оқушы болғанын айтқан болатын.

Имандылыққа бет бұру, әрине, алдымен Алланың қалауы ғой. Дегенмен кейде адамның Исламға келуіне бір оқиғалар, не бір адамдар себепші болып жатады. Әдетте жоғары сыныптың оқушылары бойлары өсіп, дене бітімдерінің өзгергені болмаса, ата-ана қамқорынан шыққанша ештеңеге бас қатыра қоймайтын ойын балалары ғой. Ең бірінші туындаған сұрақ өрімдей қыздың хақ жолына түсуге қандай себеп түрткі болды? Адасу, өкініш, қатігездік, өлім-жітім оның салмақты қалпын өзгертпеген. Өткен өкінішін байыппен, бір қалыпты баяндап отырды.

— Ағам студент еді. Каникулға келген сайын маған діни кітаптар, дәрістер әкеп жүрді. Алланың, Пайғамбардың, тозақ пен жұмақтың хақ екенін айтып жүретін. Ағамның ықпалымен Исламды қабылдадым. Бар арманым – Алланың жолына түсу болды. Оныншы сынып оқып жүргенде намазға жығылдым. Алғашында ата-анам қарсылық білдірді. Кейін сабақ оқуыма ешқандай кедергі келтірмейтінін көргесін, қалауымды, ниетімді қабылдап, түсінгендей болды. Дәрігер болуды армандайтынмын. Сол себепті биология пәнін таңдадым. Ұлттық бірыңғай тестіге тыңғылықты дайындалдым. Жинаған балыма қарап, медицинаға емес, дефектология мамандығына оқуға тапсырдым. Грантқа түсе алмадым. Ата-анам сағымды сындырмай, Ақтөбе қаласындағы жоғары оқу орнына апарып, психология және педагогика факультетінің ақылы бөліміне оқытты. Бірінші курста оқып жүргенде құрбым өзіміздің жерлесіміз, Теректі ауданының намазхан жігіті менімен танысқысы келетінін айтты. Ол кісіні танымағасын мән бермеппін. Орталық базарда ұялы телефондарды оңдайтын жерде жасайды екен. Мені сырттай көріп ұнатқан. Бір күні ағама телефон шалып, маған үйленгісі келетінін айтты. Ағам бірден келіспегенімен, кейін рұқсат берді. Шариғат бойынша үш рет кездесіп, үйлендік. Отбасымның алдынан өтіп, алып кетті,- деді ол.

Жазгүлдің жұбайы ұялы телефондар оңдап, сатумен айналысты. Орал қаласында пәтер жалдап тұрады. 2014 жылы тамыз айында тұңғышы дүниеге келді. Сол уақытта жолдасының телефонына әр түрлі адамдар қоңырау шала бастайды. Кез келген уақытта, әр түрлі нөмірден тыным бермеуді әдетке айналдырады. Бір күні жұбайы оған әлдекімдердің оны Сирия еліне шақырып жүргенін айтты. Бұл елде ислам дінінің талаптары қатаң сақталатынын, емін-еркін жұмыс жасап, мол қаражат табуға мүмкіндік бар екенін, бәрі шариғат заңымен жүретінін айтып, қызықтырды. Жұбайы жалғыз анасының тәрбиесінде болып, жоқшылықтың дәмін татып, балалығы пәтерден пәтерге көшумен өткен. Сондықтан да шығар, Сириядағы өмірді айтқанда көзі жайнап кететін. Жазгүл бірден келіспейді. Бірақ күйеуі егер ол бармай елде жалғыз қалса, баланы тартып алуы немесе екеуін де өлтіруі мүмкін екенін айтты. -Бойымды қорқыныш биледі. Жолдасымнан қалмау керек деп шештім. Қыркүйек айы болатын. Самарадан ұшаққа отырып, Түркияның Анталия қаласына жеттік. Анталияға түскеннен кейін таксимен автобекетке барып, Стамбулға билет алдық. Стамбулда бізді арнайы адамдар күтіп алды. Дәл сол күні әр мемлекеттен келген неше түрлі ұлт өкілдері болды. Үндістер, америкалықтар, қырғыздар мен өзбектер, шешендер де бар. Әйелдер мен ерлерді екі бөлек пәтерге орналастырды. Екі күннен кейін автобуспен барлығымызды Казантип қаласына алып шықты. Кейін Чарабус деген жерге орын тептік. Ер азаматтарды бөліп басқа жаққа алып кетті. Ішінде менің де жолдасым бар. Ол қайтып келетінін айтты. Біздерді Ракка қаласына әкелді. Басымызда жүрген орыс ағай еді. Орыс тілінде сөйлей алатын тек мен болғасын, мені ұлыммен өз үйіне алып келді. Сол кісінің отбасымен бірге тұрдым. Ол бізге өзі тұрып жатқан үйдің екінші қабатынан бөлме берді. Төлемақы алып тұрдық. Ақшаны доллармен алып тұратынбыз. Күйеуім екеуміздің әрқайсымызға 100 доллар, баламызға 50 доллардан беріп отырды. Тамағымызды алып, арабша үйрене бастадық. Басында ештеңе ұқпадым. Шариғат үстемдік құрған жерде тұрып жатырмыз десек те, берекесіздік, бомбаның дауысы күмәнді ойларға жетелей бастады. Кейін адам өлігі, суша аққан қанды көзбен көрдім. Қалада зина жасаған немесе басқа да күнәға батқан адамдардың өлген денесін бір күн бойы көшеге іліп қояды. Жолдасым бір айдан кейін келді. Бір күн болды да, ертесіне тағы алып кетті. Бәрін өз көзіммен көрдім. Қараша айында бізді, яғни әйел адамдарды Шадат ауылына ер адамдар келіп алып кетті. Үгітшілерден бөлек, кімнің қайда тұрып, қайдан көшетінін реттеп отыратын адамдар бар. Шадатта жолдасым күтіп алды. Жолдасым әскери дайындықтардан өтіп жүрді. Ақыры  мамыр айында соғысқа аттанып, сол кеткеннен оралмады….

Жазгүл құшағындағы баласымен қазақстандық жалғызбасты келіншекпен бірге тұрады. Бір жерден екінші мекенге көшіп-қонып жүргенде құжаттары жоғалды. 2016 жылы қазақстандық әйел өзінің ұлына тұрмысқа шығуын өтінеді. «Мен келісім беріп, сол отбасымен бірге болуды жөн санадым. Ол кісінің үш баласы болды. Өзі Қазақстанның азаматшасы болғанымен, балалары Қырғызстанда дүниеге келген. Екі тілде, яғни қырғызша, қазақша сөйлей береді. Үлкен ұлына әйел болдым. Олардың жасап берген құжаттары арқылы ресми некелестік. Бір отбасы болып күн кештік. 2018 жылы ақша тоқтатылды. Жолдасым машина жөндейтін еді. Жұмыстан аздап ақша, азын-шоғын тамақ беріп тұрды. Сол ақшаны барлығымызға жеткіземіз. Осы жылдан бастап жағдайымыз мүлдем қиындап кетті. Кәдімгідей соғыстың ішінде жүрдік. Айналаның бәрі қызыл жалын. Екінші жұбайымнан тағы бір ұлым дүниеге келді. Алайда ғұмыры ұзақ болмады. Оққа ұшты. Ол сәтті есіме алғым келмейді. Жарақат алған адамдарды емдейтін аурухана, дәрі-дәрмек жоқ. Адамдар арам өліп жатты. Енемнің дәрі-дәрмек салынған қобдишасы бар болатын. Үнемі өзімен бірге алып жүрді. 2019 жылдың ақпан айында күрдтердің қолына өттік. Бұл лагерьде үш айдай болдық…», -деп Жазгүл алдында отырған сәбиін құшақтады.

Мамыр айының соңында «Жусан-3» операциясымен елге оралған сіңіліміз үшінші ұлын туған жерде босанды. Бейбіт өмірде дүние есігін ашқан сәби анасының алдында еркелеп, біздерге күліп қарайды. Былдырлап бірдеңе айтқысы келеді. Ал жөргекте жатқанында ата-анасының адасуымен айуандық пен қатыгездіктің ортасына кеткен тұңғышы мектеп жасына жетті. Даярлық тобына барып, партаға отырды. Жолдасы Қырғыз елінің азаматы болғандықтан қан майданда қалып қойды. Туған елден жыраққа аттанып, от басқанына өкінетін Жазгүл Қазақстанның «Жусан» операциясына шексіз риза, қарыздар. Оның мақсаты көп. Әзірше кішкентай балаларын өсіріп, алаңсыз білім алуларына жағдай жасау. Ата-анасы өзектен тепкен жоқ. Қолдап, қыздарымен аман-есен қауышқандарына шүкіршілік етеді.

Кез келген адам қателеседі. Өйткені біз пендеміз. Тек тәубеге келіп, өкінгендерді қоғам табаламаса екен. Ислам діні қашанда бейбітшілікті көздеген. Соғыс пен исламды қатар қойып, кінәні діннен іздеудің қажеті жоқ. Кінәлі – адам ғана.

Әсемгүл ҚУАНҒАЛИЕВА